"Музей түнін" тамашалады
Халықаралық музей күніне орай Әйтеке би кентінде музей түні болды. Аудандық тарихи-өлкетану мұржайының ұйымдастыруымен өткен шара аясында Қазалы теміржол вокзалының перронында «Музей – халықтың асыл қазынасы» тақырыбындағы көрме қонақтар мен аудан тұрғындарына таныстырылды.
Музей түнін өткізудегі мақсат – тұрғындар мен елге келген қонақтарды музей ісімен жақын таныстыру, көпшілікті ұлттық құндылықтарды және жергілікті мәдени мұраны сақтауға, қастерлеуге шақыру, өлке тарихын насихаттау болды.
Бүгінде Музей күнін әлемнің 150-ден астам мемлекеті мереке ретінде атап өтеді. Қазақстанда қазіргі уақытта 250-ге жуық музей бар.
Қазақстандағы алғашқы музейлік бастаманы 1828 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы ол өз ордасында музейлік көрме залын ашады. Кейіннен 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда музейлер жұмыс істеді. 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды. Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда барлығы 24 музей болды.
Ал «Музей түнін» өткізу идеясы ең алғаш рет 1970 жылдары ұсынылды. Алайда игі бастамаға ешкім мойын бұрмады. Әлем бойынша бұған алғаш рет 1997 жылы Германия «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен көрсетілді. Берлинде бұл шараға ресми Париж қызығушылық білдіріп, 2001 жылы Луврда музей түні өткізілді. Қазақстандағы алғашқы «музейдегі түн» 2006 жылы Алматы қаласындағы орталық музейде өтті.
Қазалы теміржол вокзалына қойылған көрмеден жұртшылық жергілікті суретшілер Мұхтар Қайруллаевтың «Мақсым жолы», «Ғасыр нәубаты», Рахымжан Талиевтың «Мұң мен Үміт», «Сыр елі – жыр елі», А.Әбішұлының, «Ерімбет Жаға», Орақ Зинуллиннің «Жұрт», «Ғани ауыл жастары» және тағы басқа картиналары мен әкелі-балалы қолөнер шеберлері Дүймановтардың бұйымдарын тамашалады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА