Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арықбалық шайқасы құрбандарына арналды

Арықбалық шайқасы құрбандарына арналды

«Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті» деген Елбасы лебізі көкірегі ояу әрбір адамға ой салары анық. Әңгімемізді осылайша бастауымыздың өзіндік себебі де бар. Есімі, атақ-даңқы исі қазаққа мәлім батыр һәм әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз жайлы талай айтылып, жазылып жүр. Әрі солай да бола бермекші. Елі үшін басын бәйгеге тігіп, сол жолда шейіт кеткен саңлақ сардардың жарқын бейнесі өзі жан-тәнімен қорғаған халқы барда санадан өшпейтінін Жанқожа батыр ауылындағы Алик Тілеуімбетов басшылық жасайтын № 94 мектеп ұжымы ұйымдастырған мекемеаралық сайыста тағы да көзіміз жетті. Көрермендер мен сайысқа қатысушы командалардың делебесін қоздырып, жігерін жаныған дүбірлі доданы өткізуде әскери қолданбалы спорт сайысы түрінің таңдап алынуы да бекер емес. Небары он жеті жасында талай мен деген айтулы ерлердің мысын басқан қарақалпақтың батыры әрі балуаны Тықыны жекпе-жек шығып басын айбалтамен қағып, қалған ғұмырында сандаған шайқаста жүрек жұтқан ерлігімен дараланған Жанқожа баһадүр мен сарбаздарының, Арықбалық шайқасының құрбандарының қаһармандығын мұнан өзге қандай сайыс ашар еді?
Тарихтан парақтаған жандардың «Арықбалық шайқасы» жайлы жақсы хабардар екені анық. Алайда «артық болмас білгенің» қағидасымен сонау қасіретті кезеңнің ауыр зардабы жайлы аз-кем дерек келтірсек. Әз бабамыз бастаған ержүрек сарбаздардың Ресей патшасы өкіметінің озбырлығына қарсы қарулы шайқасқа шыққаны, Қазалыны қоршауға алғаны, шешуші шайқастың Арықбалықта, яғни қазіргі таңда Жанқожа батырдың есімімен аталатын елді мекеннің маңында өткені, мұздай қаруланған патша жазалаушыларына қарсы көтерілісшілердің асқан жанқиярлықпен соғысқаны, қарша бораған зеңбірек, мылтық оғының көптеген боздақтарды мерт қылғаны, қарапайым халықтың талауға түсіп, елі-жерінен амалсыздан босып кеткені туралы жазушы Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж. 18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) тайға таңба басқандай анық жазылған.
Енді осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназдың «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген деректен қарапайым халықтың қанға бөккенін ұғынасың. Олай демегенде ше? Көшпенді тірлік кешкен ұлтымыздың сол тұстағы пана-қорғаны киіз үйлер ғана екені белгілі. Түкірігіңнің өзі жерге түсіп үлгермей қатып, мұзға айналатын қаңтардың қақаған аязында бар баспанасы, жан сақтарынан айырылған дүйім жұрттың қаншасы үсіп (әсіресе емшектегі нәресте, бала-шаға, қарттар, ауру-сырқаулар) өлгенін кім білсін? Еріксіз жанарың жасқа, көкірегің мұңға толып, ауыр күрсінесің. Бабалар аруағын қастерлеген көргені мол ұрпаққа алғысыңды жаудырасың.
Бүгінгі ұстаздар ұйытқы болған Арықбалық шайқасына 161 толуына арналған сайыс осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылғанын, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетов пен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, танымал спортшы, мықты өнерпаз, лейтенант Алмат Аралбаев бауырымыздың келешекте жарыс ауқымын ұлғайтып, аумақтық, тіпті аудандық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғанын естігенде ішіміз жылыды. «Жақсының жақсылығын айт». Бүгінгі баршаға ортақ, ұлағаты мол шараға «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосын, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев бастаған ұжымдар демеушілік танытса, Дәурен Омаров басқаратын «Қазалы» газетінің журналистері белсене араласқанын атап кеткен жөн.
Сонымен автомат жинау, оқ жинау, мылық ату, қол күрес, арқан тарту тәрізді шарттардан тұратын сайыста Арықбалық ауылдық округі әкімдігінің командасы дара шығып, жеңімпаз атанды. Жекелеген сайыстарда «Жанқожа жастары» командасының мүшелері, студент жастар Ақмырза Қартбай, Өмірбек Рахман, тағы басқалары үздік шығып, Жайдарбек Көпбатыр, Қасқырбай Әлиев, Оңғарбай Тұяқбаев, Жетпісбай Қарасаев, Тұрсынкүл Тоқманбет, Қаршыға Қалымбетов көрермендердің ықыласына бөленді.
Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, Арықбалық ауылдық округінің әкімі Сапарбек Қуатов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұлов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дайындалған марапаттарды тапсырды. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмтылмайды» деп тегін айтылмаса керек.
Жұмабек Табынбаев
12 қаңтар 2018 ж. 2 111 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 75

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930