Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдың адамға әсері қандай?

Айдың адамға әсері қандай?

Жердегі тіршілікке айдың ықпалы мол. Ол жерге жақындағанда ірі су апаттары тіркеліп отырады. Ай жыл сайын қашықтап тұрады. Ол ғайып болған жағдайда теңіздер мен мұхиттар буырқана тасиды екен. Оның магниттік өрісі адамдарға әсер ететіндігі ежелден белгілі. Айдың осы бір ғажайып қасиетін ежелгі пәлсапашылар мен ойшылдар айтып кеткен. Олар жарықтың тірі және өлі табиғатқа қалай байланысатынын зерттеп, астрономия, астрология және жаратылыстану ғылымдарының негізі қалануына себеп болған.
Ай қазақы түсінікте тіршілік цикліне ­байланысты атқарылған салттар, ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесінде ерекше орны мен мәні бар аспан денелерінің бірі. Ал халықтық астрономия мен метеорологиялық тәжірибенің ең іргелі саласы оған қатысты қалыптасты. Бұл қазақтың исламға дейінгі байырғы дүниетанымындағы киелі рух иесі ретінде мінәжат етілген аспан денесі.
«Ай көрдім, аман көрдім» деген тұрақты сөз тіркесінде көрініс тапқан айға тәу ету осыған байланысты ежелгі наным-сенімдер және үзбей атқарылатын ғұрыптар саналған. Айға сәлем беру үрдісі туралы Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Ертеде қазақтар жаңа туған айға тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжат етеді. Жаздыгүні болса, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды», – деп жазды. Ғұрыптың мәні – әулетім оттай қаулап өсе берсін, пәле-қазадан аман болайық дегенді білдіреді. Сондай-ақ айға қарап: Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке! деген сынды тілек тілеп, бет сипайды.
Халық тіліндегі “Ай қорғалау”, “Ай желіну”, “Ай тұтылу”, “Ай қарақшысы”, “Ай арасы”, “Толас болу”, “Туар ай”, “Туар айдың жаңасы” сияқты айға ­байланысты қолданылатын тұрақты тіркестер мифологиялық сенім негізінде қалыптасты. Жаңа туған ай мен толған айды құрметтеу нышаны оған қатысты қалыптасқан ұғымдарда көрініс береді. Толған ай мен жаңа туған айға байланысты ерекше ғұрыптар мен наным-сенімдер жүйесі құрылды. Сондай-ақ ай сұлулықтың символы да болды. Дәстүр бойынша нәрестенің немесе сұлу қыздың жүздерін жаңа туған айға немесе толған айға балап айту ең көп ұшырайтын дәстүрлі теңеу болып табылады.
Бүгінгі күнге дейін Айға байланысты түрлі ырымдар халық ішінде сақталған. Мәселен, ескі нанымға орай күн батқаннан кейін, айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды. Егер бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін ай сәулесі түспейтіндей етіп, көлегейлеп жабу керек. бұл шарт орындалмай, сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Сөйтіп мал желін ауруына шалдығып, «ақ болып кетеді» деп сенген.
Сонымен қатар айды қолыңмен көрсетпе, ай сәулесін бетіңе түсіртпе, ай толғанда желі тартпа, жаңа ай туғанда қойға қошқар жіберме, ай толғанда көшпе, қыз ұзатпа, үй тікпе деген тыйымдар осы аспан денесіне қатысты өрбіген әдет-ғұрыптардың күрделі болмысын айғақтайды.
Ежелгі жұрт толған айдың сәулесі басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға әсер етеді деп тұжырымдаған. Ай толған кезде жалаңбас далаға шығуға, сыртта ұйықтауға, айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды деген. Айға қарап дәрет сындыруға тыйым салынды. Себебі бұл рухты шамдандырады, тыйымды бұзған адам ауру мен кесірге тап болады. Шаңырақ көтермеген бозбала мен тұрмыс құрмаған бойжеткен бедеулікке ұшырайды.
Байырғы мифологиялық түсінік бойынша, ай тек адамға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп есептелінген. Тіршіліктің түпқазығы төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғаттың өзге құбылыстарына емес, тек айға ғана теңеуі халықтың оны ерекше құрмет тұтып, мал басының амандығының кепілі деп есептеген наным-сеніммен тығыз байланысты. Ай жаңарғанда теміреткі, жара, қышыма тәрізді кейбір тері аурулары да қозатындығын халық аңғарған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 мамыр 2020 ж. 10 293 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 64

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 55

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 54

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930