Отбасы банкте кейбір қазақстандықтар үшін ипотека алу қымбаттайды
31 қазаннан бастап Отбасы банк алдын ала және аралық тұрғын үй несиесін рәсімдеу үшін алынатын комиссияның ең жоғары мөлшерін көтереді. Несие сомасына қарай бір реттік төлем 300 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда тұрғын үй несиесін 50 миллион теңгеге дейін алатын клиенттер үшін комиссияның ең жоғары мөлшері өзгермейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қазір Отбасы банкте алдын ала және аралық тұрғын үй заемдарын рәсімдеу комиссиясы несие сомасының 1%-ын құрайды. Бірақ төлем 300 мың теңгеден аспайды. 2026 жылғы 31 қазаннан бастап комиссияның пайыздық мөлшерлемесі өзгермегенімен, оның шекті сомасы берілетін несие көлеміне қарай есептеледі.
Жаңа тариф бойынша, 50 миллион теңгеге дейінгі қарыз үшін комиссия бұрынғыдай несие сомасының 1%-ын құрайды, бірақ 300 мың теңгеден аспайды. Ал несие сомасы 50 миллион теңгеден асып, 100 миллион теңгеге дейін болса, комиссия 500 мың теңгеге дейін жетеді. Қарыз көлемі 100 миллион теңгеден асқан жағдайда, ең жоғары комиссия 1 миллион теңге болады.
Мысалы, клиент 70 миллион теңге көлемінде тұрғын үй заемын рәсімдесе, комиссия ретінде 500 мың теңгеге дейін төлейді. Қазіргі тариф бойынша бұл төлем 300 мың теңгеден аспайтын еді. Ал 150 миллион теңге несие алған жағдайда комиссия 1 миллион теңгеге жетеді. Бұл бұрынғы шекті мөлшерден 700 мың теңгеге артық.
Комиссия — несие беруді ұйымдастыру қызметі үшін алынатын бір реттік төлем. Клиент оны қарызды рәсімдеу кезінде төлейді.
Дегенмен банктің мәліметінше, өзгеріс барлық қарыз алушыға бірдей әсер етпейді. Клиенттердің 92%-ы 50 миллион теңгеге дейінгі тұрғын үй заемдарын рәсімдейді. Сондықтан олардың комиссиясының ең жоғары мөлшері бұрынғыдай 300 мың теңге болып қалады. Жаңа тарифтер негізінен ірі көлемде несие алуды жоспарлаған клиенттерге қатысты болады.
Алдын ала және аралық заемдардың ерекшелігі — банк клиентке тұрғын үй құнының 100%-ына дейін қарыз бере алады. Бұл ретте салымшыда баспана құнының 50%-ы жиналуы керек.
Жаңа комиссия мөлшері 2026 жылғы 31 қазаннан бастап банк қабылдаған өтінімдерге қолданылады. Егер клиенттің өтінімі осы күнге дейін қабылданса, оған бұрынғы тариф бойынша комиссия есептеледі. Бұған дейін берілген несиелердің шарттары да өзгермейді.
Сонымен қатар мемлекеттік жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары бойынша берілетін заемдарды рәсімдеу үшін комиссия алынбайды. Сондықтан бұл бағдарламаларға қатысушылар үшін комиссияға қатысты талаптар өзгеріссіз қалады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда “Наурыз” және “7-20-25” бағдарламалары арқылы жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге болатыны, сондай-ақ олардың бастапқы жарнасы мен несие мөлшерлемесіне қатысты талаптар туралы жазған едік.










