Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тайып кеудесіндегі талант

Тайып кеудесіндегі талант

Осы бір жүзіне нұр тұнған орта бойлы, қияқ мұртты жігіттің атына ауылдастары: «Біздің Тайып», «Тайып талантты азамат» деген мақтау сөздерді жиі айтады.
Біздің бүгінгі әңгіме арқауына айналдырғалы отырған кейіпкеріміз Тайып Құрманұлы Балымбетовты жас кезінен жақсы білемін. Ол 1976 жылдары туған жердегі Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектептің жоғарғы сыныбында оқыды. Сонда сабақтан бос уақытында қолынан күмбірлеген домбырасы мен сызылған баяны түспейтін. Ауыл орталығындағы мәдениет үйі сахнасы төріндегі әуелете шырқаған әндерін талай мәрте тыңдадық. Жиналған жұртшылықпен бірге дуылдата қол ұрып, қарымды қабілетіне риясыз ризашылық білдірдік.
Талаптыға нұр жауар. Тайып білім шаңырағынан түлеп ұшқан соң шаруашылықта жүргізуші болып еңбек етті. Жұмыстан қолы қалт еткенде өнер ордасы жанындағы көркемөнерпаздар тобы құрамынан табылып, талабын ұштаудан жалықпады. Сөйте жүріп, Балқаш педагогикалық училищесінен музыкалық мамандық алып, шәкірттер тәрбиелеумен айналысты. Көптеген балғын таланттар қанатының қатаюына ықпалын тигізді.
1999 жылдың күз айы болатын. Бірде Бекарыстан би ауылында тұратын інім – Дауылбай қырықтың қырқасына шыққан мерейтойын атап өту үшін қонаққа шақырды. Онда ағайын-туыспен бірге сыйлас құрбы-құрдастары да жиналды. Дастарқан басындағы ас мәзірінен кейінгі үзілісте аулада ән салынып, би биленді.
Көңілді кештің қыза бастаған шағында иығына баянын асынып, ортаға шыққан Тайып: «Ардақты ағайын! Той-думан баршаңызға құтты болсын! Мен балалықтың балдәуренін бірге өткізген досым Дауылбайға ән арнап шығарған едім. Соны бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынамын», – деді. Сосын музыкалық аспап түймелерін асқан ептілікпен басып, әсем әуен жетегімен әндете жөнелді.
«Қане, достар қоршала,
Әсем әнмен ырғала.
Би билейік ортада,
Досым-ау, досым-ау,
Келсеңші қасыма» деп шарықтаған «Досыма» әні жағалай отырғандардың жүрегін баурап, көңілдерді серпілтіп тастады. Қаумалаған көпшілік «Жарайсың Тайып!», Өркенің өссін!» деп өнерлі жігітті қолпаштай  келе ұзақ алақан соқты.
Сол жолы Тайыпты бұрын әнші, баяншы ретінде танып келсем, енді оның сазгерлік қыры да бар екенін аңғардым. Бұдан бөлек аудан орталығындағы талапкер сазгерлер қатарында өнер көрсетіп, түрлі байқаудың жүлдегері атанғанын естідім.
«Шын тұлпар дүбір шықса шыдамайды» демекші бойында киелі өнерге деген құштарлық қасиеті басым жан бүгіндері ондаған әннің авторы. Жергілікті сазгердің жүрек сезімінен туған «Туған жер», «Бөпешім», «Ерке қыз», «Аймаралдым» сияқты көптеген тартымды шығармашылық туындылары қазірде көпшіліктің көзайымына айналған. Бұл әндерді тыңдармандар әрдайым жылы қабылдап, оның атына алғыстарын жаудырады.
– Бәрі де балалық шақтан басталды. Мектептің бастауыш сыныбында жүргенімде ағам Тасболаттан баян тартуды үйрендім. Беріректе осы салаға араласып, мұғалімдік жолды таңдадым.
Менің отбасымдағылардың барлығы да өнерден қашық емес. Олай дейтінім, зайыбым Рысбике де мектепте қызметте болғанында өнерлі жандардан құралған үйірмеге қатысып, ән салды. Ал балаларым Қаhарман, Қасым, Олжастың да біз салған сүрлеуден алыстамағанын көріп, іштей қуанамын, – дейді Тайып өткен күндер туралы сыр ақтара сөйлеп.
Өнерін өміріне балап, асқаралы алпыстың төріне шыққалы отырған ардақты азаматқа мықты денсаулық, таусылмас шығармашылық табыс тілейміз.

Сахи ҚАПАР,
Бекарыстан би ауылы
12 қараша 2019 ж. 815 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031