Ән әлемінің Ақбаяны
Бірде анам үйдегі ескі фотоальбомды ақтарып отырып, топ болып түскен бірнеше бойжеткендердің суретін көрсетіп: «Мынау педколледже оқып жүрген кезіміз. Қазалылық қыздар болып жиналып, естелікке түскен едік. Ортада отырған жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева. Өзі де дауысы да әдемі еді», – деп өткен күннің бір сәттік бейнесіне ерекше ықыласпен қарады. Қазақ елін әсем әуенімен әлдилеген ән әлемінің Ақбаяны Мәдина Ералиеваның есімін айтқан соң, «Қане, көрейінші» деп қолыма фотоальбомды алдым. Шынында да көрікті екен.
Жаймашуақ жаз мезгілінің тамылжыған тамыз айының екінші жұлдызында дүниеге келген күміс көмей әнші арамызда болғанында биыл алпыс төртінші жазын атап, немере қызығына бөленер еді. Алайда, оның пешенесіне жазылғаны қырық алты-ақ жыл екен.
Әнші 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген. 1978-1984 жылдар аралығында Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алды.
Елінің «Ақбаяны» атанған жез таңдай әншінің ұлы Арсен баспасөз беттеріне берген сұхбатында:«Анам тазалықты қатты сүйетін. Ешқашан тыным таппайтын, үнемі күйбең тіршіліктен босамай жүретін еңбекқор адам еді. Сондай-ақ жауапкершілігі өте жоғары, мені де әр ісіме жауапты болуға, тиянақты болуға үйрететін. Жылы жүзінен мейірім шуағы төгіліп ешқашан ешкімнен қолынан келген көмегін аямайтын, достыққа берік әрі өте адал жан еді. Анам маған және өзінің сіңлісі Сағира тәтеме қатты қамқорлық жасап, еркелететін, екеумізге «мен өліп қалсам, бұл заманның қасқырларына жем болып кетесіңдер ғой» дегенді жиі айтатын. Қазір осы сөздердің қаншалықты шындыққа жақын келетінін түсініп жүрмін. Сондағысы пысықтау, ширақтау жүріп, заманға сай болыңдар деген мақсатпен айтқаны екен ғой. Анам сахнада үлбіреп тұрған нәзік болғанымен, үйде әйел ретінде де, ер азамат ретінде де кез келген жұмысты атқара беретін, тіпті құрылыс жұмыстарына да белсене кірісіп кететін. Өзі жастайынан жетім қалып, қиындықты өте көп көрген адам еді. Сол себептен де барлық шаруаға ебі бар болатын. Ал тігіншілік өнерін нағашы атамнан дарыды дейтін.
Анамның нағашы атасы кезінде аты біраз жерге тараған керемет тігінші және ұста болған екен. Үйде атамыздың нағашы әжемнің жасауына берген «Зингер» деген өте ескі тігін машинасы бар әлі күнге дейін сақтаулы», – деп ағынан жарылған екен.
Әншінің бала күнінен тұрмыс-тіршілікке бейімділігін Қазалы қаласында көрші тұрған, өкіл әке-шешесі болған Ауанберді аға мен Зибаш апа жақсы біледі.
«Біз Мәдинамен көрші тұрдық. Оның анасы мен сіңлісі болды. Мен келін болып түскенде Мәдина 6-7 жастағы тұлымшағы желбіреген қыз еді. Анасы тігіншілікпен айналысты. Бала кезінде жоқшылықтың зардабын көрді. Бірақ пысық, жігерлі бала болатын. Сол кездері ән айтуды бастады.
Көршіліктен гөрі туыстардай аралас-құралас тұрдық. Қолдан келген көмегімізді де аямайтынбыз. Аналары өмірден озған соң Ғ.Мұратбаев ауылындағы нағашыларының қолына кетті. Менің жолдасым Ауанберді көп жыл автобус айдады. Ғ.Мұратбаев ауылына да қатынайтын. Бірде Мәдина: «Ауылда жүргенде Ауанберді ағаны күтіп жүретінбіз. Ол кісі бізге әр келгенінде бір уыс тиын беріп кететін. Соны керек-жарағымызға жарататынбыз», – деп өткен күндерді еске алды.
Қазалыға келген сайын үйде қонақ болды. Бізде Алматыға барып тұрдық. Бәрімізді ақкөңілімен, риясыз күлкісімен баурап алатын. Ақ түсті ерекше ұнататын болуы керек үйіндегі барлық жиһаздар біртектілігімен көз тартатын. Қайбір жылы мерейтойлық концертін өткізді. Сол кезде көпшілікке бізді өкіл әкем мен шешем деп таныстырды. Сый-құрметін, қонақжайлығын көрдік.
Мен Алматыға барғанымда таңғы төртке дейін әңгіме айтып ұйықтамадық. Сол менің Мәдинаны соңғы көруім екен. Өмірден ерте озды. Ол туралы айтар естеліктер көп», – дейді Зибаш апа.
Кезінде Қызылордадағы педагогикалық училищеде Мәдинамен қатар білім алған бойжеткендер бүгінде зейнет жасына жетіп, ұл-қыздарынан өрген немерелерінің қылықтарына сүйсініп отырған асыл әжелер. Олардың бірнешеуімен сөйлесіп, сыр тартқанда бәрі де Мәдинаның мінезі ашық, дауысы ерекше, келбеті де көз тартарлық көрікті болғанын айтады.
Әншінің курстасы Әлияш Ршымбетова: «Педколледжде Мәдинамен бір курста оқыдық. Мінезі ашық, ойындағы сөзді бүкпесіз айтатын. Сосын көлгірсігенді жаны сүймейтін. Өзіне жарамсақтанғандарды да ұнатпайтын. Студент шақтағы мен білетін Мәдина осындай еді. Жатақханада қазалылық қыздар болып суретке түскеніміз есімде. Ол сурет фотоальбомымда әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Мен шетінде, ол ортасында отыр. Мәдинаның бір жақсы қасиеті, «ән айтшы» деп қолқа салған адамның бірде-біреуінің бетін қайтармайтын. Сөйтіп жүріп, жатақхананың барлық бөлмесін аралап шығатын. Ән шырқап, құрбы-құрдастарының көңілін көтеріп, қошеметіне бөленетін» – деп көңілдегі сырын жеткізді. Мәдинаның курстасы әрі ең жақын құрбысы болған Зина Дәулетиярова көзіне еріксіз жас алып: «Мәдинамен 8 сынып оқып жүрген кезден таныспын. 1969-1970 жылдары сынып жетекшім Махамбет Әуезов ағай аудандағы талантты оқушылардан «Жалын» ансамблін құрды. Мәдина алғаш рет «Қазақстан» әнін орындағаны есімде. Біз хорда болдық. Сонда Мәдинамен танысып, бауыр, сырлас, құрбы болып кеттік. Мектептен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищенің музыка бөліміне оқуға түстік. Екінші курс оқып жүрген кезімізде араға бір ай уақыт салып, екеуміздің де шешеміз қайтыс болды. Бірге күліп, бірге жылап жүріп оқуды да аяқтадық.
Бір ауылдан болған соң бірге келіп, бірге қайтатынбыз. Әкемді өз әкесіндей, әкем Мәдинаны туған қызындай жақсы көрді. Әкем 20 сомды екеумізге бөліп беретін. Кейін Қазалыдағы концертін өткізе келгенде әкемді арнайы шақы¬рып, алдынан орын берді.
Елге соққанында мені қасынан тастамаушы еді. Маған «Ақыл қалтам-ау, сен қасымда жүр. Мен салт-дәстүрді ұмытып қалғанмын ғой» деп отыратын. Оның әр келгені біздің үйде үлкен той. Ол ән салғанда көрші-көлемнің бәрі есік алдына жиналып тыңдайтын. Өте көңілді жүретін. Бір бойында бірнеше өнері бар, қайталанбас дауыс иесі екенін бәрі біледі. Көйлектерін әдемі етіп өзі тігіп алатын. Суретті өте керемет салатын. Училищеде төрт жыл бойы қабырға газетінің редакторы болды.
Соңғы келерінде мен ауруханада жаттым. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ. Мәдениет үйінің қызметкерлері арқылы байланысатынбыз. Галя Оспановамен Мәдина арқылы танысқан едім. Әлі күнге араласып тұрамыз. Мәдина келе жатыр дегенді естідім. Бірақ «Мен ол қызға бұл жолы соқпаймын. Дайындалмасын. Кейін тағы келемін» деп маған айтып жіберіпті. Оған не болған деп ойланып қалдым. Бірақ келіп қалар деп, ауруханадан сұранып шығып, үйге дастарқан дайындадым. Күттім, келмеді. Сөйтіп отырғанда «Мәдина көлік апатына ұшырапты» деген хабар жетті. Есімді жия алмадым. Көпке дейін өзіме келуім қиын болды.
Мәдина қайтқалы Алматы мені өзіне тартпайды. Ол барда жиі баратынмын. Құрақ ұшып қарсы алып, бар құрметін көрсететін – деді Зина Мәдина туралы толғанып.
Киелі Қазалы топырағының тумасы. «Айқаракөз», «Ақбаян», «Сағым жылдар» деп әуелете әндеткен ерекше дауыс иесінің әттең ғұмыры келте болды. Қапияда көлік апатынан көз жұмған аяулы әншінің жарқын бейнесі замандастары мен өнер сүйер қауымның көз алдында. Күміс көмей Мәдинаның назды үні, сұлу жүзі, жарқылдап тұрар жанары қазақ жұртымен мәңгі бірге. Оған дәлел ол туралы айтылған естеліктер.
«Қош енді, қош бол, күрең күз» деп әндеткен әншімен тыңдармандары 2000 жылдың қоңыр күзінде мәңгілікке қоштасты. Алайда оның жарқын жүзі мен әсем үні елдің есінде мәңгі сақталып қала береді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА