Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тарих тұнған сөрелер сөйлейді

Тарих тұнған сөрелер сөйлейді

Көнеден жеткен мұраны кие тұтып, қастерлеу қазақтың қанына сіңген қасиет. Өткен дәуірдің куәсі болып саналатын тарихи жәдігерлердің бастапқы қалпын бұзбай, сақтаулы күйінде келер ұрпақтың қолына табыстау қазіргі қоғамның мойынына жүктелген міндет. Осындай жадыны жаңғыртар бағзы бұйымдарды шашау шығармай, халыққа қалтқысыз жұмыс атқарып келе жатқан қара шаңырақ – Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музей екені белгілі.

1967 жылы Қазалы қалалық кітапха­насында мүйіс – көрме негізінде ашылған музейге 1968 жылы ХІХ ғасырдың соңында орыс көпесінің үйі болған. Кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілген.
Бастапқыда екі бөлмеге ғана жиналған музейге 1981-1984 және 1991-1992 жылдары қосымша құрылыстар жүргізіліп, 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен.
Қазіргі таңда мұнда жеті экспозициялық, көрме және «Тәуелсіз Қазақстан» залы жұмыс істейді. Мұнда өңірде өмір сүрген батыр һәм билердің ғұмырнамасымен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Қазалы қаласының қалыптасу кезеңінің фотосуреттерін, ескі шаһарға қатысты тарихи маңызды құжаттарды табуға болады. Және де түрлі уақыт аралығында тұрғындар арасында қолданыста жүрген әшекей бұйымдар, ұмытыла бастаған тұрмыстық заттар көптеп кездеседі.
1956 жылдан бастап Ғани Мұратбаевтың өмірін зерттеу басталды. Жеке басына қатысты көптеген деректер Алматыда тұрған зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан алынған.
Мұнда Ғанидың көпке беймәлім балалық шағынан басталған өмір жолы, ақтық сапарға аттандыру шаралары кезең-кезеңімен қойылған. Музей қорында оның қолымен жазылған хаттары, аудармасы, жиналыстарға қатысу туралы рұқсатнама қағаздарына дейін сақталған. Қызметте жүрген шағында мемлекеттің әр түкпіріне жасаған сапарлары, қатысқан съездері туралы сыр тарқататын құжаттар мен фотосуреттер де кездеседі. Сонымен бірге Ғани туралы жазылған кітаптары мен замандастарының естеліктері жинақталған.
Музей қорында 3448 жәдігер жиналған, биылғы жылдың өзінде 138 экспонат қабылданды.
Жыл сайын музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ғаниға қатысты кітап­тар шығарылады. Атап өтсек, Ғани Мұратбаевтың 105 жылдық мерейтойы қарсаңында ол жайында жазылған жырлар мен поэма-толғаулардан және әндерден жинақталған «Мен – Ғанимын!», 2008 жылы музейдің негізі қаланғанына 40 жыл толуына орай музей тарихынан құрастырылған «Ғани тағылымы» атты еңбектер жарыққа шықты.
2012 жылы Ғанидың 110 жылдық мерейтойы құрметіне «Ғани» атты жинақ басылды. Оған музей қорындағы Ғанидың замандастары мен серіктестерінің естеліктері, Ғаниға қатысты жиындарда, мерейтойларда айтылған сөздер, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар және Ғани өмірін зерттеушілер мен ізбасарларының естеліктері енді.
2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2017 жылы «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары» атты жинақ және әр жылдардағы музей жұмысы туралы буклет-кітапша шығарылды.
2018 жылы музейдің ашылғанына 50 жыл толуына байланысты ауданда бірқатар ауқымды шаралар өтті. Облысқа аты танылып үлгерген қолөнершілер мен аудандық «Жас прожект» жобасының аясында еңбектеніп жүрген шеберлердің көрмесі қойылды. Онымен қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция отырысы ұйымдастырылды. Аталған конференцияда «Ғанидың қара шаңырағы» тақырыбындағы кітаптың тұсауы кесілді. Тағы бір қуанарлық жайт, 2018 жылдан бас­тап музей Қазақстан Республикасының тұлғалық музейлер қауымдастығына мүшелікке қабылданды.
Музей жанында бабалардан қалған бай мұраны халық арасында насихаттап жүрген үш буын өкілдерінен құрылған «Өнеге» бірлестігі және Ғанидың өр рухты өмірін, қысқа ғұмырында жасап кеткен үлгілі қызметін жас жеткіншектер арасында тағлым ету үшін жұмыс жасайтын «Жас Ғанитанушылар» оқушылар үйірмесі құрылған.
Атаулы мерекелерде, мемлекеттік мейрамдарда, Ғани Мұратбаевтың туған күні мен қайтыс болған күні қарсаңында музейде «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, келушілер тегін экскурсия жасай алады. Роза Асанова жетекшілік жасап отырған музей аудандағы барлық мәдени шараларға белсенді атсалысып келеді. Осы жылы да көптеген виртуалды, жылжымалы көрмелер қойылып, музей жұмысы кеңінен насихатталды.
Биыл Қазалы ауданына іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары: Б.Мамраев, К.Мұсырман, Н.Дулатбеков, Б.Мәкен музейге бас сұғып, Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметіне және өлке тарихына арналған музей экспозициясымен танысты.
Ауданда жалғасын тапқан ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы және Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналған, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан елдерінен мәдениет өкілдері қатысқан «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалінде «Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі» атты көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы ұжымның ұйымдастыруымен «Өнеге» бірлестігінің мүшелері, БАҚ өкілдері «Тарих – Туризм» атты аймақтағы рухани киелі орындар: Дәулет бақсы, Қосым қожа, Сартай батыр, Ақ ишан және Адам ата кесенелеріне экспедицияға шықты. Жас толқын қазыналы қариялардың шежірелі әңгімелерін тыңдап, бабалар рухына арнап құрбан шалынып, құран бағышталды.
Шығыстың жарық жұлдызы, жастардың рухани көсемі Ғани Мұратбаевтың туған күні жыл сайын ауданда жоғары деңгейде атап өту дәстүрге айналған. Мұнда ауданаралық кіші футболдан турнир мен ақындар мүшәйрасы өткізіледі. «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты ақындар мүшәйрасының биылғы бас жүлдесін №90 Абай атындағы мектептің оқушысы Әлихан Махашев жеңіп алды.
Бізбен қоштасарда музей меңгерушісі Роза Асанова: «Ұлттық құндылықтарды ұлағаттап, келушілерге тарихи жәдігерлер туралы толық мәлімет беру және қонақтардың қызығушылығын ояту біздің басты ұстанымымыз болып қала береді», – деген пікірін жеткізді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ


30 тамыз 2019 ж. 1 444 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930