Тағылымға толы кеш
Жуырда Қазалы аудандық Ардагерлер ұйымы және «Сауал» қоғамдық бірлестігі, Әйтеке би кенті клубының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында «Тәуелсіз елге – ақ бата» сайысы өтті.
Шараға ауылдық округтер мен кент орталығынан оннан астам ардагер қатысып, бақ сынады.
Сайысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі таңда бата мен тілекті айыра алмайтын жандар жетерлік. Өкінішке орай ондай олқылық ақсақалдар арасында да кездеседі. Мұндай мазмұнды шара ардагерлеріміздің қабілет-қарымы мен қазыналы қария болып, ел-жұртқа өзінің салиқалылығын танытуға таптырмас мүмкіндік. Әдемі қартая білу – үлкен өнеге. Осындай тағылымды сайысқа ауылдардан да келіп қатысып, осында көргендерін өздерінің құтты қоныстарына барып жасап жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Қазақ «Батамен ер көгереді» деп бекер айтпаған. Жақсы сөйлеп, ұлағатты ұрпақ қалыптастыру – біздің басты борышымыз, – деді О.Достанұлы.
Батаның мазмұндылығы мен мүлтіксіз орындалуын, дауыс ырғағының анықтылығын сарапқа салған байқауда өзгелерден дара шығып, бас жүлдені Жайылхан Оразымбетов иеленсе, бірінші орынды Алпамыс Түрікпенәлі қанжығалады. Мұнан соң екінші орынды Әли Шайқұл мен Баймахан Көбесов өзара бөлісті. Ал үшінші жүлдемен Гүлмариям Оспанов марапатталды.
Жиынға белгілі ақын, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» Сержан Берденов, ұлағатты ұстаздар Гүлжахан Шалболова, Ұлдай Рашова төрелік етті.
Кеш соңында барлық қатысушыларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Серік АҚМЫРЗА