Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Күн, ай, от және су туралы тыйым сөздер

Күн, ай, от және су туралы тыйым сөздер

Алла тағала адам баласы жарық көрсін, жылу алсын деп күн мен айды жаратқан екен. Ал ертедегі қазақтар көшіп-қону, малды төлдету, емшілік, ораза ұстау, ауыз ашар, намаз оқу, ауа райын болжау – бәрін де күн мен айға байланысты тындырып отырған.

Жаңа туған айды көргенде: «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке!», – деп бет сипаған. Үлкендер күнге, айға және құбылаға қарап дәрет сындыру Аллаға тәніңді көрсеткенмен бірдей деп тыйым салған.
Қазақтар отты ең жоғарғы, қасиетті нәрсе деп санаған. Үй иесінің «Отағасы», әйелін «Отана» деп санауда да үлкен жылылық жатыр. Отбасы аман, берекелі, ынтымақты болсын деп тілейді. Жас түскен келін босағаны аттамастан бұрын отқа май салып, «От ана жарылқа!» деп тілеген. Отты шашу, отқа түкіру – отбасының берекесі кетсін, отағасы мен отана халықтан қарғыс алып, ел беттеріне түкірсін деген жаман ырым.
Ертедегі қазақтар малдары төлдеп болғанша, жас баланың кіндігі түскенше басқаларға от бермеген, үйден от алып шықпаған.
Бұлақтың тұщы суы былай тұрсын, шөл қысқан кезде ағып жатқан өзен, теңіз суларымен де таңдай жібсітіп, өмірін сақтаған. Бұрынғылар «су ішкен құдығыңа түкірме» деп, кейбір ерсі сөйлеп, тәкаппарлық жасаған, қонысын өзі менсінбегендерге айтқан. Қара суды сапыру – «ішерге ас қалмады» деген жаман ырымды шақыру. Біреуді қарғаса: «Қара қазанның қасында қара су сапырып қалғыр» деп сөйлеген.
Қазақтар жас босанған келіндерін түн ішінде «ауырып қалады» деп суға жібермеген. «Құдықтан су тарту – белін тарту» деген нанымда болған. Яғни «құрсақсыз қалады» деп жаман ырымға балаған. Кейбіреулер «ананың сүті қайтып кетеді» деген. Жалпы ұлттық ғұрыпта түн ішінде су алуға құдыққа не бұлаққа барғанда: «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим, Су иесі Сүлеймен, су алуға рұқсат ет», – деп бақыр тиынды, не күні бұрын жуып-тазалап қойған майда тасты суға тастайды да содан кейін шелектерін суға батырған екен.
Су туралы бір аңызда жас келін асыға келіп су алғанда, шелегі қанға толып шыққан десе, енді бірінде шелегін суға сала бергенде су перісі қолын ұстап қалыпты дейді.
Қазақтар судың тіршіліктегі маңызын біліп суды үнемдеп ұстауды, «бұлақ көрсең көзін аш» деп ертеден балаларына айтып келген. Ал қазіргі өмірде су құбырларынан бостан-бос ағып жатқан тіршілік нәрін немесе су құбырын балалардың ойыншыққа айналдырып жатқанын көрсек те жақ ашпай, қастарынан өте шығамыз. Тіпті моншаға жуынуға барған бала түгілі үлкендердің суды рәсуа етіп жатқанын көріп, «шіркін-ай» ертедегі өткен бабалардың: «Судың да сұрауы бар» деген тәрбиелі сөзін моншаның кіреберісіне неге қағып қоймайды екен?» деп те ойлайтынымыз шындық.
Сахи БАХИҰЛЫ
16 маусым 2020 ж. 7 626 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930