Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Өтіп бара жатқан апта ішінде Қазақстанның Чехиядағы Елшісі тағайындалып, бірқатар өңірде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішіндегі тағайындауларға шолу ұсынады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Марат Мұханбетқазыұлы 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбе қаласында туған. 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қаз КСР Ғылым академиясында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 1992 жылдан бастап – Қазақстан Республикасының Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары; Қазақстан Республикасының Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі; Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі. 1993 жылғы маусымнан бастап – Қазақстан Республикасының Президенті Аппараты басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі. 1994 жылғы қазаннан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі – Қазақстан Республикасының Президенті Аппаратының Ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі. 1995 жылғы қазаннан бастап – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі. 1999 жылғы ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі. 2000 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы. 2001 жылғы мамырдан бастап – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 2001 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2002 жылғы қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 2006 жылғы сәуірден бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2007 жылғы қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі. 2009 жылғы қыркүйектен бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2013 жылғы қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы. 2014 жылғы ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2017 жылғы қаңтардан бастап – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 2019 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. «Құрмет» (2002), І дәрежелі «Барыс» (2007), ІІ дәрежелі «Барыс» (2016) ордендерімен және алты медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері. Төтенше және өкілетті елші дәрежесіне ие.
Ақтөбе облысының тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысы қызметіне Жұмамұрат Алдашев тағайындалды.
Ол 1961 жылы Ақтөбе облысының Алға қаласында дүниеге келген. 1986 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша, 2006 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын дәрігер-оташы болып бастаған (1986-1987 жж.). 1993 жылы КСРО медициналық ғылымдары Академиясының хирургия Бүкілодақтық Ғылыми Орталығының базасындағы клиникалық ординатурасын бітірген. 1993-1996 жылдары Ленин орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері, 1996-1998 жылдары Ақтөбе қалалық № 1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, 1998 жылдың наурыз-қыркүйек аралығында Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары, 1998-2001 жылдары Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы, 2001 жылдың мамыр-қыркүйек аралығында облыстық клиникалық аурухана бас дәрігері, 2002-2005 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің аппараты әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің меңгерушісі. 2005 жылдан бастап Ақтөбе облысы әкімі аппараты мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Абай Тұрханов тағайындалды.
Абай Абдиманафұлы 1984 жылы туған. Еңбек жолын 2007 жылы Шымкент филиалында жол белгілері бойынша маман болып бастаған. 2008-2018 жылдары Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы, меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін атқарған.
Ал, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы лауазымын Айдос Оспанов атқарады.
Ол 1987 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша қаржыгер, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының магистрі. Еңбек жолын 2009-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің құрылымдық бөлімшелерінде сарапшы, бас сарапшы қызметтерін, 2017-2018 жылдары ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы қызметін, 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бөлім басшысы қызметтерін атқарған.
Түркістан облысында Қоғамдық даму басқармасы басшысының екі орынбасары тағайындалды. Бұл қызметтерді Дәурен Сариев пен Қайрат Әбуов атқаратын болды.
Дәурен Нұрланұлы 1990 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2011 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де экономика және бизнес бакалавры мамандығы бойынша білім алған. 2016-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және өңірлік даму бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Түркістан облысының ішкі саясат басқармасының идеологиялық жұмыстарды насихаттау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы; 2019 жылдың тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының «Рухани жаңғыру» және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.
Ал, Қайрат Базарбекұлы 1984 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді маман 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы, 2011 жылы – «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын «Халықаралық қатынастар» магистрі бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің іс-жүргізушісі болып бастаған. 2012-2019 жылдары Шымкент қалалық №6 емханасының экономисі; ОҚО дін істері басқармасының бас маман-ревизоры; Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының діни ұйымдардың қызметін талдау және мониторингі бөлімінің бас маманы; ОҚО дін істері басқармасы әкімшілік бөлімінің бас маманы; Түркістан облысының дін істері басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы; Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттардың келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Сәкен Арубаев - Жамбыл ауданының, Бақыт Қазанбасов Талас ауданының әкімі болып тағайындалды.
Сәкен Арубаев 1976 жылы туған. М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетін 1998 жылы «жерге орналастыру инженері», 2006 жылы «экономика бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Жамбыл облыстық ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығында инженер жерге орналастырушы болып бастаған. Әр жылдары, Жамбыл облыстық жер инспекциясының, облыс әкімі аппаратының бас маманы, облыс әкімінің көмекшісі, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, облыстық әкімдігінің жер қатынастары және табиғи ресурстармен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, Мойынқұм ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2013 жылдың маусымынан бастап облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары болды.
Талас ауданы әкімі болып тағайындалған Бақыт Алпысбайұлы 1961 жылы туған. 1996 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «инженер-технолог», 2005 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «қаржы» мамандықтары бойынша бітірген. Өз еңбек жолын 1981 жылы №2 Жамбыл астық комбинатында жұмысшы болып бастады. Сондай-ақ, әр жылдары аталған комбинатта аға мастер, бөлімше меңгерушісі, цех бастығы, «Ақ бидай» ААҚ директоры, «Зар-Замин» ЖШС шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс жасаған. Одан кейінгі жылдары Жамбыл ауданы Аса ауылдық округінің әкімі, 2011-2013 жылдары Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2013-2017 жылдары Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Ержан Еркінбаев «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
Ержан Мәлікұлы 1982 жылы 7 маусымда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Түрлі жылдары жеке компанияларда жобалар жетекшісі, заңгер болып жұмыс істеген. 2009-2013 жылдар аралығында «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының бас директоры болып қызмет атқарған. 2013-2016 жылдары – «Медеу» спорт кешенінің бас директоры. 2016-2019 жылдары Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінің директоры болды. Биылғы қазан айынан бастап қазіргі дейін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарды.
«Қазақ радиолары» ЖШС директоры қызметіне Ернұр Бурахан тағайындалды.
Ернұр Көшерханұлы 1981 жылы 16 маусымда дүниеге келген. Журналистика саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар. 2007-2011 жылдар аралығында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында тілші, редактор, редактор-жүргізуші, шеф-редактор қызметтерін атқарған. 2011 жылдан бастап, әр жылдары бірқатар мемлекеттік мекемелерде баспасөз хатшысы, 2013-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, 2015-2017 жылдары Ақтөбе облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. 2017 жылдан бүгінге дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы «Aqtóbe» телеарнасының директоры болған.
inform.kz