Қалам қанатындағы құдірет
Екеуара әңгімеге арқау оқиға жетерлік. Ой тым жүйрік емес пе, бір демде өткеннен өзек тарта бастады. Сұхбаттасым – Аманкелді Суханберлиев. Белгілі дәрігер, танымал журналист. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Қысқа қайырғанда, ел ағасының атына атағы сай.
Әңгіме қызды-қыздымен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына жүгіріп, естеліктер есіле кетті. Сөйтіп Аманкелдінің атой салып жүрген оқушы кезін еске түсірдік. Болар бала басынан ғой, Арал аудандық «Толқын» газетіне дембіл-дембіл мақаласы жарық көріп, ол аздай айбарлы «Ара» журналында фельетоны жиі жарияланатын болды. Ауылдың кейбір көмескі келбеті сын тезіне іліккен соң шен-шекпенді оны жақтыра қоймайтын, есесіне ел «жазушы бала» деп аузынан тастамайтын абыройға ілікті. Бірде Бөген орта мектебінің беделі биік мектеп директоры Садық Жұмағұлов шұғыл шақыртады. Сабағы үздік, тәртібі жақсы оқушы бұған таңырқап қалды. «Не себепті шақырған? – дейді іштей, – мен тарапымнан кері қылық жоқ еді». Десе де, дереу барды. Директор тапжылмай күтіп отыр екен, жылы жүзбен қабылдады.
– Айналайын Аманкелді, әкең түйдей құрдасым еді, сыйластығым жақсы, өзің осы отбасынан оқ бойы озық шығып, жазу-сызуға қабілетті болдың. Менің қолдауым болсын, мына жолдама ҚазМУ-ға беріліп отыр. Білім бөлімінен алдырдым, саған сәттілік, – деді қуанышын жеткізіп.
– Сізге үлкен рахмет. Менің қалауым –дәрігерлік. Әкемнің көзін жазуым керек!
Садық ағай лезде тұтығып кетті. Өңі бұлттай бұлыңғыр тартып, артынша жауыннан кейінгі күндей жүзі жадырап сала берді.
– Жөн. Өте орынды. Қайда барсаң да, мен тілекшімін. Дегеніңе жет!
Осы оқиға естен кетпейді. Қайсар баланың қабілетін бағалағаны болар, директор одан үлкен үміт күтті. Және ол үміт ақталды.
Бейкүнә балалық шағынан бейнеттен белі бүгіліп, ертелі-кеш үйелмелі үйден үздігіп кете алмай, әке-шешенің, қабырғасы қатпаған бауырлардың қамын жейтін. Мектеп бітірген жылы да балық мекемесінде қара жұмысқа жегілді, ендігі кезекте жоғары оқу орнына бел буды. Арман Ақтөбеге жетеледі. Көңілі медициналық институттың емдеу факультеті еді, бағына қарай жолы болды. Ә дегеннен институттың белсенді студенті ретінде оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға қанаттас болып, мерейі өсті. Бұл бұл ма, Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінде үздіксіз мақалалары жарияланып тұрды. Штаттан тыс тілші деп таныды. Бірде белгілі ақын, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Есенбай Дүйсенбаевтан тілдей хат келді. «Құрметті Аманкелді! Мен осы бойда сіздің «Сағынышыңызды» машинкаға беріп отырмын. Жарайсың, өте әдемі жазып шыққансың. Шынайы сезім осылай берілер болар. Жалпы, сіздің қолыңыздан талантты дүниелер жасау келетіні көрініп тұр» делінген хатта. Бұған Әбекең бір желпініп қана қойған жоқ, шабытына шабыт қосып, шығармашылыққа шындап кірісті.
Иә, ол екінші курсқа көшкенде ойы нілдей бұзылды. Біржола журналистикаға жөнеп кеткісі келді. Сол үшін пединститутқа ауысқысы бар. Іштей піскен ниетті бөліскісі келіп, облыстық газеттің бас редакторы Нұрқайыр Телеуовтың қабылдауына кірді.
– Айналайын Аманжан, жаңа туындыларыңды әкелдің бе? Сені редакцияның бір мүшесі деп санаймыз. Қаламы жүйрік қаламгерге құрметіміз ерекше,– деді ол жанына жақын тартып.
– Сеніміңізге рахмет. Мен бұл жолы бір ұсыныспен келіп едім. Бәлкім, ақыл қосарсыз...
– Қысылма, айта бер.
– Пединститутқа ауыссам деп едім, сіз қалай қарайсыз?
– Әй, сенікі қай сасқаның? Беделді оқу орнынан ауысу деген не? Хирург болам деген арман қайда қалды? Ешкім сенің қаламыңды тартып алмайды. Ол – өмірлік рухани серік. Әлгі Зейін Шашкин, Естөре Оразақов кімнен кем жазады, солардың мамандығы дәрігер. Мен бұл ұсынысыңа түбегейлі қарсымын, – деп бұрқ етті.
Осы сөз қамшы болды да мединститут студенті сабағын, жарқын жолын жалғай берді.
Институтты бітірген бойда Атырау облысы Теңіз ауданына жолдама берілді. Кеңестік кезеңнің керемет үлгісі – жолдама бойынша жіберілген жерге бармай қалу, сылтау іздеу – үлкен сын, талап қойылды, орындау – міндет. Сырт ел, сырын сезе бермейді. Теңіз деген аты болмаса, су тапшы, аңызақ дала. Ұшы-қиыры жоқ Нарын құмында малшылар қонысы ғана тіршіліктің тұтқасын ұстап тұрды. Ол кезде бұл маңайда мұнай деген атымен жоқ уақыт. Аудандық ауруханаға хирург болып қызметке орналасқан Аманкелді Суханберлиев өз ісіне аса жауапкершілікпен қараған маман ретінде елге ерте танылды. Сондықтан оған көрінуші көп, ақыл-кеңес сұраушыдан кезек сүрінеді. Бірде Калинин атындағы совхоздан жедел шақырту жетті. Он төрт жасар Роман хал үстінде. Дене қызуы 39,5 градусқа көтерілген. Балқұдық станциясынан түскен хабарға қарағанда баланың соқырішекпен ауырғанына екі-үш күн болған. Басында учаскелік аурухана дәрігері Вячеслав Нәжімов күзетіп отыр. Ол ота жасауға мүмкіндігі келмеген соң ауданнан көмек сұраған. Шілденің кезі, күннің көзі төбені тесіп кетердей тегеурінді. Аудан орталығынан 400 шақырым шалғайдағы шаруашылықты санавиация таба алмай оралған. Амал жоқ, енді «Газ-66» автокөлігімен бір бригада жолға шықты. Әбекеңмен бірге Александра мен Ғалия дейтін екі медбике ілесті. Айқыш-ұйқыш жол, кемедей көлікті бесіктей тербетіп келеді. Түні бойы тоқтаусыз жүріп, таң саз бере малшының үйіне көлік тұмсығын бір-ақ тіреді.
Шынында, баланың халі өте ауыр. Соқырішек жарылып кеткен. Әрі-бері әурелеуге болмайды. Денсаулық көтермейді. Аманкелді Нұғманұлының шегінетін жері жоқ, хирург ойланбастан шұғыл шешім қабылдауға тиісті. Өйткені мәселенің бір ғана жолы бар – киіз үйдің ішінде ота жасауға тура келіп тұр.
Киіз үйдің ішкі бөлігі толық санитарлық тазалықтан өтті, кереует ақ бөзбен қапталды. Құдды ота үстеліндей талапқа келді. Ендігісі нартәуекел! Қолы шипалы хирургке үміт артқан ата-ана киізді айналшықтап, уайым жеп жүр. Еркек басымен жанардан парлаған жасты сүртіп әлек. Қайтсін байғұс, баласын жамандыққа қимайды, аяғынан тік тұрып кетсе дейді. Бұл кезде ауыр ота да басталып кеткен еді.
Алдын ала бойға қуат берер түрлі емдік шара жасалып, баланың беті бері қарағандай болғанымен, үміт пен күдік арпалыста. Тағдыр үшін тартысқа араша түсу – өзіне, кәсібіне сенген адамның ғана байламы. Мұндай батыл әрекетке «менмін» дегеніңнің өзі бата алмай шегіншектейді. Оның себебі де бар, алда-жалда мүлт кетсе, баланың обалына қалам ба деп қорқақтайды. Иә, қазір өмір кілті – тәңір мен дәрігердің қолында. Өте қауіпті ота болғасын жас хирург Әбекең әбден терге малшынды, бір жағынан аптап ыстық жүректі қыспақтап тұр. Бір құдайдың бары рас, сірә, оң көзбен қараған екен, үш сағатқа созылған ота сәтті шықты. Бір-екі күн әлденіп алғанша, екі медбикеге баланы бақылауда ұстауды тапсырды. Жолға жарайды деген жағдайға жеткенде ғана Әбекең аудандық ауруханаға алдырып емдеді, тоғыз күн өткенде бала аттай тұрып, шауып кетті. Осы оқиға облыста үлкен сенсацияға айналды. Тіпті облыстық денсаулық сақтау саласының басшысы шақыртып: «Мұндай қадамға бару дәрігер үшін ұлы ерлік. Сенің тәжірибеңді екінші ешкім қайталай алмауы мүмкін» дегені бар. Бір қызығы, сол Роман өсе келе дәрігер болуды армандапты. Сол мақсатпен Аманкелді ағасына ұдайы хабарласып, кеңес алыпты. Тіпті Әбекең өзі Ақтөбеге апарып, мединститутқа қабылдануына түрткі болған. Осынша жағдайдың жай-жапсарын денсаулық деген ұлы байлық байланыстырды, сөйтіп сәттілікке сабақтастырды.
Есті естеліктің тағы бірі еске түсті. Менің «Жас Алаш» газетінде қызмет істеп жатқан кезім. Ауылдан Әбекең жетсе, мәре-сәре болып, жігіттер бір жасап қалатын шақ. Сондай сәттің бірі болар, сол кезгі бас редактор, бүгінгі қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан редакция ұжымын жинап, тұрақты авторымыз Аманкелді Суханберлиев туралы тағылымды әңгіме шертті.
– Сіздер журналистпін деп шіренесіздер, ал дәрігердің жазғанымен салыстырғанда көпшілігінің шығармасы кемшін түсіп қалады. Әсіресе, оның проблемалық мақалалары журналистік зерттеудің алдыңғы сапында тұр. Байқоңырдың базынасын, кенезесі кепкен Аралдың күйін, экологиялық аймақ тұрғындарының денсаулық жайын қозғау ой өлшемі жоғары маманның ғана қолынан келетін шаруа. Сондықтан сіздерге өнеге етіп айтып отырмын, –деп еді.
Сол сөз құлағымнан әлі кетер емес. Бұл баға журналистиканы жаны қалаған, әрі екінші мамандығым деп санаған, жан дүниесінің кеңістігі кең, тіл байлығы мен жазу шеберлігі шынайы шығармашыл өкілдің биік шоқтығын байқатты. Иә, ол 1968 жылы алғаш ұстаған қаламның құдіреті мен құндылығын бір мысқал төмен түсірмей, елу жылдан бері рухани серігі еткен ерекше жан. Табиғатынан танымы мықты, талғамы биік тұлғаны ел екі мамандық иесі деп таныса, оның бірі тікелей журналистикамен байланысты.
Бүгінде Аманкелді Суханберлиев алпыстың бесеуіндегі ел ағасы. Белсенді буын. Бір жағынан медициналық колледж студенттеріне дәріс оқиды, хирургия саласының қыр-сырын үйретеді. Ал, қаламгер ретінде шығармашылықпен әуелгі әрекетіндей біте қайнасып жүр. Оның жетекшілігімен ғылыми-көпшілік, рухани-танымдық республикалық «Нұр Жан» журналы жарыққа шығып келеді. Және «Нұржан Ишан Ата» атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының президенті. Аймақ өміріне белсенді атсалысады, рухани ортада беделді. Осындай жайсаң жанмен әңгіме осы жерге келгенде тұйықталды. Бәлкім, әлі де айтыла түсер ме еді, уақыттың тапшылығы маған мұрша бермеді.
Қаныбек ҚҰРБАН.