Халық қалаулылары – Қазалыда
Сейсенбі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Қазалы ауданында болып, тұрғындармен жүздесті. Кезекті іссапармен келген халық қалаулылары заң шығару қызметі, Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды заңнамалық қолдау туралы баяндап, тұрғындардың тілек-талаптарына ден қойды. Депутаттар бұл күні аудан ахуалымен танысып, маңызы бар нысандар мен өндіріс орындарын аралады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Нұрлан Дулатбеков, Бейбіт Мамраев, Бақтияр Мәкен, Кәрібай Мұсырман Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралап, халықпен жүздесті.
Халық қалаулылары алдымен Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиында Мәжіліс депутаттары ұстаздарға елімізде талқыланып жатқан «Мұғалім мәртебесі» туралы заң жобасын егжей-тегжейлі айта келе, толғандырған ұсыныс-пікірлерді министрліктің сайтына тікелей жіберуге болатынын жеткізді. Мұғалімдер бүгінгі таңда министрлік тарапынан мұндай ауқымды шараның қолға алынғанына қуанышты екендіктерін білдіріп, алдағы уақытта білім саласы қызметкерлерінің құқығы қорғалатынына сенім білдірді.
Білім шаңырағында депутаттар аудандағы инновациялық мектептердің қол жеткізген жетістіктерімен танысып, Е.Бозғұлов атындағы музейді аралады.
Мұнан соң Әйтеке бидің еңселі ескерткіші жанында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығын қосуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген ауқымды аумаққа аудандық мекемелер ғимараты мен 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, 2 қабатты 12 пәтерлік жалдамалы тұрғын үйлер, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме мен аудандық емхана ғимараты, демалыс саябағы да бой көтереді. Бүгінгі таңда екі нысанның құрылысы аяқталған. Оның бірі – Әйтеке бидің ескерткіші болса, екіншісі – Рәміздер алаңы.
Мәжілісмендердің келесі аялдаған жері өткен жылы пайдалануға берілген 150 төсектік орталық аурухана болды. Мұнда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлжихан Нысанова денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді айта келе, кейбір түйткілді мәселелерді де жасырмады. Одан соң аурухана ішін аралап, наурыз айында іске қосылатын «Ангиограф» медициналық аппараты орнатылатын орынды көрді.
Халық қалаулыларының жұмыс сапары Қазалы қаласында жалғасты. Тарихы тереңнен сыр шертетін шаһарда Шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне табан тіреді. Музей директоры Роза Асанова Бүкілодақтық комсомол жастар ұйымының жетекшісі болған даңқты жерлесіміздің туған жері туралы кеңінен әңгімелеп, біртуар тұлғаның өмір жолымен таныстырды. Ғанидың өзі тұтынған заттарымен оның жұмыс үстелін де көрсетті.
Мезгілінде Қазалының кірпіш зауытында шығарылып, ауданның брендіне айналған ащы кәмпиттің дәмін татқандар әлі күнге дейін тамсана айтатынын құлағымыз естіп жүр. Бүгінгі таңда бұл бизнесті жандандырып, республиканың әр қиырына жөнелтіп отырған «Қазалы кәмпит цехы» 8 түрлі кәмпит өнімін шығарып отыр. Цех меңгерушісі Фатима Қазбергенованың айтуынша, дайын тауарлар аудан орталығындағы базарлармен қатар Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қостанай қалалары мен облыс аумағына жеткізілуде. Цехтың жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаттары кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
***
Өңірдегі балық шаруашылығы туралы сөз қозғалса, облыстық мәслихат депутаты Аманбай Ерхатовтың есімі қоса аталатындығы белгілі. Себебі іскер азамат қазіргі таңда ауданның 60-тан аса тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік «Бақыт» шаруа қожалығымен бірлесіп кіші Арал теңізінің №8 учаскесінен, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Байтақ көлінен, Қазалыдағы «Қашқан су» көлінің балығын аулап келеді. Балық өңдеу цехы өнімді тазалайтын, тоңазытқыш қойылған бөлмелер мен сыйымдылығы 750 тонналық балық сақтау қоймасымен жабдықталған. Балық аулау, тасымалдауға арналған көліктер мен құрал-жабдықтар бар. Сапасы жоғары балық сүбесіне де сұраныс мол. Оған дәлел серіктестік өнімдері Германия, Дания, Голландия, Бельгия, Австрия, Польшаға тұрақты түрде экспортталуда. «СПК Қызылорда Балық» серіктестігінің күніне 4 тонна балық өнімдерінен сүбе (филе) дайындайтын цехы қазіргі таңда өнімді жұмыс істеп тұр. Парламент Мәжілісі депутаттары бұл цехқа арнайы ат басын бұрып, зауыт жұмысымен танысты. Өндіріс орнын аралатып, таныстарған технолог маман Ғазиза Құлнияз қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 80000, ал, жоғарғы еңбекақы 200000-нан асатынын жеткізді. Келген қонақтар балық өнімінің қорапқа салынып, қоймаға жөнелтілгенге дейінгі жұмыс барысымен танысып, ұйымшыл ұжымға жетістіктер тіледі.
Бұдан соң халық қалаулылары Жалаңтөс батыр ауылының тыныс-тіршілігімен танысу үшін жолға шықты. Алдымен Асылбек Нұрадинов басшылық ететін Қ.Пірімов атындағы №103 мектептің ғимаратын аралады. Қазіргі таңда 46 ұстаз жұмыс істейтін білім ошағында 242 оқушы тәрбиеленуде. Ал мектеп 250 балаға шақталып, 2010 жылы пайдалануға берілген. Ғимаратқа кіре берісте мектептің талантты шәкірттерінің қолынан шыққан көрме ұйымдастырылған. Бұған қарап ауыл балаларының қолөнерге деген сүйіспеншілігін айтпай-ақ аңғаруға болады. Мұнымен қоса еңбек ардагері Қашақбай Пірімовтың мұражайына бас сұққан депутаттар шаруашылық тарихы жайындағы мәліметтерге қанықты. Онда ұжымшар өмірін суреттейтін 250-ден аса жәдігер қойылған. Ішінде Н.Исаев, Т.Сандықбаев соққан шойын соқа, қолара, тырма, кетпен, орақ, тоғанақтың бірнеше түрі бар. Мұражайда сақталған Қ.Пірімовтың жазу машинкасы мен аяулы жары Зияданың диірмен, табақ сияқты тұрмыста қолданған заттарын көргенде сол заманның бір парасы көз алдымызда қылаң бергендей болды.
Елді мекеннің жай-күйімен танысуға келген депутаттармен кездесуге жергілікті тұрғындар ауылдық клубқа жиналды. Мұнда сөз алған ел қалаулылары облыс көлеміндегі атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдірді. Қызылорда қаласындағы 6 қабатты архив қызметі ғимаратын тұрғызуға пәрмен берген облыс әкімінің еңбегін тілге тиек етті. Айтуларынша, бұның тарихи оқиғаларды ел есінде жаңғыртуға тигізер үлесі зор. Мұндай мұрағат үйі Алматы қаласында ғана бар екен.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Бейбіт Мамраев: «Жақсының жақсылығын айт» деген. Өткенде Арал қаласында апаттық жағдайдағы 27 пәтері бар үй құлап қалғанын естідік. Абырой болғанда адам шығыны болмаған. Жақында аймақ басшысы Қ.Көшербаев баспанасыз қалған жандарға арнап жаңа тұрғын үй кешенін салып беріпті. Әрине, барлық жерде кезек арқылы үй берілетінін білеміз. Бірақ, мұндай жедел қамқорлықты бірінші рет көруім», – деп жүрекжарды лебізімен бөлісті. Сонымен қатар аудандағы көз тартар ғимараттар мен кәсіпкерлердің іскерлік қабілетіне таңдасын жасырмады.
Кездесуде жиналған жұртшылық депутаттарға көкейкесті сауалдарын қойып, ұсыныстарын жолдады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ,
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