Самарқаннан басталған саяси салтанат
Жалаңтөс батыр туралы мәліметтер XVII ғасырдағы тәжік, парсы, орыс тілдерінде жазылған әртүрлі сипаттағы жазба дерек мәліметтерінде кездеседі.
1644 жылғы ресми орыс құжаттарындағы мәліметтерде Жалаңтөс батырдың есімі бірнеше рет қазақ сұлтаны Жәңгірге әскери көмекке келгендігі туралы оқиғаларда баяндалады. Тәжік-парсы тіліндегі тарихи шығармаларда оның есімі «би», «бахадур», «аталық» деген лауазымдармен XVII ғасырдың 30-40 жылдарындағы Мауереннахр мен Хорасанның саяси тарихындағы оқиғаларда ресми хандармен және билеуші аштарханилық әулет өкілдерімен қатар кездесіп отырады.
Сондай-ақ қазақ халқы мен өзбек халқының XVII ғасырдағы зерттеулерде де жиі кездеседі. Кейбір зерттеушілер Жалаңтөс батырдың есімін жалпы саяси оқиғаларды баяндау барысында, Мауереннахр билеушісі Имамқұли ханның сенімді серігі, тірегі болғандығымен түсіндіреді. Әсіресе, XVII ғасырдағы Орта Азиядағы мәдениет, сәулет өнеріне қатысты мәселелерді қарастыруды атаса, кейбір авторлар Жалаңтөс батырдың тарихи рөліне басты назар аударады.
Алғаш рет XX ғасыр басындағы алаш ардақтыларының бірі Халел Досмұхамедұлы 1928 жылы орыс тілінде Жалаңтөс батырдың шежіресіне арналған мақала жазып, оны «Год работы казакского высшего педагогического института» атты жинақта жариялауы ойымызға дәлел. Ал зерттеуші Б.Ахмедов 1982 жылы жарық көрген «Балх тарихы» атты монографиясында 1610-1640 жылдар аралығында Ауғанстан, Иран, Мауереннахр, Дешті Қыпшақ, Түркістан аумақтарында билеуші әулеттер арасындағы күрестер барысында болған саяси оқиғаларды баяндай отыра, оқиғаларда Жалаңтөс рөлін ерекше атап көрсетеді. Тіпті мәліметтерінің көбінде би, ал кейбір зерттеу жұмыстарында батыр, аталық, әмірлердің басшысы, ханның тікелей кеңесшісі деп айтылады.
Халел Досмұхамедұлы материалдарында: «Кіші жүз қазақтарының арасында Жалаңтөс батыр белгілі тарихи тұлға саналады, ол алшындардың әлім бұтағынан тарайтын төртқара руына жатады, ал оның тікелей ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезінде тұрады», – деген жолдар бар. Одан әрі батырдың шежіресін 1920 жылы белгілі шежіреші Молдиман Шонтаевтың аузынан жазып алғанын айтады.
«Әлімнен – Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Тегінболат; Қарамашақтан – Оразгелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш; Ораздан – Ақбан, Тоқбан; Тоқбаннан – Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл; Сейітқұлдың Сары бәйбіше атты қатынынан – Сейтімбет, Төлес, Ақша би; Ақша биден – Байбек, Шалым; Байбектен – Әйтеке би; Қаракемпір атты қатынынан – Қожағұл, Жалаңтөс, Қалматай, Түрікпен, Дүйсеней, Кенже, Семетей. Жалаңтөстен – Сатыпалды, Раңбай, Наурыз. Сатыпалдыдан – Тілеу; Тілеуден – Қара Абыз батыр. Қара Абыз батырдан – Дауыл би...». Жалаңтөстің ағасы Ақша би өз кезегінде атақты би болған. Ақша бидің немересі – Әйтеке би жарғы шығарушы үш бидің еді. Жалаңтөстің шөбересі Қара Абыз – айтулы батыр болған, қазақ аңыздары бойынша, Кіші жүзде Ералы Әбілқайырұлы хандық құрып тұрған кезде (1791-1794 жж.) қарақалпақтармен шайқас үстінде қаза тапқан.
