Сыр сақасы»: Қызылордада үш буын өкілдері бір командаға бірігіп, асық атудан бақ сынады
Қызылордада 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – Ортақ мұрат» тұжырымдамасы аясында «Сыр сақасы» атты асық атудан облыстық сайыс өтті. Ұлттық ойынға негізделген жарыстың басты ерекшелігі – әр команда құрамында үш буынның өкілі, яғни ардагер, орта буын және бала бірге өнер көрсетті.Шараға барлығы 6 команда қатысты. Үш буын өкілдерінен құралған командалар асық атудан өзара бақ сынап, мергендік пен дәлдіктен шеберліктерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың негізгі мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу ғана емес, аға буынның тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізіп, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту.

«Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және балалардың толыққанды дамуына жағдай жасау – біз үшін маңызды бағыттардың бірі. «Әділет» партиясы өзінің тұғырнамасында адам әлеуетін дамыту, білім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, патриотизм мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға басымдық беріп отыр. Ал бұл құндылықтардың барлығы ең алдымен жас ұрпақтың тәрбиесінен басталады. Бүгінгі шара осы мақсаттардың қарапайым әрі нақты көрінісі деп ойлаймын. Біз аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға, ал ұлттық дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізудің осындай тиімді жолдарын көбейтуіміз керек. Үш ұрпақтың бір командада өнер көрсетуі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жақсы үлгісі», – деді «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай.
Өз кезегінде сөз алған ұлттық ойындарды дәріптеуші, асық ату шебері Райхан Наукеев ұлттық ойынның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
«Асық ату – баланың ептілігін, дәлдігін, мергендігін ғана дамытатын ойын емес. Оның тәрбиелік мәні де зор. Бүгін біз осы ұлттық ойынды үш буынның басын қосатын ортақ алаңға айналдырып отырмыз. Аға буын өз тәжірибесін бөліссе, жастар мен балалар ұлттық ойынның қыр-сырын үйренеді. Мұндай шаралар дәстүрдің сабақтастығын сақтауға ықпал етеді», – деді Жәнібек Жанайбек.
Жарыс барысында қатысушыларға асық атудың ережелері түсіндіріліп, ойынның ерекшеліктері таныстырылды. Асық ату – дәлдік пен мергендікті, ептілік пен шапшаңдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі.
Сайыс қорытындысы бойынша Темуров Қалабайдың командасы І орын, Абдикалиев Азеннің командасы ІІ орын, Көшеров Ибрагимнің командасы ІІІ орын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Үш ұрпақ – Ортақ мұрат» секілді жобалардың маңызы – әр буынды бір ортаға жинап, ұлттық құндылықтарды бірге дәріптеуге мүмкіндік беруінде. Қарияның батасы мен өнегесі, орта буынның тәжірибесі және баланың талпынысы тоғысқан жерде ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады.













