Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-сау жүрші
Ғ.Мұратбаев ауылдық кітапханасында «Қартың болса халқыңмен, бөлісуге жарар салтыңмен» атты кездесу кеші өтті.
Ауыл әкімінің орынбасары Әбжәми Қалиев қарттарға мерекелік тілегін арнады. Кітапхананың тұрақты оқырмандары, ауыл ақсақалдары зейнеткер ұстаз Қалибек Мұсаұлы, Нұржаубай Құдабаев және Комсомол сыйлығының лауреаты, Ленин орденінің иегері, зейнеткер ұстаз Күнділдә Төлеген қатысып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керектігін жастарға жеткізді. 6 сынып оқушылары Ақтоты Абзал, Аяжан Кәти, Гауһар Хамза өлең шумақтарын нақышына келтіріп оқыса, 5 сынып оқушысы Ақсезім Сақан күмбірлете күй тартты. №15 Балдәурен балабақшасының көркемдік жетекшісі Гүлнар Жаманқара және №91 мектептің мұғалімдері Гүлнұр Төлегенова және Гүлназ Қосжанова ақсақалдарға мерекелік лебіздерін білдірді.
Кеш соңында қарияларымыз жастарға батасын берсе, кітапханашы кеште белсенділік танытқан жас оқырмандарға аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарованың Алғыс хатын және қонақтарға сый-сияпатын салтанатты түрде тапсырды.
Әйгерім СМАҒҰЛОВА
* * *
Қарттар күніне байланысты Қазалы аудандық «Әли Мұса» мешітінің ұйымдастыруымен Қазалы ауданындағы мешіт ақсақалдары арасында «Ахлақ – тәрбие негізі» атты білім сайысы болды.
Адамның рухынан орын алған әдеттер туралы жарысқа 25 ақсақал қатысып, өзара білім жарыстырды. Олар жас ұрпаққа көрсетер өнеге-білім мен жылдар бойы жиған мол тәжірибелерін ортаға салып, береке үлкендермен бірге екендігін жеткізді.
Жарыстың қорытындысы бойынша өзгеден озық шыққан Дөңес Ізмағамбетов бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынға Қадірбек Бекетов ие болды. Үшінші орын Үсен Бишековке бұйырды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар диплом және Құран Кәрім кітабын сыйлады.
Шарада 5-ші квартал аумағы ақсақалдар қауымдастығының төрағасы Аман Дінахметов және Жанқожа мешітінің наиб имамы Бахтияр Саламат сөз алып, өнегелі іс одан әрі жалғасын табатынын айтты.
Жәмшит СҮГІРБАЙ,
Теміржол саласының ардагері
* * *
Қарттар күніне орай Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік шара өтті. Онда музей жанынан құрылған «Өнеге» бірлестігінің төрағасы Малкайдар Дүйсен еңбек ардагерлерін құттықтап, бірлестік мүшелері атынан құттықтау хаттар табыс етті. Сондай-ақ, Қазалы қаласы әкімі аппаратының бас маманы Өркен Өтеген қарттарға тілегін білдіріп, қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Бірлестік мүшесі, ардагер, ұстаз Қазыбай Саниязов, музей қызметкері Әлібек Сералы ардагерлердің құрметіне жырдан шашу шашты. Осы күні музей ішінен ашылған «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және қобыз» атты көрменің лентасы қиылды. Көрмеде Қорқыт ата туралы жазылған кітаптар, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан қобыздар және тарихи фотосуреттер қойылған.
Көрмені таныстырған музей қызметкері Әлібек Сералы:
«Қорқыт бабаның көп туындыларын, аңыз әңгімелерін, мазмұнын, шығу тарихын жұртшылыққа жеткізген өнер иесі, мұрагері – Нышан Шаменұлы. Қорқыт күйлерінің көбісі сол кісінің айтуы және орындауы бойынша қобызшы Мұсабек Жарқынбеков арқылы жазылып алынған. Бірнеше күйлері М.Жарқынбековтың «Ғасырлар үні» оқу құралында және Қорқыт шығармашылығына арналған тұңғыш «Елім-ай» атты жинақта жарық көрді», – деді.
Музейдегі көрмені тамашалауға келгендер түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы, Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелер мен тың деректерге қанығады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
* * *
Жылдағы дәстүр бойынша Қазалы локомотив жөндеу зауыты биыл да қарттар күнін атап өтуді ұмыт қалдырмады.
«Қарты бар елдің – қазынасы бар» атты салтанатты шараны зауыт директоры Нұрлан Әлмағамбетов құттықтау сөзімен ашты.
Мекеме басшысы өз сөзінде мемлекеттегі қарттарға көрсетілетін қамқорлық аясының жыл санап ұлғайып келе жатқанын жеткізіп, дария кеуде, тау мүсін, еңбектен бақытын тауып, бүгінге үлгі болып отырған қазыналы қарттарға тілектестігін білдірді.
Ізгілік пен құрметке негізделген атаулы мерекеге жиналған ардагерлерге кең дастарқан жайылып, сый-сияпат жасалды. Өздеріне көрсетілген құрметке разы болған үлкендер алығысын білдіріп, ақ батасын берді.
Бұл күні зауыт әкімшілігінің мәжіліс залында «Қазалы локомотив жөндеу зауытының ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының» төрағасын сайлау жиналысы өтті. Жиында зауыттан зейнет демалысына шыққан Серік Асанханов, Зият Байтілесов, Еділбай Ермекбаев, Шарапат Жандосов өз ойларын ортаға салды.
Көпшілік ұйғарымымен ұжымда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жауапты цехтарды басқарып, депоның мәдени-рухани, қоғамдық-саяси өміріне үлес қосқан, өнегелі өмір жолы мен зор еңбегімен еленген Мырзағали Оспанов зауыттағы ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы болып сайланып, қоғамдық жұмыста да түйінді мәселелерін шешуге зор үлес қосатынына сенім білдірілді.
Қанай ЖАМБЫЛОВ,
Қазалы локомотив жөндеу зауытының қызметкері
* * *
Қазақ қарты жасына лайық, аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне, осындай теңеуге лайық қариялардың мерекесінде Жанқожа батыр ауылындағы №24 «Жауқазын» бөбекжай балабақшасында «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Кешке әйелдер кеңесі жанынан ұйымдастырылған «Асыл әжелер» тобы қонаққа келді. Балалар қарттар, ата-аналар, әжелер туралы тақпақтар, «Мерекені қарсы алып», «Ата-ананы тыңдаймыз» әндерін айтты. «Гүлдер», «Қарттық биі» (ер балалардың орындауында) билерін билеп, әжелерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
М.Мақатаевтың «Қарттық» атты өлеңін Кәусар Шынболат мәнерлеп оқыды. Асыл әжелер халық әні «Бүлдірген», «Той бастар», «Туған ел» және әже Ш.Қалдаяқовтың әндерінен «попури» орындады.
Маңдайлы әже мерекеге тілек айтып, батасын берді. Қонақтарға сый-құрмет көрсетілді.
С.ЕРІМБЕТ,
Жанқожа батыр ауылдық әйелдер кеңесі төрайымы
* * *
«Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де 1 қазан Қарттар күніне орай «Үлкенді ардақтау – абыройлы іс» атты қызмет алушы қарттарға арналған мерекелік кеш өткізілді.
Кешті мекеме басшысы Жаңабай Жакенов мерекелік құттықтау сөзімен ашты. «Қарты бар елдің қазынасы мол» демекші, қарттарға құрмет көрсетіліп, мекеме басшысының өз қолынан сый-сияпаттар табыс етіліп, мерекелік ән шашу тарту етілді. Қарттар атынан қызмет алушы Бүркіт Рахимов ағамыз сөз алып, мекеме басшысы мен өнерпаздарға ризашылығын білдірді.
Қуаныш ӨТЕГЕНОВ