Кіші жүзде Әлім тайпалық бірлестігі аға баласы делініп, ерекше құрметке ие болса, Әлім ішінде Төртқара тайпасы – билер көп шыққан тайпа ретінде белгілі. Мұның растығына бір ғана Сейітқұл бидің кіндігінен тараған – Ақша би, Байбек би, Әйтеке би, Жалаңтөс би, Қара абыз билерге қарап көз жеткізуге болады. Ал осы әулеттен XVIII-XIX ғғ. шыққан билердің саны қаншама! Жалаңтөстің де осы әулеттен шығып, би болуын – тектілік дәстүрдің сақталынуы мен жалғасын табуынан екені сөзсіз.
Шежірелік материалдар мен тарихи зерттеулердегі әдебиеттер мәліметтер Жалаңтөстің әкесі Сейітқұлды әрі би, әрі қазы және қазақ ханы Шығайдың жанындағы өте ықпалды тұлға болғанын айғақтайды. Шежіреде Жалаңтөс – Сейітқұл бидің он ұлының бірі. Оның шын есімі басқа болған да, Жалаңтөс – лақап есімі болған. Тарихта белгілі тұлғалардың тек лақап есімімен кең танымал болғандығы жөнінде мысалдар е көп. Жалаңтөс деген лақап оған ұрыстар мен шайқастарға сауытсыз-ақ қойып кетіп, жеңіп шыққаннан кейін берілген есім сияқты.
Шежірелік материалдар мен тарихи зерттеулер бойынша тарихнамада Жалаңтөс батыр 1576 жылы дүниеге келген тұжырым берік орныққан. Ол XVI ғасырдың соңында-ақ өзі өмір сүріп отырған аумағында белгілі тұлғаға айналған. XVI ғасырдың соңғы жылдары Қазақ хандығы мен оның оңтүстіктегі көршісі Мауереннахр үшін елеулі саяси оқиғаларға толы болды. Қазақ ханы Шығайдың билігі тұсында Мауереннахрдағы шайбанилық әулеттің билеушісі II Абдулла хан ішкі жауларына қарсы күресте қазақ билеушілерін одақтастыққа шақырып, Мауереннахрдың бір аймақтарын сый ретінде беріп отырады. Жазба дерек мәліметтері Ходжент аймағының қазақ ханына берілгендігін баяндайды. Ұзамай, 1598 жылы Абдулла II хан, алты айдан соң оның мұрагері Әбдмомын хан қайтыс болғаннан кейін Мауереннахрдағы шайбанилық әулет өз билігін түпкілікті тоқтатады. 1598-1599 жылдары Тәуекел ханның Орта Азияға жорықтары басталып, Ташкент, Самарқан, Ферғана қалалары қазақтардың қолына өтеді де, Бұқара қаласы қоршауға алынады. Бірақ та Тәуекел ханның қаза табуы Орта Азияны толығымен бағындыруды жүзеге асыртпайды. 1599-1600 жылы Орта Азияға жаңа әулет – Аштарханилық әулеттің билігі орнап, әулеттің алғашқы билеушілері Қазақ хандығымен бейбіт келісімдерге келеді. Түркістан, Ташкент қалалары мен оларға қарасты аймақтар Қазақ хандығының құрамына енгізіледі де, Ферғана, Бұқара, Самарқан аймақтары Аштарханилық әулеттің иелігіне беріледі. Самарқан аймағы сол тұста Қазақ хандығымен шекаралас болғандықтан, онда қазақтардың ықпалы сақталынып қалады. Алғашқы Аштарханилық билеушілер – Дінмұхаммед, Бекмұхаммед және Уәлімұхаммед хандардың ішкі саясаттағы басты мақсаттары жаңа аштарханилық әулеттің билігін тұрақтандыру болды. Ал сыртқы саясатының басты бағыты – Хорасан мен Балх аймағын Ираннан қорғап қалу болды. Мұндай жағдайда оларға жергілікті ішкі этно-саяси күштермен одақтасу, жақындасу өте қажет еді. Шығай ханның, одан кейінгі қазақ билеушілерінің ықпалды адамдарының бірі болған Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл бидің қазақ жерінен Мауереннахрға қоныс аударуы осы кезеңге тұспа-тұс келуі осы оқиғаларға тікелей байланысты болуы мүмкін. Нәтижесінде Самарқан аймағы мен қаласында қазақ ру-тайпаларының ықпалы, сол ру-тайпа бектерінің саяси рөлі артады. Жалаңтөс батырдың 35 жасында қала әкімі боп тағайындалуының бір себебі осы. Бұл қызметінде ол 40 жылдан аса отырып, Аштарханилар мемлекеті мен Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси тарихында терең із қалдырады.
