Көрінбейтін шығындар мен несие құрығы
Фото: aikyn.kzҚазіргі қоғамда қаржылық сауаттылық ақша үнемдеу өнері емес, заманауи адамның экономикалық қауіпсіздік қалқаны. Елімізде мемлекет тарапынан қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған түрлі бағдарлама, мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылғанымен, халықтың несиеге тәуелділігі рекордтық көрсеткіштерді жаңартуда.
Соңғы жылдары Қазақстанда қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Банк секторы мен финтех-қосымшалары барынша дамыды. Тіпті мектеп қабырғасынан бастап, қаржылық білім беру бастамалары сөз болып жүр. Дегенмен әлеуметтік сауалнамалар мен банктік статистика көрсеткендей, халықтың басым бөлігінің қаржылық мінез-құлқы мен ақшаға деген қарым-қатынасы түбегейлі өзгере қойған жоқ. Кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсуі, жинақ мәдениетінің төмендігі және қаржылық пирамидаларға алдану сияқты құбылыстар бұрынғыша өзекті.
Қазақстандықтардың қаржылық мінез-құлқының баяу өзгеруіне не себеп? Ол білімнің жоқтығы емес, тереңірек жатқан экономикалық, психологиялық және мәдени-әлеуметтік факторлардың жиынтығы.
. Экономикалық факторлар: инфляция және ақшаға деген сенімсіздік. Қаржылық мінез-құлықтың ең басты қозғаушы күші – экономикалық ортаның тұрақтылығы.
Жоғары инфляция және девальвация қаупі бар. Өйткені қазақстандықтар жиі девальвация мен инфляцияның жегісіне ұшырады. «Ақшаны банкте немесе үйде сақтасам, ертең құнсызданып кетеді» деген психологиялық кедергі қалыптасқан. Сол себепті халық ақшаны ұзақ мерзімге жинағанша, оны бүгін жұмсап, тауарға немесе қызметке айналдыруды тиімдірек деп санайды.
Табыстың жеткіліксіздігі. Басқаша айтқанда, жинақ жасау (нақты инвестор болу) үшін базалық қажеттіліктер өтелуі тиіс. Көптеген отбасында айлық табыс күнделікті азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге және бұрынғы несиелерді жабуға әзер жетеді.
Мәдени-әлеуметтік факторлар бойынша қазақ қоғамындағы дәстүрлі құндылықтар мен қазіргі тұтынушылық қоғамның тоғысуы ерекше феномен тудырды. «Сыртқы референттілік», қазақстандық мәдениетте әлеуметтік статус пен бедел өте маңызды роль атқарады. Табысы төмен болса да, соңғы модельдегі смартфонды, қымбат көлікті немесе дүркіретіп той жасауды абырой көру институционалдық проблема.
Туыстық байланыстар және әлеуметтік сақтандыру. Ұжымдық қоғамда адамдар қиын сәтте банкке немесе жеке жинаққа емес, «ағайын-туыс көмектеседі» деген ішкі сенімге арқа сүйейді. Кейде жеке қаржылық жауапкершілікті төмендетеді.
Психологиялық тұзақтар
Тез арада нәтиже күту зор үмітке бөлейді. Себебі адам психологиясы қаржылық шешім қабылдаудағы ең қиын тетік.
Батыс елдеріндегідей 20-30 жылға зейнетақы қорын өзі жоспарлап, ұзақ мерзімді индекс фондарын сатып алу үшін үлкен сабырлылық керек. Ал біздегі құбылмалы экономикалық тарих адамдарды «бүгін мен қазір өмір сүруге» үйретті. Қаржылық шолақтық зардабы көптеген адамдар үшін 1 жылдан кейінгі пайдаға қарағанда, дәл қазіргі сатып алудан алатын дофамин маңыздырақ.
Қазақстанда банктік қосымшалар (Kaspi, Halyk және тағы басқа) дүниежүзі бойынша ең жоғары деңгейде дамыған. Екі кликпен несие алу немесе бөліп төлеу өте оңай.
Ақша цифрлық форматқа көшкенде, адам оның қолдан кететінін сезінбейді. Несие алу процесінің тым жеңілдеуі халықты «несиелік тұзаққа» оңай түсіреді. Ақшаны «табу» мен «жұмсау» арасындағы қиындық шегі жойылған.
Мінез-құлықты қалай өзгертуге болады? «Ақшаны үнемдеңіз» деген насихат жұмыс істемейді. Қаржылық мінез-құлықты өзгерту үшін кешенді, жүйелі қадамдар қажет.
Мемлекеттік деңгейде тұтынушылық несиені шектеу және салықтық ынталандыру
Банктердің кепілсіз тұтынушылық несие беру талаптарын қатаңдату. Жеке инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктерді арттыру. Мысалы, ұзақ мерзімді жинақ шоттарындағы табыстан салық алмау.
Банктер мен қосымшалар пайдаланушыға жай «несие ал» деп ұсынбай, «автоматты жинақ» жүйелерін әдепкі бойынша қосуы керек. Әрбір сатып алудан 5-10 пайыз қалдықты автоматты түрде депозитке аударып отыру мінез-құлықты еш қиындықсыз өзгертетін құрал.
Тұтынушылық эйфория және 26 триллиондық жүк
Агенттіктің 2026 жылғы ресми мәліметі бойынша Қазақстандағы жеке тұлғалардың жалпы несие көлемі 26,5 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде ең үлкен үлесті – 17,4 триллион теңгені тұтынушылық қарыздар құрап отыр. Ал «Первого кредитного бюро» деректеріне сүйенсек, елдегі несиесі бар әрбір заемшыға орташа есеппен 4,4 несиеден келеді. Қаржы сарапшылары бұл феноменді цифрлық қолжетімділікпен түсіндіреді.
Қазір кез келген банк қосымшасы арқылы 5 минуттың ішінде «бөліп төлеу» (рассрочка) игілігін көру мүмкіндігі психологиялық тұрғыдан «оңай олжа» сезімін ұялатады. Нәтижесінде, болашақ табысты бүгін жарату процесі басталады. Алайда кез келген пайызсыз бөліп төлеу де алдағы айлардағы еркін бюджетіңізді шектейтін нақты қарыз міндеттемесі екені ескеріле бермейді.
Банк сарапшылары не дейді?
Мәселенің тереңіне бойлау үшін отандық жетекші банк мамандарының пікіріне мән бердік.
– Қазіргі тұтынушылық несиелердің орташа тиімді ставкасы 22,5%-ға жетті. Ал бұл
өте жоғары жүктеме. Халықтың қаржылық сауатындағы басты қателік – олар несие төлемінің ай сайынғы көлеміне ғана қарайды да, тауардың жалпы артық төлемі мен ұзақ мерзімді тәуекелдерін есептемейді. Бөліп төлеу жүйесі адамдардың ойланбастан сауда жасауына жағдай жасап отыр. Егер ай сайынғы несие төлемдеріңіз таза табысыңыздың 30 пайызынан асып кетсе, қаржылық дағдарыстың алғашқы белгісі, – дейді «Freedom Bank» директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.
Банк сарапшыларының айтуынша, мәселе банктердің несие беруінде емес, азаматтардың өз ақшасын жоспарлай алмауында болып отыр.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымованың мәлімдеуінше, бүгінде маркетплейстер мен сауда нүктелерінде берілетін бөліп төлеу жүйесі қаржылық ұйымдардың бақылауынан тыс болып көрінгенімен, оның барлық несиелік белгілері бар. Тұтынушылық эйфорияға салынған азаматтар өздерінің нақты төлем қабілетін есептеместен, бір мезетте бірнеше қарыз жүктемесін алады. Халықтың шамадан тыс несие алуын шектеу үшін біз тұтынушылық қарыздардың максималды сомасына шектеулер қоюды және бөліп төлеу нарығын (BNPL) заңнамалық тұрғыдан қатаң реттеуді қолға алып жатырмыз. Несие мәдениеті жауапкершілікке негізделуі тиіс.
Банк мамандарының байқағайындай, қазақстандықтардың басым бөлігі ақшаны қалай жаратуды біледі. Бірақ оны қалай сақтау мен көбейтуді білмейді. Көптеген адам «депозит ашу үшін көп ақша керек» деп ойлайды. Негізі ол қате түсінік. Қаржылық тәртіп кішкентай қадамдардан басталады. Күнделікті ішетін кофеңіз бен қажетсіз такси шығындарын қысқартып, айына тек 10-15 мың теңгені депозит қоржынына салып отырудың өзі 1-2 жылда елеулі қаржылық жастық қалыптастырады. Банктер ұсынатын автоматты аударымдар (мысалы, әр саудадан кешбэкті немесе белгілі бір соманы депозитке салу) қаржылық тәртіпті қалыптастырудың ең тиімді құралы».
Қаржылық соқырлықтың үш тірегі
Сарапшылар жеке қаржыны басқаруда қазақстандықтар жиі жіберетін үш негізгі қателікті атайды. Атап айтқанда, есепсіздік күнделікті ұсақ-түйек шығындар айдың соңында бюджеттің айтарлықтай бөлігін 15-20 пайызға дейін жеп қояды. Жеке бюджетті кіріс-шығыс дәптері немесе мобильді қосымшалар арқылы қадағаламау қаржылық соқырлыққа әкеледі.
«Қауіпсіздік жастығының» болмауы. Отбасылардың көбінде күтпеген жағдайларға (денсаулық, жұмыссыз қалу, көлік жөндеу) арналған кем дегенде 3-6 айлық айлық көлеміндегі резервтік қор сақталмайды. Кенеттен шығын шыққанда жалғыз шешім ретінде қайтадан пайыздық мөлшерлемесі жоғары шағын несиелер алынады.
Инвестициялық сауатсыздық. Қаржылық сауаттың төмендігі адамдарды оңай олжа іздеуге итермелейді. Жылдық 50-100 пайыз табыс уәде ететін күмәнді жобаларға ақша құю жинақталған капиталдан толық айырылудың төте жолы.
Несие тұзағынан шығу
Алаяқтардың арбауына түсу, жинақталған азды-көпті капиталдан толық айырылудың төте жолы. Қаржылық тәуелсіздікке жету мен отбасылық бюджетті сауықтыру үшін экономистер келесі ғылыми әдістерді қолдануды ұсынады.
«50/30/20» ережесін енгізу. Табыстың 50 пайызы міндетті шығындарға (азық-түлік, коммуналдық қызмет, несие), 30 пайызы жеке қалауларға (ойын-сауық, хобби), ал 20 пайызы міндетті түрде жинаққа (инвестиция немесе депозит) бағытталуы тиіс.
Қайта қаржыландыру құралдары. Егер бірнеше несие болса, оларды бір арзан несиеге біріктіру (рефинанстау) арқылы айлық жүктемені азайтуға болады. Мәселен, биыл Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті. Бұл нарықтағы несиелерді қайта құрылымдауға жақсы мүмкіндік береді. Қаржылық мақсат қою. Ақша жай ғана жиналмауы керек. Нақты, мерзімі белгіленген мақсаттар қаржылық тәртіпті күшейтеді.
Түйіндей келе, қазақстандықтардың қаржылық мінез-құлқының өгермеуі халықтың «жалқаулығы» немесе «сауатсыздығы» емес. Олардың сыртқы экономикалық және мәдени ортаға бейімделуінің табиғи нәтижесі. Бұл мәселені шешу үшін тек оқыту жекіліксіз. Елдегі инфляцияны ауыздықтау, несиелендіру саясатын реттеу және қаржылық институттарға деген сенімді арттыру қатар жүруі тиіс.
Жалпы қоғамның қаржылық сауаттылығы мемлекеттің немесе банктердің міндеті саналмау қажет. Керісінше, ол әрбір азаматтың өз болашағына деген жеке жауапкершілігі. Көрінбейтін шығындарды бақылауға алып, несие сергелдеңінен бас тартқанда тұрақты әрі қарызсыз қоғам құра аламыз. Ақшаны басқару еркін болудың басты құралы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА









