Өмір мектебіне баулыған аға
Бүгінгі тілге тиек еткелі отырған кейіпкерім Мемлекеттік қызмет саласында көп жылдық еңбегі бар, үздік мемлекеттік қызметші, үздік тәлімгер Байкөбеков Алғашбай Сыдықұлы.
Оның өмір жолына келер болсақ, Алғашбай Сыдықұлы 1955 жылғы 15 наурызда Қожабақы ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Білімі жоғары, 1974 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумын техник-механик, 1992 жылы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын саясаттанушы, әлеуметтік саяси пәндердің оқытушысы мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1974 жылы Қазалы ауданында «Казсельхозтехника» бірлестігінің слесары болып бастаған Әлекең, 1974-1976 жылдары Рига қаласында Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді.
1976-1980 жылдары «Сүт өнеркәсібі» Шымкент өндірістік бірлестігінің механигі, Ванновка «Сүт өнеркәсібі» май-сыр зауытының инженері, 1981-1983 жылдары «Сель-хозхимия» бірлестігінің база директоры, 1983-1988 жылдар аралығында Қазалы ауданында «Сельхозтехника» бірлестігінің инженер-технологы, гараж меңгерушісі, цех бастығы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы болды.
1988-1992 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің, Алматы менеджмент, экономика және болжау институтының тыңдаушысы. Бұл жоғарғы оқу орнына түсу Әлекеңе оңай болған жоқ. Аудандық партия комитетінің бюросының қаулысымен Алматы жоғары партия мектебіне 5 үміткердің ішінен үздік шығып, аталған оқу орнын тәмамдады.
1992-1995 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының бақылау жөніндегі 1-категориялық маман инспектор, 1995-1998 жылдары Қазалы қалалық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінің бастығы, 1999-2000 жылдары Көларық ауылдық округінің әкімі, 2000-2003 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, 2003-2007 жылдары осы бөлімнің меңгерушісі, 2007-2008 жыл¬дары аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, 2008-2013 жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, бөлім басшысы болса, 2013 жылдан бастап аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы болып абыройлы қызмет атқарды.
Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығы, Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығы мерекелік медалімен, мемлекеттік тілді, білім мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Абай аманаты» төсбелгісімен, Байқоңыр ғарыш айлағының 60 жылдығы және Ю.А.Гагариннің космосқа ұшқанына 55 жыл, Қызылорда облысы әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Қызылорда облысына 70 – жыл» мерекелік медальдарымен және Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдығы, Жалаңтөс баһадүрдің 440 жылдығы мерейтойлық медальдарымен мараппатталды.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.Байменовтің, 2012 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы – Тәртіптік Кеңес төрағасының «Алғыс хатымен» және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» Құрмет грамотасымен, «Сыр Медиа» ЖШС Бас директорының «Алғыс хаттарымен», Қызылорда облысы әкімінің, Қазалы ауданы әкімінің бірнеше мәрте «Алғыс хаттарымен» марапатталған. 2015 жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі», 2016 жылдың қорытындысында «Жылдың үзік тәлімгері» номинацияларын алды.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Алғашбай Сыдықұлы 1992 жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлының кесенесі құрылысын салуға, Ғани Мұратбаев 110 жылдық мерейлі тойын өткізуге, Жанқожа мешітінің ашылуына, Жанқожа Нұрмұхамедұлының 240 жылдық және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жылдық мерейтойын өткізу шараларында ұйымдастыру комиссиясының құрамында болды.
Алғашбай Сыдықұлы отбасында зайыбы Айнагүл екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білімді маман болып қалыптасуына жағдай жасап, 6 немере сүйіп отырған өнегелі ата-ана.
Мемлекеттік қызмет саласының майталманы А.Байкөбеков ширек ғасырдан астам уақыт бойы мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп, осы салаға жаңадан келген жас мамандарды тәрбиелеп, бағыт-бағдар беруден шаршаған емес.
Кеңес Одағының батыры, ұлт жанашыры болған Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпайтын, түтін аңдып үй аралап өсек айтатын кісіні «шал» десе, бір əулеттің қорғаны, сүйеніші болып айрандай ұйытып, уықтай тіреп отырған кісіні «қария» депті. Ал, тұтас бір ауылдың жоқ жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, тентегін түзеп, азаматын ардақтап отыратын кісіні, «ақсақал» деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, дау-дамайын шешіп, ұрпақ бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді сіңіріп отыратын, əр сөзі құран хадистеріндей қасиетті, қадірлі кісіні «абыз» деп атаған екен.
Өнегелі өмір жолында абыройға бөленіп, ұлағатты ұрпақ өсіріп, еңбегінің зейнетін көретін шаққа жеткен Әлекеңе зор денсаулық, отбасына амандық тілеп, абыз ақсақалдар қатарынан көріне беріңіз дейміз.
Жәнібек ӘЛИЕВ.