"Ән мен Әнші" ұлы дала астаналарында
Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай, "Ән мен Әнші" бағдарламасы экскурсиялық тележоба ұйымдастырды. Қызылорда - алғашқы астаналардың бірі ретінде, Сыр жұртшылығына шоу концерт өткізді. Басты мақсат - қазақ өнерінің дамуына қолдау көрсету, қазақ еліне киелі қоныс болған Астаналардың тарихымен танысу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жоба жетекшісі Сержан Молдасанұлы мәлімдеді.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров, әнші және актриса, тележүргізуші Мөлдір Әуелбекова, әнші Ғаділбек Жаңай қатысты.
"Биыл "Ән мен Әнші" 15 жылдығын атап өтеді. Біздің бастаманың қолдаушысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Экскурсиялық-географиялық тележоба ретінде ұйымдастырдық. Жоба аясында шаралар Атыраудан бастау алып, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Астана қалаларында өткізіледі. Әр өңірден 20-30 минуттық бағдарлама дайындалып, республикалық "31 арнадан" көрсетіледі", - деді жоба жетекшісі С.Молдасанұлы.
Сыр еліне келген қонақтар қаламыздың көрікті жерлерін аралап, тарихи-өлкетану мұражайы және Ақмешіт музей залдары бойынша экскурсиялар жасады. Мұстафа Шоқай және әнші Батырхан Шөкеновтың ескерткіштеріне барып гүл шоқтарын қойды.
Өнер ұжымының гастрольдік сапары Түркістан қаласында жалғасады.