Қызға қырық үйден тыю
Қазалы аграрлы-техникалық колледжі жанынан құрылған «Ақжүніс» қыздар клубында бірінші, екінші курстың бойжеткен студенттері арасында «Қыз – болашақ ана, отбасының ошағы» тақырыбындағы құқық, дін, денсаулық саласы қызметкерлерімен кездесу кеші өткізілді.
Кешті колледж директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Мусаев ашып, оқу ордасында білім алатын студент қыздармен жүргізілетін оқу-тәрбие ісі туралы баяндап, олардың әдептен озбай жақсылыққа жақын жүру қажеттігін еске салды. Аудандық жастар орталығының дәрігері Г.Қонысбаева отбасындағы қыздардың орны, ерте жүктілік ана мен баланың денсаулығына кері әсер ететіндігін, түрлі генетикалық ауруларға ұшырататындығын тілге тиек етті. Қазақы әдет-ғұрыптарды қадірлеуге шақырды. Мұнан соң дәрігер Ә.Әлиева, «Нұралы» мешітінің бас имамы Қ.Дәуіржанұлы қыз абыройын сақтау, дін жолындағы нәзік жандылар тәрбиесіне байланысты тағылымдарды ортаға салды. «Ақжүніс» қыздар клубының жетекшісі Б.Ибайдаева қыздардың анасынан ешқандай сыр жасырмау керектігін баса айтты. Колледж психологы Е.Баекеев әр қыздың өз ісіне жауап беруінің маңызын, арын сақтау, сезімді ақылға жеңдіру төңірегінде ой өрбітіп, «қызу желі» телефон номері бар карточкалар таратты.
Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенант Г.Бегалиева колледждің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес сабақ үстінде ұялы телефонмен ойнап немесе әлеуметтік желілерге кіріп, хабар алмасу, кино көру секілді тәртіп бұзған студенттердің ата-аналарына шара қолданылатындығы, кешкі мезгілде көшеде жүру тәртібін жан-жақты түсіндірді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Нұржаубаев өңірімізде орын алған зорлық-зомбылық түрлеріне қатысты деректермен ақпараттандырды. Жиналғандарға «Қазақ қызы бүгін қандайсың?» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
Кездесуге қатысқан қыздар жақсы әсермен тарасты.
Б.ИБАЙДАЕВА,
«Ақжүніс» қыздар клубының жетекшісі
Білім мен тәрбие