Музей: мәдени мұра, құнды қазына
Қазалы қаласында орналасқан Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі 1968 жылы 7 қарашада аудандық Кеңес шешімімен ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді.
1979 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып жұмыс істеген Ғани музейі Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің және Қызыорда облыстық мәдениет басқармасының бұйрығына сәйкес дербес музей болып құрылды. 1981-84 және 1991-92 жылдары қосымша құрылыстар салынып, музей ғимараты кеңейтілді. Ғимарат республикалық санаттағы тарихи-мәдени ескерткіш. Филиал меңгерушісі – Роза Асанова.
«Өлке тарихы» залында Ғани туған өлке Қазалы ауданының тарихына қатысты тарихи-мәдени құнды маңызы бар көне ескерткіштер мен белгілі тұлғалар туралы мәліметтер, «Ғанидың өмірі мен қоғамдық қызметі», «Ғанидың жұмыс кабинеті», «Ғанидың ізбасарлары», «Этнография», экспозицияларында орналасқан. Музейдегі барлық экспонаттар саны – 4485. Оның 3019-ы негізгі, 1466-сы көмекші қор.
Талай тарих парағы болып қатталған музей шежіресі тым тереңде. 1967 жылы Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы кітапханада Ғани Мұратбаевтың 65 жылдығы құрметіне мүйіс-көрме ұйымдастырылды. 1977 жылы Ғани Мұратбаевтың 75 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті.
1991-1992 жылдары Ғанидың 90 жылдығы қарсаңында музей ғимаратына қосымша құрылыс салынып, реэкспозиция жүргізілді. Шағын бу қазандығы орнатылып, жылу жүйесі жаңартылды. Ғ.Мұратбаевтың 90 жылдық мерейтойы, 1993 жылы музейдің 25 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. 1998 жылы музейдің 30 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда өткізілді. Салтанатты жиында аудан әкімінің шешімімен музейдің қалыптасуына айрықша еңбегі сіңген адамдар мен музей жанашырларының есімі жазылған «Құрмет кітабы» ашылды. 1999 жылы Ғанидың туған күнінде «Бабадан қалған мұрамыз, ұрпаққа болсын жыр-аңыз» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. 2001 жылы музей үйінің ескі бөлігіне жөндеу, залдарға реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, «Тамыз айында 1921 жылы Ғанидың бастамасымен алғаш рет жарыққа шыққан «Жас Алаш» газетінің 80 жылдығы құрметіне газеттің бас редакторы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп бастаған «Атамекен» экспедициясы музейде болып, аудан жастарымен кездесу өткізді.
2002 жылы Ғани Мұратбаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында музейге реэкспозиция, Ғани алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ғанидың 100 жылдық мерейтойы республикалық дәрежеде салтанатты жағдайда аталып өтті. 2004 жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес «Археология-Этнография» залы ашылды. Осы жылы Ғанидың туған күні құрметіне аудан мекемелері арасында Ғанидың жүлдесі үшін кіші футболдан дәстүрлі жарыс ұйымдастыру басталды. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Тамыр терең, тарихы кенен – Қазалы» атты тақырыпта Ғани өмірі мен өлке тарихына байланысты жылжымалы көрме ұйымдастырылып, Қазалы, Арал аудандарында көрсетілді. 2007 жылы Ғани Мұратбаевтың 105 жылдығы құрметіне экспозициялық зал ашылып, рухани-тағылымдық іс-шара өткізілді. Музей қызметкерлерінің құрастыруымен тұңғыш рет Ғани туралы жазылған жырлар мен әндерден «Мен – Ғанимын» атты жинақ шығарылды. 2008 жылы музейдің 40 жылдығы қарсаңында облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға экспозициялық залдар жаңартылды. «Халықаралық Аралды құтқару қоры музейге «Волга» автокөлігін сыйға берді. Музейдің қырық жылдығына байланысты «Ғани тағылымы» атты кітап басып шығару жоспарланды. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне «Ерлігіңе мың алғыс, Тағзым етер ұрпағың» атты жылжымалы көрме аудан орталығында және Қазалы қаласында көрсетілді. 2011 жылы Халықаралық музейлер күні құрметіне «Туған өлке тәуелсіздік жылдарында» атты облыстық семинар өткізілді. Сондай-ақ, баспадан «Музей – тәуелсіздік жылдарында» атты буклет-кітапша басылып шықты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне жабдықталған «Тәуелсіз Қазақстан» залының салтанатты ашылуы болды. Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай музей қызметкерлері дайындаған «Ғани» атты жинақ баспадан шығарылып, Қазалы ауданында республикалық дәрежедегі өткізілген шараға өз үлесін қосты. 2013 жылы музей басшылығына ҚР мәдениет саласының үздігі Арман Әуезов тағайындалды. Өзінің өнер саласында жинаған тәжірибесін музей қызметіне жұмсады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлдіртіп, музейдің күрделі жөндеуден өткізілуіне атсалысты. 2014 жылы музей басшылығына ҚР мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспан келді. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеп, жинақтаумен қатар өлке тарихына арналған экспонаттар жинақтаумен айналысқан музей қорынан 4015 экспонатты бөлдіртіп, ауданда тарихи-өлкетану музейінің ашылуына өз үлесін қосты. Музей саласын әр кезеңдерде басқарған басшылардың өз уақыттарында атқарған қызметтері мен еңбектерінің нәтижесінде музейі облыстағы алдыңғы қатардағы музейлер сапында келеді.
Өткеннен өнеге
2015 жылы музей басшылығына музей саласында 15 жыл еңбек өтілі бар Роза Асанова тағайындалды.
Елге есімі белгілі Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге-құрмет» бірлестігінің төрайымы, профессор Асылы Осман, жазушы Роза Ақболатова, биші, ҚР Мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова, ақын Исрайл Сапарбай, Айтбай Көшербаев музейде қонақта болды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикалық «генералдар кеңесі» қоғамдық қауымдастығы, «Интернационалист-жауынгерлер» координаттық кеңесінің мүшелерінен құралған «Ұлы Дала Азаматтары» патриоттық акция аясында 1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың соғыстағы көрсеткен ерлігіне 75 жыл толуына байланысты соғысқа жауынгерлер дайындаған Қазақстанның әрбір қалаларында ескерткіш тақта орнатып, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында автошеру сапарымен келген делегация Қазалы қаласына келіп, Ғани Мұратбаевтың музейінде экспозициямен танысты. Делегация құрамындағы Қырғыз республикасының азаматы өз елінің сыйы ретінде қырғыз ұлтының ақ қалпағын, сондай-ақ, Панфиловтың немере қызы Алуа Байқадамова, «Казахстанская правда» газетінің әскери бөлімінің қызметкері Дулат Молдабаев музейге сый ретінде жауынгерлер ерлігіне толы кітаптарды және шерудің карта-буклетін сыйға тапсырды. 2017 жылы 15-25 сәуір аралығында аудандық оқушылар Үйінің залында Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі мен Қазалы қаласының тарихы туралы «Шежірелі Қазалы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Қазалы аудандық комсомол комитетінің 1967-1970 жылдардағы І хатшысы болған Д.Шамшаевтың жұбайы П.Машенбаева отбасымен, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы М.Даулетбахов Қазалыға келген сапарында музейде болып, экспозициямен танысты. Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалап, қазақ елінің тарихын, Ұлы тұлғаларын танып білуге құштарлы 12 швецариялық турист музейде болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, жерлесіміз, танымал кино және театр актері, тележүргізуші Ғани Құлжанов, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина музейде болды. ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілі Халель Бакенов отбасымен музейге келіп, Ғани рухына тағзым етті. Қазалы ауданы, Бөзкөл ауылындағы №96 орта мектебін 1977 жылы бітірген түлектер, жерлесіміз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Нұрман Талқанбаев бастаған ағаларымыз 40 жылдық кездесуіне музейде болып, Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған экспозициясымен танысты. Германия қаласынан арнайы шақырумен Шапағат орталығына келген қаржыгер-эксперт Уве мырза ауданға келген сапарында музейде болды. Қазалы қаласының қала атанғанына 150 жыл толуына орай Қазалы қаласының орталық алаңына мерейтойға арналған монумент қойылып, облыстық дәрежеде шара өткізілді. Алаңда тігілген шатырдың ішіне «Тарихы тұнған Қазалы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылып халық назарына ұсынылды. «Ғанидың қазалылық ізбасарлары» атты жинақтың тұсаукесері жасалды. 2018 жылы үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі құрылды. Қазақстан Республикалық Тұлғалық музейлер қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Музей директоры Р.Асанова Астана қаласындағы Ұлттық музейде өткен «Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы» РҚБ-нің алғашқы құрылтайына қатысып, ҚР Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатымен және сертификатымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Ө.Айтбайұлының Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасы аясында «Армысың, Атамекен» тақырыбымен ауданымызға тарихшы-этногорф, жазушы, ақын, сазгер Әбдісаттар Оспанов келді. Ақтөбе өңіріне Ғани мұраларын, Батыстың жау жүрек қызы Әлияның және өлке тарихына байланысты экспонаттарын Қазалы жұртшылығына көрсетті. Көршілес Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы тарихи-өлкетану музейімен өзара әріптестікті нығайту мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылып, жұмыстар жүргізілді. Ауған соғысының ардагері, генерал-майор, Отанға қалтқысыз қызметі үшін «Қызыл жұлдыз», 3-ші дәрежелі «Отанға қызметі үшін», АҚШ Президентінің Жарлығымен «Құрметті легион» ордендері, бірнеше медальдардың иегері Әлімжан Ерниязов музейде қонақта болды. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қазалы құндылықтары Шалқарда» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылып, көрермендерге бір ай мерзімге ұсынылды. Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырумен өткізілген «Асқақ рухты Ақайұлы Ақтан батыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға музей директоры Р.Асанова мен ғылыми қызметкер А.Бердібай қатысып, ғылыми баяндама оқыды. Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне және Орбұлақ шайқасындағы жеңіске 375 жыл толуына орай Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ хандарының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға музейдің ғылыми қызметкері А.Жадырасынова қатысып, ғылыми баяндама оқыды. «Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасы және Қазалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай музейде жерлесіміз, балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Рахат Наурызбаевамен «Ақын – елдің ардағы» атты кездесу кеші өткізілді.
2019 жылы ағаштан түйін түйген, Сыр өңірінде ұлттық өнерімен өзіндік ізі қалған, қолөнер шеберлері, әкелі-балалы Молдахмет, Бейсенбай Дүймановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың ұлттық дәстүріндегі өнер иелері» атты тағылымдық кеш өткізілді. Қоғам қайраткері Е.Көшербаевтың туғанына 90 жыл және ақын, жазушы Р.Жанаевтың 75 жылдық мерейтойына байланысты музей экспозициясына тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазалы өңірінің тумасы Ерболат Даленов Қазалыға келген сапарында музейде болды. Қорқыт мұраларын насихаттау барысында музейдің көрме залында Қорқыт ата музейінің экспонаттарынан ұйымдастырылған Қорқыт ата мұрасы: «Дастан, аңыз және қобыз» атты тақырыптық көрменің ашылу салтанаты өткізілді. Грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және КСРО чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, Әлем кубогінің иегері, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіров музейде болды. Музейдің тәуелсіздік залында Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толуына орай «Алтын Орда қазақ мемлекеттілігінің бастауы» және Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл құрметіне «Ата заңым – айбыным» атты көрмелер ұйымдастырылды. Бірнеше ауылда «Халықтық өнер – ұлт қазынасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесі алтын медалінің иегері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Ажаркүл Алдажарованың туғанына 70 жыл толуына арналған «Бақытын тапқан еңбектен» атты тақырыптық көрме жасалды. Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі мен ҚР музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған «Kazmuseum.kz» қоры музей қызметкерлері үшін 2020 жылғы 29 сәуір мен 10 маусым аралығында ұйымдастырылған online біліктілік арттыру курсына ғылыми қызметкер А.Бердібай қатысып, сертификат алды. 2021 жылы Ғани Мұратбаевтың туысы, «ҚР құрметті жолшысы», «Автожол үздігі», «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» Ботабай Рыстығұлұлына арналған «Текті тұлғаның ұрпағы» атты экспозициялық көрме бұрышының ашылу салтанаты өтті. Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалының ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы және Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің 40 жылдығына орай «Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға» атты мәдени шараға музей меңгерушісі Роза Асанова мен қор сақтаушы Әлібек Сералы қатысты. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауына ғылыми қызметкер Ақерке Бердібай қатысып, музей директоры Сапар Көзейбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
2022 жылы Алматы қаласында музей қызметкерлеріне ұйымдастырылған «Қазіргі отандық музей: жаңа тәсілдер мен өзекті іс-тәжірибелер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-әдістемелік семинар-тренингке музей қызметкері қатысты.
2023 жылы музей экспозициясы жаңартылды. Музей қорындағы экспонаттарды цифрландыру бойынша «АС» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Музей қызметкерлері Түркістан қаласында өткен музей мамандарының I Жазғы мектебіне қатысты. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей түні – 2023» мәдени шарасы өтті. Шараға Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейімен біріге отырып, «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» атты жылжымалы көрме апарды. Ғани Мұратбаевтың жұмыс кабинетін жасақтап, №17 мектептің 10 сынып оқушысы Дәрібай Амандық Ғани рөлін сомдап, көпшілік назарына ұсынылды. Ғани Мұратбаевтың туғанына 120 жыл және музейдің ашылғанына 55 жыл толуына орай «Музей өлкенің тарихы, халықтың қазынасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Музейдің ашылғанына 55 жыл толуына орай, музейдің зал қараушысы Төлеш Сабырбай Қазалы ауданының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Музейдің ғылыми қызметкері Әлібек Серәлі облыстық «Үздік музей қызметкері» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Музейдің атқарған жұмыстарынан республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы баспаханасынан «Ғанидың шырақшысы қазалыдағы мұражай» атты арнайы журнал шығарылды. Журналға құттықтаулар, арнаулар, музей шежіресі, музей қызметкерлерінің мақалалары, экспонаттар суреттері топтастырылды. Биыл ел игілігі үшін аянбай тер төккен, еңбегімен халық құрметіне бөленген, Социалисттік Еңбек ерлері К.Оразалиеваның туғанына 100 жыл және Ә.Дінисламовтың туғанына 90 жыл толуына орай Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен «Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды» атты ұрпақтарымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Ел бостандығы үшін күрескен қаһарман батыр, әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық шарада музей қорындағы құнды жәдігерлерден «Ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран» атты жылжымалы көрме дайындалды. Еңбек ардагері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш дүркін депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Қашақбай Пірімовтың туғанына 115 жыл толуына орай «Еңбек майданындағы ерлік» атты оқушылар арасындағы аудандық ғылыми конференция өткізілді. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш Қазалы қаласының ескі бөлігі Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жыл көлемінде «Cуреттер сыр шертеді», «Бізде бүгін туған күн», «Бір құнды жәдігер» және «Қазалы уезі туралы архивтік фотолардың тарихы» атты жобалар тұрақты жұмыс жасауда.
Музей жұмысы үлкен ізденіс пен зерттеуді қажет етеді. Мұндағы қызметкерлер әрбір экспонатты жинақтап, оларға мұқият қарап, зерттеп, оның тарихын ашу үшін еңбектенеді. Үздіксіз жұмыс істеп, уақытпен санаспай, келушілерге есігін айқара ашып, қызмет көрсететін ұжымның еңбегі зор.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА