Парсы дереккөздеріндегі Қазақ даласы туралы мәліметтер
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқының өткенін зерделеуде парсы тіліндегі жазба мұралардың орны ерекше. Иран, Хорасан және Мәуреннахр өңірлерінде дүниеге келген тарихи еңбектер мен сапарнамалар тек жергілікті билеушілер ғана емес, Дешті Қыпшақ, Жошы ұлысы және кейінгі Қазақ хандығы туралы құнды мәліметтер береді.

Орталық Азия мен Қазақстан тарихына қатысты парсы тілді деректерді зерттеп, «Тарих-и Герат» және «Тарихи Олжайту» кітаптарын қазақ тіліне аударған тарихшы, шығыстанушы-ирантанушы, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Жомарт Жеңіс Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында парсы тіліндегі еңбектердегі қазақ даласы туралы баяндап берді.
— Бұл кітаптарда қазақ тайпаларының Шыңғыс хан империясының құрамында болған кезеңі сипатталады. Сол кезде Иран «бесінші ұлыс» деп аталып, Хулагу мемлекетінің қол астында болды. Осы кезде Дешті-Қыпшақ (Жошы ұлысы) мен Иран арасындағы байланыстар өте күшті болды, — дейді тарихшы.
Жомарт Жеңістің айтуынша, институтта орындалып жатқан «XVI ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының беймәлім беттері» атты ғылыми жоба аясында парсы деректері кеңінен пайдаланылады.

Ерте кезеңдегі мәліметтер және Шыңғыс хан дәуірі
Х–ХІ ғасырларға жататын Истахри мен Масудидің («Тарихи Масуди») еңбектерінде түркі тайпаларының Иранмен қарым-қатынасы туралы алғашқы деректер кездеседі. Ол кезеңде «қазақ» этнонимі әлі толық қалыптаса қоймағанымен, парсы дереккөздері көшпелі тайпалардың өмірі мен тұрмысын мұқият сипаттаған.
— Истахридің жазбасында түркілік халадж тайпасының Систан аймағына дейін көшіп баратыны, киіз үйлерде тұрып, мал өнімдерімен күн көретіні және ата-бабаларына арнап мазарлар салатыны жазылған, — дейді Жомарт Жеңіс.
Келесі бір ортағасырлық деректерде қыпшақтардың шекараға жақын келіп қоныстанғаны, олардың халқының саны мен малының өте көп болғаны айтылады. Парсылар осы көшпелі тайпаларды бақылап отыру үшін екі елдің ортасына (қазіргі Түрікменстан аумағында) арнайы әскери бекіністер тұрғызғаны туралы да деректер бар.
Жомарт Жеңістің айтуынша, Иранды мың жыл бойы әртүрлі түркі әулеттері биледі. Олар қазақтармен дәстүрі ұқсас, мәдениеттес болды. ХVІ ғасырдан бастап Иранда Сефевилер әулеті билікке келіп, шиизмді мемлекеттік идеология ретіп бекіткеннен кейін, екі ортада қақтығыстар жиілейді.
— Қазақ ауыз әдебиетінің жауһарлары «Қамбар батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларында сипатталатын «қызылбастармен соғыс» — дәл осы Сефевилер әулетімен болған. Әмудария бойындағы үлкен қақтығыстардың бірінде тұтқынға түскен қазақ сарбаздарын Иранның солтүстігіне, қазіргі Әзербайжан аумағына апарып қоныстандырған. Олар бес ғасыр бойы жергілікті халықпен сіңісіп кеткенімен, бүгінге дейін Әзербайжанда «Қазақ» ауданы деген атаудың сақталып қалуы осы тарихи тамырластықты дәлелдейді, — дейді тарихшы.
Жалпы қазақтар туралы Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих», Ата Мәлік Жувейнидің «Тарихи жаһангушай», Нәдір шах туралы, Аббас шахтың кезіндегі «Алам Ара-и Аббаси», «Алам Ара-и Надири», «Надир-наме» деген еңбектерде айтылады.
Шыңғыс хан империясы заманында Иран аумағында елхан Хулагу мемлекеті («бесінші ұлыс») құрылып, Дешті Қыпшақпен (Жошы ұлысы) тығыз байланыс орнатты. Осы дәуірде жазылған Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» және Ата Мәлік Жувейнидің «Тарихи жаһангушай» еңбектерінде қаңлы, қоңырат, найман, керей, жалайыр және тағы басқа қазақ тайпалары туралы кеңінен баяндалады.
Каджарлар әулеті тұсында Ираннан шығып, Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өзге елдерге саяхат жасаған елшілер өздерінің «Сафар-наме» атты еңбектерінде қазақ жері туралы маңызды тарихи мәліметтер қалдырды.
Парсы тарихшылары мен саяхатшылары қазақ тайпаларын көшпенділер, мұсылмандар деп атап, «әскери жағынан өте жетілген, жауынгер халық» деп баға береді. Сондай-ақ олардың сыртқы нарыққа шығаратын негізгі тауарлары мал өнімдері мен жылқылар екенін айтып, құнды деректер қалдырған.
Қазақ хандарының дипломатиясы
Парсы дереккөздерінде Қазақ хандығының аумағы «Түркістан», «Қазақ хандығы», «қазақтар» немесе «Дешті Қыпшақ» деген атаулармен кездеседі.
Ирандағы Нәдір шахтың (Афшарлар династиясы) тұсында Маңғыстау түбегі мен Батыс Қазақстан өңірі Иранмен өте тығыз қарым-қатынаста болды. Бұл аймақта Хиуа хандығы орналасқан еді және Нәдір шах осы өңірдегі қазақ хандарымен тікелей байланыс орнатты.
Әсіресе Қасым хан мен Тәуке ханның тұсында дипломатиялық қатынас ерекше күшейді. Қасым хан билеген тұста Қазақ хандығының шекарасы кеңейіп, халқы мен әскерінің саны артып, аймақтық империя дәрежесіне жетті. Осы сәттен бастап қазақ мемлекетіне тек Иранның ғана емес, алыс-жақын көрші елдердің түгелдей назары ауа бастады.
Жомарт Жеңістің мәліметінше, кейінірек Абылай ханның тұсында жоңғар шапқыншылығы мен Қытай тарапынан төнген қауіп-қатерге байланысты мұсылман елдерінің одағын құруға талпыныс жасалды. Қазақ билеушілері тек Иранмен ғана емес, ауған шахтарымен де байланыс орнатып, ресми хаттар жазысты. Осындай дипломатиялық қадамдардың нәтижесінде елшіліктер ашылып, екі ел арасында елшілер жүрді.
Байланыстың үзілуі
Тарихшының айтуынша, екі ел арасындағы мемлекеттік деңгейдегі бұл байланыстар Қазақ даласы Ресей империясының құрамына өткеннен кейін тоқтады. Хандық жүйе толығымен таратылып, дербес сыртқы саясат жүргізу құқығы жойылды.
Қазақ даласы үшін сыртқы саясат пен дипломатиялық қатынастарды Ресей империясының Сыртқы істер коллегиясы өз қолына алғандықтан, Қазақ хандығы мен Иран арасындағы мемлекеттік деңгейдегі тікелей байланыстар толығымен тоқтады. Тек халықтар арасындағы бейресми, тұрмыстық қатынастар ғана сақталып қалды.
Айта кетелік, 2024 жылы Қазақстан Ресейден XVII ғасырда жазылған бірегей парсы қолжазбасын алды. Кітап алғаш рет 1913 жылы Ташкентте Бақи-Жанбайдың жеке қолжазба қорынан табылған.