XVII ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы Аштарханилық әулеттің арасындағы саяси қарым-қатынастардың сипатын салыстырмалы түрде бейбіт саяси қатынастардың қалыптасуының объективті және субъективті себептері жоқ емес.
Қазақ хандығы құрылған кезінен бергі бір жарым ғасырдай уақытқа созылған күрестерден соң XVI ғасырдың соңында Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалаларды (шығыс жазба деректерінде бұл аймақ осы дәуірде жалпылама атаумен-Түркістан атауымен атала бастаған) және Ташкент аймағын өзінің құрамына қосады. Бұл қалыптасқан жаңа саяси жағдайды аштарханилық әулеттің өкілдері ресми түрде мойындауға мәжбүр болады. Сөйтіп, Қазақ хандығы үшін бір тарихи кезең аяқталып, жаңа тарихи кезең басталады. Бір тарихи кезең аяқталды дегеніміз – XV ғасыр ортасында құрылған Қазақ хандығы шайбанилық әулетпен ұзаққа созылған күрестер жүргізу арқылы XVI ғасырдың соңында қазақ халқының этникалық территориясын, шекараларын қалыптастыруды аяқтайды. Тәуекел ханның мұрагері, әрі туған інісі Есім хан Сыр бойындағы Иассы қаласын Қазақ хандығының астанасы етеді, ол қала жаңа атауға – Түркістан атауына ие болады. Жаңа қалыптасқан этно-саяси жағдай – жаңа қоғамдық қатынастардың элементтерін тудырғандықтан, оларды құқықтық негізде реттейтін жаңа заң – «Есім ханның ескі жолы» өмірге келеді. Осылайша, XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың алғашқы жылдары Қазақ хандығының дамуы үшін өте қолайлы болып көрінгенімен, жаңа жағдай өз мәселелерін дүниеге әкеледі. Ол мәселе – Қазақ хандығының құрамындағы ерекше статусы бар Ташкент аймағының билеушісі Тұрсын ханмен Түркістан қаласындағы Есім хан арасындағы қарым-қатынас болатын. 1611 жылға дейін Түркістандағы Есім хан мен Ташкенттегі Тұрсын хан арасындағы қарым-қатынастар өзегі жарылмаған сыздауықтай жабық күйде дамыса, осы жылдан бастап Бұхара тағына Иманқұли ханның келуімен жағдай күрт өзгере бастайды. Ол туралы төменде сәлден кейін тоқталамыз.
1599-1611 жылдар аралығында Орта Азиядағы аштарханилар әулеті Қазақ хандығымен уақытша болса да бейбіт қатынастар орнатқаннан кейін әулеттің алғашқы билеушілері өз күштерін Хорасан мен Балх аймағын сақтау үшін, тіпті Бұхарадағы өз биліктерін сақтау үшін жұмсағаны белгілі. Мауереннахрға қызылбастардың билігімен қатар діні – исламның шииттік бағытының орнығу қаупі туады. Сол себепті де қазақ билеушілері оңтүстіктегі көршілері үшін ең мықты, ең сенімді одақтас болатын. Осы жағдай – Қазақ хандығы мен аштарханилар әулеті арасындағы саяси қарым-қатынастардың алғашқы кезеңінің (1599-1611жж.) бейбіт түрде болуының объективті сипатта болуына алып келді. Ал субъективті себептерге жеке тұлғалардың осы қарым-қатынастарға қосқан үлесі мен тигізген әсерлерін жатқызамыз. Қазақ тайпаларының Самарқан аймағындағы саяси, экономикалық ықпалы, әсіресе, Жалаңтөс батыр секілді белді тұлғалардың рөлі аштарханилық Дінмұхаммед ханға да, Бекмұхаммед ханға да және Уәлимұхаммед ханға да Қазақ хандығымен бейбіт қарым-қатынастар жүргізуге итермелеген деуге болады.
Жалаңтөс батырдың тұлғалық рөлі жазба деректерде 1611 жылғы саяси оқиғаларда көріне бастайды. 1605-1611 жылдары билікте болған аштарханилық Уәлимұхаммед ханның саясаты мен билігіне қарсы 1611 жылы ресми ханның ағасы Дінмұхаммед ханның ұлдары Имамқұли мен Нәдірмұхаммед сұлтандар бас көтереді. Уәлимұхаммед хан Иран билігіне арқа сүйесе, қос сұлтанға Жалаңтөс би бастаған Самарқанның билері мен әмірлері қолдау көрсетеді. Бұл деректе 35 жастағы Жалаңтөс батырдың есімі «би» лауазымымен самарқандық басқа әмір-билерден ерекшеленіп, солардың басшысы ретінде аталып тұр. Жалаңтөс батырдың тікелей қолдауымен жергілікті әмірлер сол жылдың ақпан айында Имамқұлиды хан көтереді. Зерттеуші Б.Ахмедов алшын Жалаңтөс би бастаған самарқандық әмірлердің Имамқұли ханға қолдау көрсетуін «Мауереннахр аумағында қызылбастар билігінің орнауына қарсы болуынан туындады», – деп түсіндіреді. Мұхаммед Юсуф Муншидың дерегіне қарағанда Иран шахының 80 мыңдық әскеріне арқа сүйеген Уәлимұхаммед ханды Имамқұли хан тас-талқан етіп жеңеді. Автор Иманқұл ханның жеңісін Хашим қожа деген дін басының ерекше ғажайып істерімен тікелей байланыстырады. Шындығына келгенде оқиға барысы былайша өрбиді. Уәлимұхаммед хан әскерінің өте көп екендігін білген Жалаңтөс батыр Имамқұли ханға «Қазақтардан, Есім хан мен Абылай сұлтаннан көмек сұрауға кеңес береді». Дәл осылай етіп Уәлимұхаммед хан да қазақтардан көмек сұрайды. Сөйтіп, Есім хан – Имамқұли ханға, Абылай сұлтан – Уәлимұхаммед ханға әскери қолдау көрсетеді. Екі жақ арасында үлкен ұрыс болып, Имамқұли хан жеңіске жетеді. Жеңілістің басты себебі – көмекке келген Абылай сұлтан мен қызылбастар әскерлері шайқасқа түспейді, керісінше, Уәлимұхаммед ханның ордасы мен тылын тонауға ұшыратады. Сол ұрыста Уәлимұхаммед хан қолға түсіріліп, 1611 жылы тамызда өлтіріледі.
Жалаңтөс қолдауымен билікке келген Имамқұли хан тек аштарханилық әулеттің кезекті билеушісі болып қана қойған жоқ. Оның билікке келуі Мауереннахрды Иран шахтарының билігінен құтқарды. Арғы жағында қызылбастар еліндегі исламның шииттік бағытының үстемдігі тұрған болатын. Мауереннахрдың жергілікті халқы VIII ғасырдан бері исламның сунниттік бағытын ұстанғандықтан, шииттік бағытты қабылдай қоймас еді. Қарсылықты сол тұста Жалаңтөс батыр секілді көзі ашық, көкірегі ояу саяси қайраткерлер жете түсініп, Имамқұли хан секілді тұлғаны діни мақсатта қолданады. Саяси және діни мақсат бір арнаға тоғысып, ортақ мақсат жеңіске жеткізеді. Осы мақсатқа жету жолындағы күрестің бел ортасында, тіпті басында Жалаңтөс батыр тұрды. Осылайша, атақты Имамқұли ханның Мауереннахрдағы 31 жылға созылған билігі Жалаңтөс батырдың қолдауы арқасында жүзеге асады. Біз Жалаңтөс батырдың Орталық Азия тарихындағы атқарған рөлінің бір маңызын осы сіңірген еңбегінен көреміз.
Жалаңтөс батырдың қолбасшылық өнері, әрі дипломатиялық шеберлігі әрі аумақтағы әмірлер арасындағы жетекшілік рөлі тек қана Имамқұли ханды билікке әкеліп қана қоймады, сонымен бірге Мауереннахр тұрғындарын исламның өзге бағытынан аман сақтап қалады. Өз кезегінде деректе жазылғандай, Имамқұли хан Жалатөс батырмен, Шүкір бимен кеңесе келе, Түркістан мен Ташкент қалаларын және оларға қарасты өңірлерді Есім ханға береді. Одан кейін Самарқан қаласының әкімі етіп Жалаңтөс батырды тағайындайды. Осы кезден бастап Жалаңтөс батырдың Мауереннахрдың саяси тарихындағы рөлі арта түседі. Жалаңтөс батыр бірнеше рет аштарханилық әулетке қауіп төндірген ішкі және сыртқы жауларды жеңілістерге ұшыратады. Балх билеушісі Нәдірмұхаммед хан 1623 жылы Иран шахына сүйенген Рүстем сұлтанға қарсы көп әскермен Жалаңтөс батырды аттандырады. 1631 жылы Абдалазиз сұлтан мен Жалаңтөс батыр Рүстем сұлтанды бір бекіністе қоршауға алады. Мынадай тарихи дерек Жалаңтөс батырдың рөлін нағыз анықтап береді. 1638 жылы Балх билеушісінің Мәскеу патшасына жазған хатында Балх пен Мәскеу арасындағы байланыстарға кедергі жасап отырған Ембі бойындағы қалмақтарға қарсы Имамқұли хан Жалаңтөс батырдың басшылығымен 12 әмірді аттандыруға ниеті бар екенін айтады.
1642 жылы Имамқұли ханның екі көзі көрмей қалады да, мемлекеттің әр аймақтарында бүліктер басталады. Ел мен жерінің тұтастығы мен бірлігін мақсат еткен Жалаңтөс батыр жергілікті бұхарлық әмірлермен ақылдасып, Балхтан Имамқұли ханның туған інісі Нәдірмұхаммед ханды шақыртып, билікке отырғызады. Сондай қызметі үшін ол ханнан иқта алады.
XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы саяси қарым-қатынастардың екінші кезеңі – Иманқұл ханның билігі тұсында (1611-1642 жж.) өтеді. Осы кезеңдегі саяси қарым-қатынастарға Орта Азияда біршама саяси салмақ пен беделге ие болған Жалаңтөс батыр өзіндік ықпал жасап, әсерін тигізеді. Бұл мәселелер біз үшін өте маңызды болғандықтан оған тереңірек тоқталық.
Солтүстіктегі Қазақ хандығының ықпалын бәсеңдету үшін Имамқұли хан 1613 жылы қазақ сұлтаны Тұрсын-Мұхаммедті Ташкент аймағының билеушісі етіп жариялайды. Сондай-ақ Тұрсын ханның күшейіп, дербес хан болуына да қолдау көрсетеді. Осылайша, XVII ғасырдың екінші және үшінші онжылдықтары Қазақ хандығының ішкі саяси тарихында Есім хан мен Тұрсын хандар арасындағы қарым-қатынастар «текетірес» деген атауға ие болады. «Текетірестің» 1627-1628 жылы Тұрсын ханның қаза табуымен аяқталғаны белгілі.
Қазақ тарихындағы «текетірес» жылдары Жалаңтөс батырдың қазақтың қай ханына қолдау көрсеткенін, кімді қолдағанын нақты дөп басып айту қиын. Дегенменде, болжам ретінде ол Есім ханға бүйрегі бұрған деуге болады. Оған бірнеше жанама дәлел бар. Егерде Тұрсын хан Жалаңтөс батырдан әскери қолдау көрсе, онда ол Есім ханнан жеңілмеген болар еді. Екіншіден, Есім ханның мұрагері әрі ұлы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы қарым- қатынастардың өте шынайы, таза болуын Жалаңтөс батыр мен Есім хан арасындағы қатынастардың жалғасы деп есептейміз. Әсіресе Жалаңтөс батырдың Жәңгір ханға әскери көмегі қазақ-жоңғар соғыстары кезінде қатты көрініс береді.
Ал Жалаңтөс батырдың Самарқан қаласындағы билігіне келсек, бірден мынаны аңғарамыз. Ол салдырған екі медресенің бірі – «Шердор» немесе «Арыстанды» медресенің салынған жылын Х.Досмұхамедұлы хижра бойынша 1028 жыл, ал қазіргі жыл санаумен 1019 жыл деп есептейді. Ал 1028 хижра жылын жаңаша тәсілдермен есептегенімізде «Арыстанды» медресесінің салынған жылы біздің қолданып жүрген жыл санауымыз бойынша 1615-1616 жылға сай келеді. Бұл Жалаңтөс батыр Самарқан билігіне келгеннен кейінгі 3-4 жыл немесе Иманқұл ханның Иран әскерін жеңгеннен кейінгі 4-5 жыл. «Арыстанды» деп аталуының бір себебі осында жатқан шығар. Өмірінің соңғы күніне дейін қаланы билеген Жалаңтөс батыр тек Иманқұл ханмен ғана емес, оның мұрагерлерімен де жақсы қатынаста болады. Жергілікті өз ру-тайпаластарының, түрік тілдес тұрғындардың, сондай-ақ басқа тілдес тұрғындардың Жалаңтөсті қолдауы оны өмірінің соңына дейін билікте болуға жағдайлар жасайды.
Жалаңтөс батырды қазақ халқының есінде қалдырған іс-әрекеттерінің келесі бір жиынтығы – XVII ғасырдың 30-40 жылдарына сәйкес келеді. Бұл жылдар-қазақ-жоңғар әскери қатынастарының алғашқы кезеңі болатын. Біз шартты түрде бұл жылдарды – «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі» деп атадық. Және де осы қатынастарда тікелей Жалаңтөс батырдың әскери көмегі қазақтардың жеңіске жеткуіне көп көмегін тигізеді. Бұл біздің қарастырып отырған мәселеміздің негізгі бір бөлігі болғандықтан оған тереңірек тоқталық.
Қазақ халқы өзінің шығысындағы көшпелі ойрат тайпаларымен ежелден бері күресіп келе жатқан болатын. Бұл туралы ортағасырлық жазба деректерде мәліметтер өте көп ұшырасады. Күрестер алғашқы кезеңде тонаушылық сипат алса, кейіннен сипатын өзгертіп, басқыншылыққа ауыса бастайды. 1635 жылы ойрат тайшыларының арасындағы күресте Хара-Хұла тайшының ұлы Батур жеңіске жетіп, көшпелі тайпаларды біріктіреді де, хантайшы атағын иеленеді. Жаңадан құрылған көшпелі мемлекеттің аты Жоңғар хандығы деп аталғандығы белгілі. Жоңғар билеушілері қазақтардың жерін басып алу арқылы өз іштеріндегі жер, жайылым тапшылықтарын шешуді мақсат етіп қояды. Бұл өз кезегінде қазақ-жоңғар соғыстарының басталуына алып келеді.
Тарихтан белгілі алғашқы қазақ-жоңғар соғыстары 1635 жылдың өзінде басталып кетеді. Бірнеше жылға созылған ұрыстар мен шайқастар екі жақты да алма-кезек уақытша жеңістерге жеткізгенімен нақты жеңімпаз анықталмайды. Мұндай жағдайда соғысушы екі жақтың да билеушілері болашақ жеңістердің кілті – мықты, әрі сенімді одақтас табуда екендігін жақсы түсінеді. Батур хантайшы өзіне одақтастарды ойраттарға туыс тайпалар – халхас, холт тайпаларының хандары мен көптеген ұсақ тайшылардан табады. Ал Қазақ хандығы одақтастарды көршілес мұсылман елдерінен іздестіреді. Ортағасырларда қалыптасқан дәстүр бойынша екі ел арасындағы бейбіт, одақтастық шарттардың көп жағдайда билеуші әулет өкілдері арасында туысқандық қатынастармен нығайтылып отыратыны белгілі. Сол дәуірдің тарихшысы Шах Махмуд Шорас осы жылдары Жәңгір хан елшілігінің Шығыс Түркістандағы Моғол билеушісіне келгендігін айта келе, қазақ ханшасының Абдулла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға ұзатылғанын баяндайды. Дәл осындай билеуші әулеттер арасындағы туысқандық қатынастар қазақ билеушілері мен аштарханилық әулет өкілдері арасында да қалыптасады. Т.И.Сұлтанов Есім ханның бір қызының аштарханилық билеуші Иманқұл ханға (1611-1642 жж) ұзатылғанын айтып өтеді. Осы жерде Жалаңтөс батырдың әрі би әрі қолбасшы және аштарханилар мемлекетіндегі беделді саяси қайраткерлердің бірі, сондай-ақ Иманқұл ханның жақын серігі екендігін ескере келе, екі жақты қатынастың қалыптасуында қазақ батырының белгілі бір дәрежеде ролі болған деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы туысқандық қатынастар одан кейін де жалғасын тауып, 1640 жылдары Жәңгір ханның (деректерде Қазақ ханым деп айтылады) бір қызы болашақ Бұхар ханы Абдалазизге ұзатылады. Ал Жалаңтөс батырдың Абдалазизге аталық болғандығын ескерсек, бұл жерде оның ролінің ерекше болғандығын көреміз. Осылайша XVII ғасырдың 20-40 жылдары Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастардың дамуында Жалаңтөс батырдың ролі зор болған дейміз. Қазақ хандығы үшін мұндай одақтастықтың Жоңғариямен соғыстарда маңызы аса жоғары болады.
Жалаңтөс батыр қазақ билеушілері мен аштарханилық әулет арасындағы достық, одақтастық қатынастарды қалыптастырушылардың бірі ғана емес, сонымен бірге одақтастық шартқа сай оның талаптарын жүзеге асырушы тұлға болып саналады. Біз оны 1640-шы жылдардағы қазақ-жоңғар соғыстарының барысынан көре аламыз. Жалаңтөс батыр 1643 жылы 20 мыңдық әскермен Жәңгір ханға жетіп, жоңғар хантайшысының кейін шегінуінде шешуші рол атқарады. Шартты түрде Орбұлақ шайқасы деген атауға ие болған бұл шайқас туралы тарихи әдебиеттерде көп баяндалғандықтан біз ол жөнінде тоқталып жатпаймыз. Тек қана осы шайқастардағы Жалаңтөс батырдың ролі туралы сөз етеміз.
1742-1745 жылдары аштарханилар әулетінде Нәдірмұхаммед ханның ұлы – Абдалазиз хан билік құрып отырды. Жалаңтөс батыр болса, осы Абдалазиз ханның аталығы болғанын атап өттік. Екі билеуші әулет арасындағы туыстық қатынастар Имамқұли ханның кезінде де болған еді. Осындай туыстық қатынастармен бірге екі әулет арасында өзара әскери көмек көрсету туралы келісімдер болған деуге болады. Имамқұли ханның кезінде, одан кейінгі жылдары да қазақ сұлтандары бірнеше рет Бұхара әскеріне қызылбастарға қарсы күресте көмек қолын созған еді. Біз де осындай көмекті аштарханилық әулет тарапынан болған дейміз. Соның нақты бір көрінісіне – 1743-1744 жылдың қыс айларында Жәңгір сұлтанға Жалаңтөс батырдың 20 мың әскермен көмекке келуі жатады. Осылайша, Жалаңтөс батыр Қазақ хандығы үшін осындай сындарлы кезеңде ол әрі саясаткер ретінде, әрі қолбасшы ретінде қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қызмет етеді.
Жалаңтөс батырдың шыққан тегі мен ата-бабалары қазақ халқының құрамындағы алшын одағындағы алты ата әлім деп аталатын тайпалық бірлесіктегі төртқара тайпасы. Бұл тайпадан қай кезде де атақты билер – Сейітқұл би, Ақша би, Әйтеке би секілді ірі тұлғалар көп шыққан. Жалаңтөс би де сол дәстүрді жалғастырушы тұлға ретінде тарихта қалады.
Екіншіден, Жалаңтөс батырдың тұлғалық болмысы XVII ғасырдың басында байқалып, ол алғашында батыр ретінде көзге түссе, одан кейінгі жылдары жеке басының қасиеттері арқасында әрі батыр, әрі би ретінде байқалады.
Үшіншіден, Жалаңтөс батырдың 1611 жылы Мауереннахр тағына аштарханилық Имамқұли ханды әкелуінің діни астары да болды. Ол Иран аумағындағы исламның шииттік бағытының Орталық Азия аумағында орнығуына жол бермеді.
Төртіншіден, Жалаңтөс батыр 30 жылдан аса уақыт бойы Мауереннахрдың саяси тарихындағы ең көрнекті, ең беделді тұлғалардың бірі бола білді және сол арқылы Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдың саяси тарихында өзіндік ізін қалдырды. Сондай із қалдырған оқиғалардың біріне – оның 1643-1644 жылғы Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір сұлтан бастаған қазақ жасағына әскери көмекке келуі жатты.
Жалаңтөс батырдың өз заманында туған елі мен жері үшін, мемлекеті үшін атқарған істері мен еңбектері орасан зор, оның өмірі өскелең ұрпақ үшін өнеге. Өз тарихын терең зерделеуге бет бұрған қазақ халқының қазіргі кездегі өскелең ұрпақтары батыр бабасының тарихи бейнесін ешқашанда ұмытпайды, оны әрдайым ардақтап, құрмет тұтады деп санаймыз. Болашақта Жалаңтөс батырдың тарихи бейнесін сомдап көрсететін зерттеулердің көптеп жарыққа шығатынына кәміл сенеміз.
Берекет Кәрібаев,
ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы












