Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрбан айт қабыл болсын!

Құрбан айт қабыл болсын!

Құрбан айт
Дініміз исламда құп көріп бекітілген екі ұлы мейрамның бірі – «Құрбан айт». Араб тілінде «ид ал-адзха» деп аталатын Құрбан айт, жыл сайын хижра жыл санауы бойынша зулхижжа (12- айы) айының 10 күні тойланады. Діни жоралғы бойынша Құрбан айт 4 күн тойланғанымен зулхижжаның 10, 11, 12 күндері «айиам ун-нахр, яғни құрбандық шалуға рұқсат етілген күндер» деп аталады. Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн, яғни зулхижжа айының 9-ы «арапа күні» деп белгіленген. Бұл күні мұсылман қауым айт дастарханы мен мерекелік шараларға дайындық жасайды. Арапа күнінен бастап, бес уақыт намаздың парыздарынан кейін айтылатын «тәшрық тәкбірі» ғибадаты, төрт күн бойы, яғни төртінші күнгі екінті намазында аяқталады. Құрбан айт тұсында орындалатын исламның бес парызының бірі «қажылық» ғибадаты қасиетті Мекке қаласында орындалады, парызын өтеп жүрген қажылар құрбан айтты сол жерде қарсы алады.
Құрбан айттың бірінші күні мұсылман қауым «айт намазын» оқып, «Құрбан айт құтпасын» тыңдайды. Құтпада Аллаға мадақ айтылады, Пайғамбарларға сәлем мен салауат жолданады, бұрынғы өткен игі-жақсылардың баршасына жақсы дұғалар жасалады, елбасы мен халыққа, ел-жұрттың тыныштығына ақ тілектер жолданады. Момын-мұсылман қауым намаздан кейін бірін-бірі құттықтап, үйлеріне тарайды. Біздегі қалыптасқан жақсы дәстүрлердің бірі – намаздан кейін жақын жердегі зираттарға барып әруаққа сәлем беріп, Құран бағыштау. Құрбан айттағы орындалатын ең ұлы ғибадат – құрбандық шалу.
«Әрбір ғибадаттан адам баласы үлес алсын, сол үлестің себебінен мен оның күнәсін кештім», – дейді Алла Тағала. Әйтпесе, «бойдағы мінді санасам, тау тасынан кем емес» дегендей, әр адам баласының күнәсі көп. Құдайдың ілімін білмеген адамдар «өзін күнәдан пәкпіз» деп жатады. Сұрай қалсаң, «күнәміз жоқ, не үшін ғибадат қыламыз? Мен – ақжүрекпін», – дейді. Әлбетте, Алла Тағала адам баласын ақ жүректі етіп жаратқан. Құран Кәрімде былай дейді: «Олардың жүрегінде қара тат бар. Ненің себебінен? Жасаған қылмыс-қатасының кесірінен» деген. Бес күн жалғанда біреудің көңілін қалдырамыз, оның кешуін тілеп, ғибадаттарымызды орындамаймыз. Ес білген соң Құдайға қарай ұмтылмаймыз. Соның бәрі жүрекке түскен шаң болып, одан кірге, одан қара татқа айналып кетеді. Ондай, жүрегі қара тат болған адам баласы жақсылықты ұқпайды, жамандықтан бас тартпайды. Сол үшін де негізгі мақсаты, негізгі бағыты – Жаратқан Құдайды тану болмақ. Оның мейірім шапағатынан үлес алу. Әрбір ғибадат жасағанда Құдайдың сипаты «Мағфират» дейді, одан кешірім алу. Құрбан шалу сияқты, мұсылмандарға арналған барлық қасиетті мерекелерде, мәселен, Бараат кеші, Қадір түні, Рамазан шариф, Айт мерекелері, Мәуліт шариф, барлығы Құдайға жақындауға, одан кешірім тілеп, рахметіне бөленуге себеп.
