Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерін өміріне серік еткен

Өнерін өміріне серік еткен

Саңылаудан сығалатқан арман
Сырдың жағасында «Бірлік» аталатын шағын ауыл бар. Атына сай татулықты ту еткен бұл жердегілердің бәрі бір-бірімен бауыр, бірге туған туыстай жақын. Бірінің-бірі жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, бойынан кішкентай ұшқын көрсе, «бәрекелдесіп» қалатыны тағы бар. Осынау ынтымақты ауылдағы үлкен-кіші басы құралса, қоңыр домбыраны қолына алып, Сырдың мақамына салып, таңды-таңға ұрып жыр айтатын Ізтілеу ақсақалға қолқа салатын. Жырау да ауылдастарын көп күттірмей, қоңыр үнмен әуелететін. Ізекеңнің жары Жақсыбике де келген қонаққа ас-суын дайындап, алғысқа кенелетін. Жиылған жұрт жыр саябырсығанда Жақсыбикенің де әнін тыңдайтын. Даладан дарыған кең тынысты дауысы лезде бөлмені шарпып кеткенде үлкендер «Әй, жаса!» – десіп мәз болатын.
Саз мен сөзді саналарына ұялатқан отбасының балалары да ән өнерінен алыс қалмады. Үлкендері Бектұрған ауыл өнерпаздары Қарабек Жамашев, Нағашыбай Әлжанов, Бостан Оспанов, Мараш Сахиева, Ділдә Іскендірова, Жетпісбай Оспановтардың басын құрап, «Жас дәурен» вокалды-инструментальды тобын құрады.
Жанды дауыс, жанды музыка, сол ағынға жаңалық болған жанрдың ауылдағы жайы бүгін біз сөз еткелі отырған тәмпіш мұрын сары балаға да таныс еді. Таныс дейтініміз, толық тыңдамаса да, үйге жақын орналасқан клубтың есігін сығалаудан бір жалықпайтын. Есік саңылауынан сана саңылауына ұялаған сұлу саз Жантұрғанды өзіне қарай жетелей берді. Сол күндердің өзінде-ақ ол болашаққа байламын жасап үлгірді. Бала арманы алдамады, өмірдің жал толқындары қандай арнаға бұрса да, бойындағы бұлқынысы киелі өнердің жалын ұстатты.
Қоңыр үйдегі жақтауда тұратын домбыраның кейде бұған тиетін кезі болатын. Ол көбіне оңашада ғана. Бірде баласының талабын көрген әкесі қуанып, киелі аспаптың құдіретін ұғындырып, онда ойнаудың қыр-сырына қанықтырды. Домбыраны шебер тартпаса да, өзі білетін әуенге қоса алатын Жантұрған енді гитарада ойнауға құмартты.
Бектұрған ағасы жоқта жеті ішекті сабалап-сабалап, бір күні жағымды күйге келтірді. Онымен қалып қоймады, шағын «шеберлігін» шыңдай түсті. Бұл кезде өнерпаз өрен небәрі мектептің екінші сыныбында оқитын.
Өзі орындайтын әнді сүйемелдей алатын Жантұрған аз уақытта көптің назарына іліге бастады. Сынып жетекшісі мен «пионер вожатыйы» қанша қолқаласа да, өнерлі балақай өз қабілетін көпшілікке ұсынуға қаймықты. Ондағы бар ойы «ағам гитара үйренгенімді естісе, маған ұрысады» деген бала үрейі еді. Сегізіншіге өткенде ғана сыныптас қызбен бірге ән орындап, көрерменіне көрінді. Айтпақшы, бұл жолы ағасы ұрысқан жоқ, қайта інісінің ізін басатынына марқайғаны бар. Жас шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан жеткіншекке аға алғысын алғаннан артық сый-құрмет болсын ба?.. Бұл күн Жантұрғанның өміріне үлкен өзгеріс әкелді. «Ізтілеудің балалары өнерлі екен» дескен ағайынның тілегі, «өзіме ұқсаған» деген ағаның сенімін лайықты ақтауға итермеледі.
Аға аманатының ақталуы
Орта мектепті бітіріп, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеу кезінде де Жантұрған музыкадан қол үзбеді. Заставадағы шаралардың ешбірі онсыз өтпеді. Музыкалық аспаптың түр-түрінде еркін ойнайтын жігіт орыс тіліндегі әндерді да жақсы орындайтын. Әскерден ауылына оралған оған совхоз директоры клуб меңгерушісі қызметін ұсынды. Бұл да көп ұзамай келісімін берді.
Клуб меңгерушілігі – жауапты жұмыс. Ауылдағы өркениет ошағының отын өшірмей өрлету соның мойнында. Қазіргідей түрлі арналар, әлеуметтік желі жоқ. Мәдениеттің мәйегін ауылдағылар клуб пен кітапханадан алатын.
Бұл бірліктіктердің «Жас дәуренге» деген жағымды көзқарасы қалыптасып қалған кез болатын. Алғашқы жұмысын жас маман ансамбльдің екінші толқынын құрып, ауылдағы өнерпаздар Мейірімхан Есетов, Алмас Әлжанов, Нағашыбай Халжанов, Ақжүніс Сыдықова, Айша Сүндетова, ағайынды Нұржамал, Айжамал Қожахметоваларды жинап, жұмысын жандандырудан бастайды.
Бұл кезде ауылдық мәдениет ошағында өзі жетекшілік еткен эстрадалық аспапта ойнау, Ақжан Есетов жұмысын жүргізетін домбыра, Нұржамал Қожахметова дәріс беретін ән үйірмесі жұмыс істеп, жас таланттарды таңдады, тыңдады, өнерлерін шыңдады. Олар ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендерді аралап бірнеше рет концерт қойды. «Бірліктегі» үлкен-кіші мекеме-ұйымдарды ұйымдастырып, мекемеаралық жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырды. Алыс-жақын ауылдармен жарыстас болды. Ол кезде Жаңақұрылыс ауылы Қазалыға қарайтын. Сонда барып, өнер таластырды. Бұл тұста шағын мекендегі талапты балалар саны арта түсті.
«Ол кезде жастардың өнерге деген құштарлығы керемет болатын. Қыз-жігіттердің орындаушылық шеберліктері кәсіпқойлардан кем түспейтін. Біз музыкалық нөмірді орындау үшін аспап таба алмай, көрші ауылдардан алатынбыз, бізде бары болса беріп, бөлісеміз. Кешкілік ән салып отырып, қолымыз талса, гитараны келесімізге бере қоямыз. Ол жалғастырып кете беретін. Қазір ғой мүмкіндіктің бәрі бар. Орындаушы жоқ. Музыкалық білімі бар жастарды қанша ынталандырса да ауылға келмейді. Мені осы алаңдатады», – дейді ағынан жарыла.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауыл өнерпаздарының өнері өрістеуіне сол кездегі совхоз директоры Қоламсақ Жолмырзаевтың да үлесі көп еді. Жаңашыл бастық клубтың жұмысын назардан тыс қалдырмай, ара-тұра өз пікірін білдіріп, бағасын беріп оты­ратын.
Ауылдан – автоклубқа
Клубтағы үш жыл жаман болған жоқ. Бос уақыттарында жиын-тойлар, аудандық шараларға шақырту алатын Жантұрған Тоқмамбетовті аудан мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан азамат, марқұм Насыр Баекеев байқап, сол кісінің ықпалымен аудандық мәдениет үйіне жұмысқа қабылданады.
1989 жылдың 5 мамырында жұмысқа қабылданған ол 9 мамыр күні өтетін аудандық концертте бас гитарада ойнайды. Осылайша аудандағы мәдениеттің қайнаған қазанына еркін енген Жантұрған Ізтілеуұлы аз уақытта барабан тарту, би билеу, қойылымдарда ойнау сияқты бір-біріне ұқсамайтын жанрлардың барлығынан бой көрсетіп, ысыла түсті.
Өнерімен өзгелерді тәнті еткен азамат 1993 жылы автоклуб меңгерушісі жұмысына тағайындалады. Автоклутың жұмысы – малшыларға, егіншілерге концерт қою, ақпараттармен таныстыру, кино көрсету. Бұл бағыттағы жұмыстар да жемісін берді. Қиындығы мен қызығы мол жолда жүріп түрлі жағдайларға кезікті, ауырлыққа шың­далды, мамандығына машықтанды.
Тарихи таным тереңі
1995 жылы автоклуб жұмысы қысқартылып, Жантұрған аудандық мәдениет үйіне қайта өнерпаз болып жұмысқа кірісті. Әбдірасулла Ахмет­ов басшылық ететін орында Әнәпия Ахметов, Амангелді Баекеев, Ұлжан Ахметова, Перуза Нарманова, Алтын Айнияз­ова, Бақытжан Ембергенов, Кеңес Кемалбаев, Маржан Исаева, Болат Нарманов, Болатбек Рсалиевпен актерлік құрам жасақталып, еліміздің алыс-жақын жерлері мен Қарақалпақстанның қалаларына барып, көрермен ықыласына кенелді.
Дария жағасында туған дарын бұл кезеңде актерлік қабілетін шыңда­ды. Аудандағы мәдениет тізгі­нін ұстаған А.Бөлебаев, А.Әуез, Ғ.Оспан­ова, Ж.Мәкеналы, Е.Көмекбаев, А.Қалымбет­ов, К.Өтеп, Т.Жүсіпов секілді азаматтар қызмет еткен кезеңде де кейіпкеріміз Қазалыда өткен рухани-мәдени шаралар­дың бел ортасынан көрінді.
Жәдігер Тұрсынов атындағы ха­лық театрының өнерпазы сценарийін Рүстем Жанай жазған, режиссер Насыр Баекеев сахналаған «Жанқожа» спектаклінде Жанқожа батырды, «Қор­қыт» қойы­лымында Қорқыт ата, қазақ фоль­клорының жауһары «Қыз Жібек­те» Бекежанды, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Қодарды, «Асандар көтерілісі» қойылымында ауыл ақсақалын үлкен ізденіспен алып шықты. Жантұрғанның «Жоғалған күнделік» пьесасындағы Нұрланы ашаршылық кезеңінің зардабын көз алдыңа оралтса, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» жарымжан қыздың әкесі секілді қиын да жауапты рөлдер кеше мен бүгінді байланыстырғандай күйге ендірді. Ал, Сұлтанәлі Балғабайдың «Ең әдемі келіншек», «Қыз жиырмаға толғандасы», бұдан өзге «Беу, қыздар-ай», «Сұлу қыздың сыры», «Түрт, сайтаным, түрт» пьесаларындағы сомдаған бас­ты кейіпкері өзінің жайдары, тапқыр, қалжыңқой, көпшіл көңілімен астасып жатты. «Бұл бейнелерді ойнамады, оларда өмір сүрді», – дейді әріптесі Ғалия Оспанова. Өмір сүрді дегеннен шығады, 1991 жылы аудандық медениет үйінен құралған төрттік құрамында Қызылорда қаласында өткен облыстық би жарысында, Гүлнәр Төребекованың жетекшілігімен жүзеге асқан «Қазалы қалжыңы» көркемөнерпаздар тобы құрамымен Ақтөбе қаласында болған әзілкештердің республикалық байқауында бірінші орынды қанжығалады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев, Түлкібай Мұханов, Ботабай Рыстығұлдың образдарынан көрермені күткенін тауып, өнерлі жанға риясыз қол соқты.
«Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Айналамдағылар: «Жәкеңді табу қиын емес. «Қыста Аяз ата, жазда Қыдыр ата болады», – деп қалжыңдайды. Расында қандай бейне келсе де, оны бойыма сіңіруге дағдыланамын. Спектальдерде пьеса мәтіні арқылы спектакль немесе репетиция барысын бақылайтын әрі қажетті жағдайда актердің ұмытып қалған сөзін есіне салып отыратын «суфлер» деген қызметкер болады. Суфлерлер біздің мәтінімізді қарап жатқанда: «Қай жерін айтып жатсыңдар?» деп таң-тамаша қалып жатады. Оның сыры суырыпсалмалықта. Импровизаторлық қасиет бізге қанмен келген», – дейді Жантұрған Тоқмамбет.
Бүгінде Жантұрған Ізтілеуұлы ауданнан алыс орналасқан Тапа, Жалпақ, Отгон секілді клубы жоқ ауылдарға іс-шараларымен барып, көпшілік көңілін рухани-мәдени бағытқа ұйыстырушы мәдени демалыс кешенінің маманы. Отбасында үш перзенттің әкесі, жарының арқа сүйер азаматы. Өнер саласында жүрген жас буынның ақылшы ағасы. Туған-туыс, ауылдастар мақтан тұтатын Ізтілеу ақсақалдың ізін ізгілікпен жалғаған жан. «Менің бақытым – өз бағытымды тапқанымда. Өнерімді – өміріме өзек еткенімде», – дейді бізбен сұхбатында. Бұл күнгі кездесу бізге таза мінсіз асыл тастың су түбінде, өткір қылыштың қын түбінде жатпайтынын ұғындырғандай болды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
06 қараша 2018 ж. 1 468 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930