Қазақстандықтарға қаладан көшкені үшін миллиондаған теңге ақша төленеді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар жұмыс күші тапшы жеті өңірдің біріне көшкені үшін мемлекеттен субсидия ала алады. Бірақ бұл бағдарламаға жеті өңірдің тұрғындары ғана қатыса алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұмыс күші тапшы өңірлердің қатарында: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай, Павлодар, Қостанай облыстары және Ақмола облысы бар.
Мұндай мүмкіндік қазақстандықтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен "Еңбек күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидалары" аясында беріледі.
Алайда бағдарламаға барлық өңірдің тұрғындары қатыса алмайды. Оған соңғы 10 жылда халық саны ең қарқынды өскен өңірлердің тұрғындары ғана қатыса алады. Олар – Астана, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстары.
Бағдарламаға қандастар да қатыса алады
Жаңа қағидалар қандастарды айналып өтпейді. Сонымен қатар жұмыс күші тапшы облыстардың ішінде экономикалық дамуы төмен елді мекендерден жағдайы жақсырақ елді мекендерге көшетін азаматтар да қолдау ала алады. Бағдарламаға қатысушылардың басты шарты – жаңа қоныстанған жерінде жұмысқа орналасу немесе өз кәсібін ашу.
Көшетін азаматтарға қандай қолдау көрсетіледі?
Қағидаларда мынадай көмек түрлері қарастырылған:
- Отбасының әр мүшесіне көшуге арналған 70 АЕК, яғни 328 510 теңге мөлшерінде біржолғы субсидия беріледі. 2027 жылы 1 АЕК мөлшері 4 693 теңге болады деп жоспарланған;
- Отбасының әр мүшесіне тұрғын үйді жалға алу үшін 15-30 АЕК, яғни 70 395-140 790 теңге көлемінде субсидия төленеді. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына және көшетін жеріне (ауыл немесе қала) байланысты;
- 35 жасқа дейінгі қоныс аударушыларға жатақханадан бөлме беріледі;
- Тұрғын үй сатып алған жағдайда 1 625 АЕК, яғни 7 623 125 теңге мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Егер баспананың құны 1 625 АЕК-тен төмен болса, оның толық құны өтеледі;
- Жұмысқа орналасуға және білім алуға қолдау көрсетіледі.
Жұмыс беруші көшу шығынын өтесе, қандай көмек беріледі?
Егер азаматтың көшу шығынын жұмыс беруші төлесе, жоғарыда аталған қолдаудың біріншісі ғана көрсетіеді. Қалғандары қолданылмайды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші мен қызметкер арасында кемінде 2 жылға жасалған еңбек шарты болуы керек.
Мемлекет жұмысқа орналастыруға жұмсалған шығынның бір бөлігін өтеу үшін жұмыс берушіге 400 АЕК, яғни 1 877 200 теңге көлемінде субсидия береді.
Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерге баспана сатып ала алады. Бұл жағдайда мемлекет оған 1 160 АЕК, яғни 5 443 88 теңге көлемінде өтемақы төлеуге дайын. Алайда мұндай қолдау алу үшін қызметкермен жасалған еңбек шартының мерзімі кемінде 5 жыл болуы қажет.
Мемлекет өтемақыны қандай жағдайда қайтарып алады?
Егер қоныс аударушы немесе қандас мемлекеттік қолдау алғаннан кейін өз еркімен үкімет белгілеген өңірден бес жыл ішінде кетсе, мемлекет одан алған төлемдерін қайтаруды талап ете алады. Мұндай талап бұрын да болған.
Азаматтың басқа өңірге көшкені мемлекеттік цифрлық жүйелердегі мәліметтер арқылы анықталады. Оның ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру және тіркеуден шығу туралы деректер ескеріледі.
Көшу фактісі туралы ресми ақпарат алғаннан кейін еңбек мобильділігі орталығы үш жұмыс күні ішінде азаматқа ақшаны қайтару туралы талап жіберуі керек.
Азаматқа хабарламаға жауап беріп, қаражатты қайтару мерзімін көрсету үшін 15 жұмыс күні беріледі. Ақшаны қайтару мерзімі алты айдан аспауға тиіс. Егер азамат ақшаны қайтарудан бас тартса немесе талапқа жауап бермесе, еңбек мобильділігі орталығы сотқа жүгіне алады.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы баспана сатып алған азаматтарға да арнайы талап қойылады.Егер сертификат иесі тұрғын үйді сатып алғаннан кейін бес жыл өтпей сатса, мемлекет оған берілген қаражатты толық қайтаруды талап етеді.
Қандай жағдайда жалдау ақысына берілетін көмек тоқтатылады?
Жаңа ережеге сәйкес, мемлекет қоныс аударушылардың баспана жалдау ақысын өтеуді мынадай жағдайларда тоқтатады:
- Егер азамат өз үйін сатып алса;
- Басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшсе;
- Өзі жалдап отырған үйді басқа адамға қайта жалға берсе;
- Жалдау шартында көрсетілген мекенжайда қатарынан 90 күннен астам уақыт тұрмаса.
Алайда төлемнің тоқтауына себеп болған жағдай жойылса, азамат қайтадан көмек алуға өтініш бере алады.
Бұған дейін Қазақстанда әскери қызметкерлерге жалақы төлеу тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік. Бұдан былай әскери қызметші бір ай толық қызмет атқармаса, ақшасы жұмыс істеген күндеріне қарай есептеледі. Яғни, еш себепсіз жұмысқа шықпаған күндері үшін ақша берілмейді. Мұндай жағдайда командир әскери қызметкердің қай күндері болмағанын көрсетіп, арнайы бұйрық шығаруы тиіс.