Құрбандық шалу
Араб тіліндегі «қәрүбә» түбірінен шығатын «әл-Құрбәән (көпше түрі қарабин)» сөзі – Аллаға жақындауға себепші болатын мал сою немесе тағы да басқа амал әрекеттерге берілген атау. Адамзат тарихында құрбандық сынағына ұшыраған ең алғашқы пенделердің қатарына Адам атаның екі ұлы Абыл мен Қабыл жатады. Абыл мен Қабылдың арасындағы түсінбеушіліктің ақ-қарасын ажырату мақсатында Адам атаның көрсетуі бойынша екеуі Жаратушыға «құрбандық» ұсынулары керек болған, әрине бұл ұсыныстың негізі Алла Тағала тарапынан болатын. Негізінде Адам ата алдында Қабыл айыпты болатын, оның менменшілдігі мен көргенсіздігі, ақырында Құдайдың алдында және бүкіл жаратылыс алдында мәңгілік айыпты болуға алып барды. Егіншілікпен айналысқан Қабыл пейілін тарылтып, шірік өнімдерін құрбандыққа ұсынған, ал Абыл мал шаруашылығымен айналысып, малының ішіндегі ең жақсысын құрбандыққа ұсынған. Әшкере істер мен құпияларды толық білетін Алла Тағала Абылдың құрбандығын қабыл алды. Құрбандықтың қабыл болу белгісі көктен от келіп, құрбандыққа жалын шарпып, әкетіп қалуы керек еді, Абылдың ұсынған құрбандығы сол тәртіппен жоқ болып кетті.
Кейінгі тарихта, Жаратушы тарапынан «құрбандық шалудың ең ауыр» сынағына ұшыраған Ыбырайым пайғамбар мен оның үлкен баласы Ысмағыл ғалайхиссалам. Бұл екі ұлық пайғамбар, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың шамамен 25-ші атасы. Ыбырайым пайғамбар – Халилолла, яғни Алла Тағаланың досы деген лақап ат алған, ал Ысмағыл – Забихулла (Алла үшін сойылған) деген лақап атқа ие болған.
Ыбырайым мен баласы
Ысмағылдың хикаясы
Таухидтың атасы, яғни өмір жолында Алла Тағаланы бір деп тануға байланысты, адамзат үшін өте көп үлгі-өнеге қалдырған Ыбырайым пайғамбар өте бай кісі болған. Алла Тағалаға жақындау мақсатында мың-мыңдаған малды құрбандыққа шалады екен. Ешқандай әулеті болмаған кездердің бірінде, шалған құрбандықтарына байланысты мақтангершілік пендешілігіне түсіп: «Егер менде перзент болса, Алла қаласа, оны да Құрбандыққа шалуға әзірмін», – деп қалады. Сөзден ұсталу деген осы болар, арадан қилы заман өткесін Ыбырайым пайғамбар ұлды болады. Бір күні түсінде «уәдеңді орында, балаңды құрбандыққа шал» деген нұсқау естиді. Көрген түсіне өзі сенбей «жын-шайтанның» әсері болар деп, күмәнда қалады. Екінші күні, бұрынғы көрген түсі тағы қайталанады, оны да ажырата алмай әбден қиналады. Үшінші күні көрген түсі нақтыланып, Алла Тағала тарапынан бұйрық екендігіне көзі жетеді, бұл түс Құран Кәрімнің 37-сүресінің 102-аятында баяндалады. Көрген түсін Ысмағылға айтқанда, ол да: «Әкешім! Алла тағала қандай тапсырма берсе, соны орында, менің ешқандай қарсылығым жоқ, сабыр етемін», – деп келісімін береді. Әкелі-балалы Алла Тағаланың әмірін орындау мақсатында арқан, пышақ алып тауға кетеді. Адамның басты жауы болған шайтан «бұл әмірді орындатпау үшін» бар айласын салып көреді, оның қарсы әрекеті босқа кетті. Ол ең бірінші Ажар анамызға барып: «Е, балаңа жаның ашымайды ма?» – дейді. Ол кісі: «Не үшін?» – деп сұрайды. Шайтан: «Шынымен білмейсің бе? Ыбырайым баланы союға алып кетті», – дейді. Ажар: «Далбасалама, пайғамбарлар ондай ақымақтыққа бармаған да, бармайды да», – дейді. Сонда Шайтан: «Дұрыс, бірақ ол Құдайдың бұйрығын орындаймын деп баланы құрбандыққа шалмақшы», – дейді. Оған Ажар анамыз: «Алланың әмірі болса, мен оған араласпаймын, өзі біледі», – дегесін, шайтан үмітін үзіп Ыбырайым пайғамбардың өзін азғыруға барады. Ол кісі, қалай болғанда да Жаратқанның бұйрығын бұлжытпай орындауға бекінгенін айтады. Балаға тиіседі, «кәрі шал жасарын жасады, сен жассың, оны тыңдама» деді. Ысмағыл да бой алдырмады, әкесінің айтуымен шайтанды таспен атқылады.
Бала Ысмағылдың құрбандыққа жатқызылған кездегі айтқандары: «Әкешім, қол-аяғымды байлаңыз, аяқ-қолым тыпырлап жатса, жаныңыз ашып бұйрықты орындамай қоюыңыз мүмкін, көзімді байлаңыз, менің көзім көзіңізге түсіп кетсе, әкелік мейіріңіз оянып, әмірден бас тартып қаларсыз, пышағыңыз өткір болсын, жан беру өте қиын», – деп әкенің бұйрықты орындауына демеу болды.
Әкесі өткір пышағымен «бисмиллахи Аллаһу әкбар» деп алқымына апарса, пышақ өтпейді. Қайрап-қайрап тағы салса, ол өтер емес. Сол пышақпен қасындағы жартасты ашумен ұрғанда тастарды тіліп-жарады, тамаққа апарғанда өтпейді. Бұл не сұмдық деп пышаққа қараса, Алланың әмірімен пышаққа тіл бітіп: «Халил (дос), кес», – дейді, Халық (Жаратушы): «Кеспе», – дейді. «Мен Жаратушының айтқанын қыламын», – дейді. Сөйтіп тұрғанда Жаратушы Алла Тағаладан арнайы әуез келіп, сынақтан өткендіктері, пейіштен түсірілген көк қошқарды құрбандыққа шалу керек екендігі айтылады. Періштелер әуелдегі Адам ғалейһиссаламның ұлы Абылдың садақасы болған көк қошқарды Құдайдың әмірімен жерге алып келе жатқан еді. Олар: «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар», – деп құрбандыққа адамды шалуға тоқтау салады. Ибраһим ғалейһиссалам: «Лә иләһа Илла Аллаһу, Аллаһу акбар» деп адамды құрбандыққа шалатын надан түсінікті тоқтақаны үшін, Аллаға мақтау айтып, періштелер мадағын жалғайды. Сол кезде: «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, Уәл Иллаһи-ил хамд» деп Ысмағұл ғалейһиссалам тәкбір-ташриқты жалғап, орынынан тұрады. «Ей, Алла, осыншама берген бүкіл нығметіңе шүкір» дегені еді. Бұл тәкбір ташриқты әр адам айтқаны абзал. Намаз­хандар бұл тәкбірді Арафа күні таңғы намаздан үшінші айт күні екінті намазына дейін намаздан соң қосып айтады. Оны айту уәжіп амалына жатады.
Бүгінде қажылық ғибадатында жасалатын көптеген амалдар осы Ыбырайым пайғамбар мен Ол кісінің жанұясына тікелей қатысы бар. Алла Тағала олардың жасаған жанқиярлық істерін, бұл дүниенің соңына дейін өмір сүретін мұсылман пенделеріне міндет ететінін құранда ант етіп хабарлаған. Сол ант бізге дейін де орындалды, бүгінде де миллиондаған адам сол қасиетті жерге барып, қажылық парызын өтеп келіп жатыр, ол амалдарды орындау міндеті әрі қарай да жалғаса береді.
Ғасыр ӘБДІРАХМАН,
дінтанушы.

Бірде Мұса (ғ.с.) Тұр тауына барып, Құдай тағалаға оның қазынасын көрсетуді өтінеді. Оған Аллаһу Тәбарак: «Ей, Мұса менің бар байлығым осы, қазынам жоқ» деп жауап береді. Пайғамбар үш мәрте өтініш қылған соң, Алла Тағала оған, «ана таудың төбесіне шығып, көр!» деп бұйырады. Жотаға шығып қараса, тау етегінде ақсақ-тоқсақ мал, шашылып жатқан тиын-тебен, ескі киім, жыртық-жамау заттар жатыр екен. Мұны түсінбеген Мұса ғалейһиссәлам: «Я, Алла! Мынау не?» – дейді. «Бұл менің қазаным», – дейді Құдай Тағала. – Қалайша?, – деп сұрайды түсінбеген Мұса пайғамбар. Сонда Құдай Тағала: «Бұл сендердің «Құдай үшін» деп берген садақа, қылған құрбандықтарың. Менің қазынам осы» деген екен.
22 тамыз 2018 ж. 2 246 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930