Алтын Орда хандары және ислам
XIII ғасырдың 40-шы жылдары басында құрылып, XVI ғасырдың алғашқы жылдарына дейін өмір сүрген Алтын Орда империясының Еуразия құрлығының шығыс бөлігіндегі алар орны ерекше. Үш жарым ғасырлық тұрмысында Алтын Орда өзінен бөлініп шыққан – Қырым, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ақ Орда, Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы секілді кейінгі ортағасырлық мемлекеттер арасында зор маңызға ие.
Алтын Орда тарихындағы әрбір мәселенің бүгінгі күндері өзектілігі өте жоғары. Соның қатарына Алтын Орда хандарының ислам дініне байланысты ұстанған көзқарастары мен жүргізген саясаттары жатады. Соған байланысты біз XIII ғасырдың екінші, XIV ғасырдың бірінші жартысындағы Алтын Орда хандарының ислам дініне қатысты ұстанымын сөз еткелі отырмыз.
Жошы ханның екінші ұлы, әрі мұрагері Батый ханның батысқа жасаған жеті жылдық жорығының нәтижесінде Моңғол империясының аумағы батыста Дунайға дейін кеңейеді. Оның құрамындағы Жошы ұлысы империяның ең аумағы кең бөлігіне айналады. Жошы Ұлысы немесе Алтын Орда алғашқы құрылған күннен бастап Батый хан қоластындағы және тәуелді халықтар мен елдерге қатысты өзіндік, оның ішінде діни бағытты қалыптастырады. Бұл орайда сол дәуірдің тарихшыларының бірі мынадай сипаттама береді: «Ол (Бату) өте әділетті адам және мұсылмандардың досы болды, қамқорлығы арқасында мұсылмандар өздерін еркін сезінді. Оның ордасы мен жанында мешіт салынып, имамы, муэззины, намазға жығылатын қауымы болды. Патшалық тұсында және оның тірі кезінде мұсылман елдеріне ол жағынан, оның қоластындағылар әскері тарапынан ешқандай жаманшылық болған жоқ. Түркістан мұсылмандары оның қорғаштауы арқасында тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүрді». Келесі бір араб авторы Батый туралы: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді, оларды тек Құдайшылықты танудың жолы деп түсінді. Сөйтіп, ешбір секта мен дін ағымының жолын қумады», – деп жазады. ХІІІ ғасырдағы армян тарихшысы Киракос Гандзакеций болса Батыйдың тек мұсылмандарға ғана емес, сонымен бірге басқа да діндегі адамдарға, оның ішінде саудагерлерге жақсы қарағандығын айтады. Келтірілген деректер Алтын Орданың негізін қалаушы әрі алғашқы ханы Батыйдың дінге қатысты көзқарасы мен ұстанымын көрсетеді. Қарақорымда Ұлы қаған Гүйік христиан дініне бет бұрып, мұсылмандарға қолдау көрсетпесе, Сарайда керісінше мұсылмандар хан тарапынан қысымшылық көрмеді. Дәл сол секілді басқа діндегілер де шетқақпайлыққа ұшырамады. Бұл Батыйдың нақты бір дінді қабылдамаса да, сабырлылығын, шыдамдылығын көрсетеді. Жазба деректер Батый ханның әкесі Жошының жаулап алушы болса да, діни ұстанымдар жағына келгенде, «мұсылмандарға көмек көрсетуді қолдайтынын» жазады. Алтын Ордада Батый хан тұсында діни еркіндік жақсарғанын ханның ұлдары мен інілерінің әртүрлі дінге кіргендігінен аңғаруға болады. Мысалы, Батыйдың үлкен ұлы – Сартақ христиан дініне енсе, туған інісі Берке мұсылман дініне бет бұрған.
Алтын Ордада Батый ханнан кейін христиандық жолды ұстанған, оның ұлдары Сартақ пен Ұлақшыны Қарақорым қолдаса да, олардың билікке келе алмауын Сарайдағы басқарушы топ арасында мұсылмандық топтың күшейгенінен деп түсінеміз. Алтын Орданы билеушілер арасында мұсылмандықтың күшеюі нәтижесінде билікке Берке хан келеді. Оның тақты иеленуіне басқа да жайттар әсер етуі мүмкін, бірақ ислам факторын алдыңғы қатардың біріне қоямыз. Беркенің Сарайда хан болуы барысында исламның бүкіл Алтын Орда аумағында кең түрде таралуына, билеуші тап арасында оның ықпалының артуына жол ашылады. Берке ханның жеке басының мұсылманшылығы туралы сол заманның тарихшылары мен ХVІІ ғасырға дейінгі авторлар жағымды пікір айтады. 1279-1333 жылдары өмір сүрген араб тарихшысы ан-Нувейри: «Ол Солтүстік мемлекетінің (Алтын Орданы айтып отыр – Б.К.) төртінші билеушісі. Берке мұсылмандықты қабылдады және оның мұсылманшылдығы керемет болатын. Сенім туын жоғары ұстап, мұсылмандық дәстүрді енгізді, дін басыларына құрмет көрсетті, оларды өзіне жақын тартып, жанында ұстады, олармен достасты, мешіттер мен медреселер салдырды. Шыңғыс хан ұрпақтары ішінде бірінші болып исламды қабылдады. Халқының көп бөлігі де исламға ден қойды. Оның әйелі Джиджек-хатун да мұсылман болды, шатырдан мешіт салдырып, өзімен бірге алып жүрді», – деп жазады.
Жоғарыда келтірілген деректер бойынша Берке ханның өзі әйелімен, билеуші әулеттің, жоғарғы биліктегі әмірлердің басым бөлігі хан секілді исламды қабылдайды. Сол сияқты Дешті Қыпшақтың тұрғындары да бұл процестен тыс қалмайды. Алтын Ордадағы тұрғындардың қанша проценті Берке хан тұсында мұсылман болғандығын дәл айта алмасақ та, жергілікті халық арасында исламның рөлі өсіп, ықпалының артқандығы байқалады. Берке ханның діни саясаты Алтын Ордада ислам дінінің орнығуы мен бекуіне мықты негіз қалайды.
Ислам дінінің Дешті Қыпшақ аумағында күшеюі, басқа рухани құндылықтардан жоғары тұруына алып келді. Үстемдікке жеткен ислам діні бүкіл Дешті Қыпшақ аумағындағы барлық тұрғындар, көшпелі тайпалар, қалалық тұрғындар үшін де ортақ кеңістік қалыптастырды. Бұл рухани кеңістіктің ортақ құндылықтарына: Аллаһ, Мұхаммед пайғамбар, Құран, шариат, хадистер, Мекке, Медине, Қағба және тағы басқа ислам дініндегі қасиетті ұғымдар жатты. Мұсылмандықты қабылдау арқылы көптеген тайпалар бұрынғы шамандық негіздегі дүниетанымынан, этикадан, моральдан ажырап, жаңа ислам өркениетіне бет бұрды.
1266 жылы Берке хан қайтыс болғаннан Алтын Ордада Өзбек хан таққа келгенге дейінгі уақыт ішінде исламға Берке хандай қолдау көрсетуші болмады. 1266-1282 жылдардағы хан Мөңке Темірдің (Менгу Темір) діни көзқарасы жөнінде араб деректері ешқандай мәлімет бермейді. Бірақ Берке хан тұсында кең дамыған Алтын Орда мен Египет арасындағы қарым-қатынас жалғаса береді. Араб деректерінде Мөңке Темір хан туралы өте аз айтылуын оның мұсылман дініне кірмегендігінен деп білеміз.
Алтын Ордада исламның толығымен және түпкілікті түрде жеңіске жетіп, мемлекеттің ресми дініне айналуы – тікелей Өзбек ханның есімімен байланысты. Бұны араб және парсы тілдеріндегі дереккөздерінен аңғарамыз. Өзбектің билікке келер қарсаңында Сарайдағы билеуші топ арасында діни мәселелер бойынша екі топ болған секілді. М.Г.Сафаргалиевтың дәлелдеуі бойынша, шамандықты ту еткен дін басылары мен қалалық саудагерлер өкілдерінің ықпалы күшейген.
Ислам дініне қатысты көзқарастар мен саясатты Жошы ұлысының сол қанатындағы тарихи дамулардан да байқауға болады. Орда Ежен ұлысының билеушілері Орда Еженнің, Күнқыранның, Қонышаның (Куйнджи), Баянның қандай дінде болып, қай дінге қолдау көрсеткені туралы айтылмайды. Дегенмен де олар Батый, Мөңке Темір, Тоқтай хандар секілді ислам дінін қабылдамай-ақ, мұсылмандарға қолдау көрсеткені байқалады. Оған Жошы ұлысының бір бөлігі бола тұрып, Сарайдағы хандардың билігіне толық мойынсұнуы және ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, ұлыстың құрамындағы Сыр бойы қалаларының қайтадан қалпына келтіріліп, гүлдене бастауы жатады. Бұған дейін айтылғандай Батыйдың мұсылман саудагерлеріне қолдау көрсетуі, Беркенің исламға өтіп, оған кең қолдау жасауы Алтын Орданың батыс бөлігіне ғана емес, бүкіл Ордаға қатысты болды. Ал Сыр бойындағы қалалардың қалпына келтіріліп, гүлдене бастауы – ұлыс билеушілерінің сол өңірдегі тұрғындарға қамқорлығынан деп түсінеміз. Өңір тұрғындары моңғол жаулап алушылығына дейін мұсылман болғандықтан, өңірдің гүлденуіне ордаежендіктердің дінді қолдауының да қатысы бар. Алтын Ордадағы Тоқтай мен Өзбек хандардың тұсында Орда Ежен ұлысын басқарған Сасы Бұқа ханның (1320-1321 жылдары) Сыр бойындағы әскери, әкімшілік және діни орталық болған қала – Сауранда жерленуі, оның ислам дініне өте жақын екенін көрсетеді. Оның ұлы Ерзен хан туралы Муин ад-дин Натанзи: «Ол өте ақылды, діндар, алғыр және дінді құрметтейтін патша болды. Отырар, Сауран, Женд және Барышкенттегі медреселердің, ханакалардың, мешіттердің, басқа да қайырымдылық ғимараттардың көбін салғызды. Ол 745 жылы (1344/1345) қайтыс болып, денесі Сығанақ қаласында жерленген», – деп сипаттама береді. Ерзен ханның ислам дініне қолдау ретінде жүргізген бұл іс-әрекеттеріне қарап, оны Орда Ежен ұлысының «Өзбегі» деуге болады.
Жалпы Орда Ежен ұлысының ХІІІ-ХІV ғасырдың басындағы дамуын Алтын Ордадан бөліп қарамаймыз. Осы кезеңде Алтын Ордадағы барлық процестер, оның ішінде ислам дініне қатысты мәселелер де Орда Ежен ұлысына да ортақ құбылыс. Біз Дешті Қыпшақ аумағындағы моңғолдық және Моңғолия аумағынан қоныс аударған түріктік этнокомпоненттердің ХІІІ-ХІV ғасырлардағы қыпшақтану процесіне ислам дінінің ықпалын анықтау барысында, алдымен ислам дініне Жошы ұлысындағы билеушілердің қатынасын көрсетуге тырыстық. Жазба деректерге талдау жасай келе Батый ханнан Өзбек ханға дейінгі Алтын Орда билеушілерінің исламға деген көзқарастарын бірнеше топқа бөлеміз.
Біріншісі, мұсылмандықты қабылдамаса да, ислам дінінің Алтын Орда аумағында таралуына қарсы болмағандар. Олар – Батый, Мөңке Темір, Тула Бұқа, Тоқтай хандар.
Екіншісі, мұсылманшылдықты қабылдап, ислам дінінің Алтын Ордада орнығып, кең таралуына ықпал еткен Берке, Туда Мөңке және Өзбек хандар. Біз бұл топқа Орда Ежен ұлысынан Ерзен ханды да жатқызамыз.
ХІІІ ғасырдың басынан ХІV ғасырдың ортасына дейінгі бір ғасырлық тарихи кезеңде ислам дінінің Алтын Ордада орнығып, таралуына және ресми мәртебе алуына хандардың ислам дініне қатысты көзқарастары мен жүргізген саясаттары маңызды рөл атқарды деген қорытындыға келеміз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы