Қазақстанда депозит мөлшерлемелері төмендеп жатыр: Қазан айында банктер қанша төлейді?
Қазақстандық банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді төмендете бастады. Соған қарамастан, кейбір салымдар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 19,5%-ға дейін жетеді. Банктердегі депозиттің табыстылығы салым мерзіміне және ақшаны толықтыру немесе шешіп алу мүмкіндігіне байланысты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
2026 жылғы 23 қазаннан бастап ірі банктердің бірі алты айлық депозиттің шарттарын өзгертеді. Ондағы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 17,74%-дан 14,47%-ға дейін, ал номиналды мөлшерлеме 16,4%-дан 13,6%-ға дейін төмендейді.
Мысалы, банкке алты айға 1 миллион теңге салған клиенттің күтілетін табысы бұрынғы шарттармен салыстырғанда шамамен 15 мың теңгеге азаюы мүмкін. Нақты табыс пайыздың есептелу тәртібі мен капиталдандыруға байланысты болады.
Сонымен бірге осы банктегі үш айлық депозиттің жылдық тиімді мөлшерлемесі 19,5%, ал бір айлық салымдікі 18% деңгейінде сақталады. Демек, кей жағдайда қысқа мерзімге салынған ақша ұзақ мерзімді депозитке қарағанда көбірек табыс әкелуі мүмкін.
Жаңа шарттар 23 қазаннан бастап ашылатын депозиттерге және мерзімі ұзартылатын келісімдерге қолданылады. Ал қолданыстағы депозиттердің мөлшерлемесі келісімде белгіленген мерзім аяқталғанға дейін сақталады.
Депозиттің табысы ақшаны пайдалану шарттарына да байланысты
2026 жылғы 21 қазандағы 14 қазақстандық банктің ұсыныстарын салыстыру нәтижесінде депозитті толықтыруға және одан ақша шешіп алуға рұқсат етілген жағдайда, ең жоғары номиналды мөлшерлеме 15,23%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,31% болған.
Егер депозитті толықтыруға рұқсат беріліп, бірақ ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік болмаса, ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлеме 19,5%-ға жетеді. Мұндай табыстылық үш айлық салымға ұсынылған.
Ал депозитті толықтыруға да, одан ақша алуға да болмайтын жағдайда ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлеме 19,1% болған. Бұл ұсыныс та үш айлық мерзімге арналған.
Осылайша, ең табысты екі депозит түрінің мөлшерлемелері арасындағы айырмашылық небәрі 0,4 пайыздық тармақты құрайды. Алайда салымшының өз ақшасына қол жеткізу мүмкіндігі әртүрлі.
Жекелеген банктерде үш айлық депозиттердің жылдық тиімді мөлшерлемесі 18–19,5% аралығында болса, екі-үш жылдық кейбір салымдар бойынша бұл көрсеткіш 7–11%-ға дейін төмендейді. Мәселен, бір банкте үш айлық депозиттің жылдық тиімді мөлшерлемесі 19,5% болса, 24 айлық салым бойынша ол 8,23%-ды құрайды. Тағы бір банкте үш айлық жинақ депозитінің мөлшерлемесі 18,85%, ал үш жылдық салымдікі 11,3% болған.
Депозит мөлшерлемелері төмендесе де, халықтың жинағы артып келеді
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында халықтың жаңадан ашылған теңгелік депозиттері бойынша орташа алынған мөлшерлеме 15,3%-дан 14,6%-ға дейін төмендеген.
Осы кезеңде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18%-дан 16,25%-ға дейін азайды. Ал жылдық инфляция қаңтардағы 12,3%-дан тамызда 9,8%-ға дейін төмендеп, қыркүйек қорытындысында 9,3% болған.
Сонымен бірге халықтың банктердегі жинағы өсіп жатыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында жеке тұлғалардың депозит көлемі 8,3%-ға артып, 30,5 триллион теңгеден асқан.
Өсімнің негізгі бөлігі ұлттық валютадағы салымдарға тиесілі. Теңгелік депозиттердің көлемі 12,2%-ға өсіп, 24,7 триллион теңгеге жеткен. Ал шетел валютасындағы салымдар 5,6%-ға азайып, 5,9 триллион теңгені құраған.
Демек, депозит таңдағанда тек жоғары пайызға емес, ақшаны қанша уақытқа салатыныңызға және қажет кезде оны шешіп алу мүмкіндігіне де назар аударған жөн.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда банктердің ірі ақша аударымдарына, төлемдеріне және қолма-қол ақша шешіп алу операцияларына бақылауды күшейту жоспарланып жатқаны туралы жазған едік.











