Журналист білім шаңырағында
Биыл ақпарат саласында өзіндік орны бар, аудан өмірінің айнасы – «Қазалы» газетіне 10 жыл. Жыл басынан бері мерейлі мерекеге арналған іс-шаралар жүйелі өткізіліп келеді.
Осыған орай жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары Сахи Қапар Бекарыстан би ауылындағы Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектебі мұғалімдері мен шәкірттері ортасында болды. Оқырмандармен жүздескен журналист басылымның мерейтой үстіндегі қол жеткізген жетістіктері мен алдағы міндеттері және баспасөзге жазылу мәселесі туралы баяндады. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздары, шығармашылық жолға келу барысындағы қызықты естеліктерді ортаға салды. Педагогикалық ұжым мүшелерін «Қазалы» газетін үзбей алдырып оқитындар қатарынан табылуға шақырды.
Жиын барысында Баян Елбосынова, Тайып Балымбетов, Бүркіт Әзиев, Абзал Нұрғабылова, Жадыра Қалиева шығып сөйлеп, кездесуге қатысушы журналист пен газет редакциясының шығармашылық шыңнан көріне беруіне тілектестігін білдірді.
Кездесу соңында журналист С.Қапар өзі түлеп ұшқан білім ордасы жанындағы кітапхана қорына «Аманбай ахун», «Туған жерден түлеген текті азамат», «Атажұртым – айбыным» кітаптарын сыйға тартты.
«Қазалы» ақпарат