Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйелер шетелге экспорттала бастады

Түйелер шетелге экспорттала бастады

Қазалылық Есет Серімов басшылық жасайтын “Жеңіс” шаруа қожалығының түйелері Біріккен Араб Әмірлігіне экспорттала бастады. Бұл туралы бізге шаруа қожалығының басшысы айтып берді.
– Араб түбегінен келген қонақтардың көзі қазақтың айыр өркешті түйесі мен түркімендердің түйесімен будандастыру арқылы алынған «Бір туған нар» деп аталатын түйе тұқымына бірден түсті. «Бір туған нардың» 1-2 жасарын және асыл тұқымды айыр өркештінің де бірнешеуін алды, – дейді Есет Үсенәліұлы.
Расында табиғаты қатал БАӘ-де ойсылқара тұқымына сұраныс жоғары. Жазы аптап ыстық, айналаны сусыз шөл дала қоршағандықтан жергілікті тұрғындар өзге жануарларға қарағанда түйе түлігін өсіргенді қолайлы көреді. Ал, табиғатында ұқсастық бар біздің өлкеден алған түйелер араб кәсіпкерлерінің оң жамбасына келетіні анық. Сондықтан да олар “Жеңіс” шаруа қожалығынан 20 бас және тағы бірқатар кәсіпкерлерден 9 бас түйе сатып алған екен. Жыл соңына дейін тағы бір қайтара соғып, әлі де саудаласуды жоспарлап отыр.
– Олар бірінші кезекте 45 ойсылқара тұқымын сатып алды. Сол мақсатта арнайы ұшақ та жалдаған. Жыл соңына дейін тағы 100 түйе әуе кемесі арқылы Араб түбегіне жол тартады. Сондай-ақ, олар Сыр өңірінен 1000 бас қойды да ала кетпек, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.
Бүгінде 2000 жылы негізі қаланған “Жеңіс” шаруа қожалығында 400-ге жуық түйе мен осыншама қазақтың жабы жылқысы бар. Одан бөлек, аудан орталығындағы базарда шұбат, қымыз сататын дүкендері жұмыс істейді. Алдағы уақытта шаруа қожалығына қарасты заманауи кешен пайдалануға беріледі.
– Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен аумағы 1,8 гектар болатын бұл кешенде түйе, жылқы сауатын орын, мал бордақылайтын алаң, мал соятын қасапхана болады. Түйе, жылқы сауатын аппараттарды алып қойдық. Амандық болса, бәрі жаңа технологиямен жабдықталып, жұмыс өнімділігі артырылады. Мал шаруашылығы өнімдерін молайтуға бағытталған ауқымды жоспарлар бар. Соның бірі шұбатты пластикалық құтыларға құйып, сауда қа­тарларына шығару. Бұл әрине көп еңбекті, қаражатты қажет етеді, – дейді шаруашылық бас­шысы.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
06 қараша 2018 ж. 1 700 0

Абай кабинеті ашылды

05 қазан 2024 ж. 66

Мәртебелі мамандық

05 қазан 2024 ж. 69

Зерделі шәкірт зергері

05 қазан 2024 ж. 69

1070 жылдық өнеге

05 қазан 2024 ж. 51

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031