Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманауи технологияны меңгерген

Заманауи технологияны меңгерген

Адам денсаулығының ең маңызды құрамдас бөлігі әрі қоршаған әлемді танып-білудің басты құралы көздің көру қабілетін сақтау мен қорғау мәселесі бүгінгі таңда ерекше өзекті болып отыр. Өкінішке қарай соңғы жылдары түрлі көз ауруының түрі күрт көбейіп, тек қарттардың ғана емес, жас талғамайтын сырқаттар қатарына айналды. Әсіресе көз жанарының әлсіреуі, әртүрлі патология мен көру қабілетінің төмендеуі адамдар арасында жиі кездесіп, күнделікті өмір сапасына тікелей кері әсерін тигізуде. Бұл жағдай әрбір азаматтың өз денсаулығына, әсіресе көз саулығына бей-жай қарамай, оны сақтау жолдарын терең түсінуін талап етеді.
Көз ауруларының ішінде ересектер мен қарт адамдар арасында кең тараған ауру түрінің бірі – катаракта, яғни халық арасында «көзге ақ түсу» деп аталатын қауіпті дерт. Катаракта кезінде көз бұршағы біртіндеп бұлдырланып, сырттан түскен жарық сәулесінің көздің тор қабығына өтуі қиындайды. Соның салдарынан адамның көру қабілеті нашарлап, заттар анық көрінбей қалады.
Қазалы теміржол ауруханасының офтальмолог дәрігері Берік Жадырасынның айтуынша, аурудың пайда болуына түрлі фактор әсер етеді. Атап айтқанда, қарттық жас, көздің жарақаттануы, түрлі созылмалы аурулардың асқынуы, сонымен қатар қант диабеті, экзема, зат алмасу үдерісінің бұзылуы және ыстық температура жағдайында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеу катарактаның туындауына түрткі болады. Катарактаның туа біткен және жүре пайда болған түрлері де кездеседі.
Офтальмологтардың ескертуінше, дендеген дерт уақытылы емделмеген жағдайда толық соқырлыққа әкеп соғуы мүмкін. Ал бүгінде оның бірден-бір тиімді әрі нәтижелі емі – хирургиялық жолмен көз бұршағын заманауи жасанды бұршаққа ауыстыру.
Көз денсаулығына қатер төндіретін тағы бір жиі кездесетін жағдай, түрлі аллергиялық реакция. Көздің жиі қабынуы, қышу, қызару, жас ағу және ісіну секілді белгілер көбіне ағзаның қорғаныс жүйесінің сыртқы тітіркендіргіштерге шамадан тыс әсер етуінен пайда болады. Аллергияның туындауына үй шаңы, үйдегі жануарлардың түгі, өсімдік тозаңы, тағам түрлері, сапасыз немесе жарамсыз косметика, тіпті кейбір дәрі-дәрмек те себепкер бола алады. Мұндай сәтте тұрғындардың жіберетін ең үлкен қателіктерінің бірі – өз бетінше ем қолдану.
Берік Жадырасынның мәлімдеуінше, көзге кез келген дәріханадан алынған тамшыны өздігінен тамызу немесе күмәнді халықтық ем түрлерін қолдану жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қабыну мен аллергияның нақты себебін білікті маманның көмегімен анықтап, тек дәрігердің нұсқауымен ем қабылдау қажет.
Сонымен қатар қазіргі жаһандану мен цифрландыру заманында кең таралған көз патологияларының бірі – миопия, яғни алыстан көрмеушілік. Бұл жағдайда көз торына түсетін бейне дұрыс қалыптаспай, алыстағы заттар бұлдыр болып көрінеді. Әсіресе осы дерт мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында өте жиі кездеседі. Миопия көбіне жарық жеткіліксіз бөлмеде сабақ оқудан немесе жұмыс істеуден, көзге шамадан тыс күш түсіруден, кітапты немесе смартфон, планшет секілді гаджеттерді көзге тым жақын ұстап пайдаланудан туындайды. Мұндай кезде көз тез талып, айналадағы бейне бұлдырайды. Ал адам алыстағы затты анық көру үшін еріксіз көзін сығырайтуға мәжбүр болады.
Миопияны, катарактаны және басқа да күрделі көз патологияларын ерте сатысында анықтау көз жанарын толық сақтап қалудың ең сенімді әрі тиімді жолы. Осы мақсатта өңір тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету бағытында Қазалы теміржол ауруханасында аса құнды және заманауи офтальмологиялық құрылғы оптикалық когерентті томография аппараты сәтті іске қосылды.
Аталмыш құрылғы глаукома, көз нервісінің патологиясы, торлы қабық аурулары, макулярлы дегенерация және диабеттік, посттромботикалық ретинопатия сияқты диагностикалауға күрделі көз дерттерін аса жоғары дәлдікпен және ерте сатысында анықтауға толық мүмкіндік береді. ОКТ аппаратының басты артықшылығы – зерттеудің жоғары дәлдігі мен қателіктің аса төмен болуында. Өйткені озық технология көз түбіндегі микроскопиялық өзгерістерді анық көруге жол ашады. Жаңа құрылғының игілігін көру үшін аудан тұрғындары емханадағы офтальмология кабинетіне тіркеліп, арнайы тексеруден өте алады.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары әсіресе егде жастағы адамдар арасында кездесетін күрделі аурулардың бірі – макулярлы дегенерация. Ол көздің артқы сегментінің созылмалы, үдемелі ауруы болып табылады және көбіне 50 жастан асқан азаматтарда көру қабілетінің күрт төмендеуіне басты себепкер болады. Жаңадан іске қосылған ОКТ аппаратының көмегімен осындай қауіпті дерттерді де еш асқындырмай, ерте кезеңде дер кезінде анықтап, тағайындалатын емнің тиімділігін едәуір арттыруға толық мүмкіндік бар. Медицина қызметкерлері уақытылы профилактикалық тексеруден өту көздің саулығын ұзақ жылдар бойы сақтаудың ең мықты кепілі екенін ерекше атап өтеді.
– Көз – адамдардың айналадағы нәрселерді көруіне мүмкіндік беретін энергиясы. Көру мүшесі арқылы біз қоршаған әлемді танимыз. Темекіден бас тартып, компьютердің алдында ұзақ уақыт отырмаудың өзі көзімізді көптеген аурудан сақтап қалады. Және күн көзіне қарсы киетін көзілдірігімізді міндетті түрде тексеріп алуымыз керек. Өйткені оның да кері әсері көп. Ал ең бастысы дұрыс тамақтануымыз қажет.
Мәселен, қарапайым сәбіз – түрлі дәруменнің қайнар көзі. Әсіресе А дәруменінің арқасында көздің көру қабілетін жақсартуға болады. Аптасына 3-4 рет сәбіз салатын жеу қажет. Сәбізді үккіштен өткізіп, қаймақпен немесе кілегеймен араластырып, тіпті оларды қосып бұқтырма жасауға да болады.
Қаражидек В1 және С дәрумендеріне бай. Оның құрамындағы лютеин көру қабілетті жақсартып, көздің шаршауын басады. Сондықтан да қаражидектен жасалған тосапты көбірек жеуге тырысыңыздар, – дейді дәрігер.
Сонымен бірге қара шоколад көздің қан тамырларын сақтап, мүйізгек қабығын қатайтады. Көздің шаршауын басып, нұрландыруға да ықпал етеді. Ірімшік В2 дәруменіне бай. Оның құрамындағы рибофлафин зат алмасуды жақсартып, көздің алмасын нұрландырады. Ал В12 дәрумені көздің қанмен қамтамасыз етілуін бақылап, көру қабілетінің жақсаруына септігін тигізеді.
Асқабақ С, А, В1 және В2 дәруменіне бай және құрамында лютеин мен зеаксантин бар. Оның бойындағы мырыш көз ауруларынан қорғап, жанарыңызды жасартатын қасиетке ие. Асқабақтан түрлі тағамдар әзірлеуге болады. Оны қалай қолдансаңыз да өз құнарлығы мен пайдалы заттарын жоғалтпайды.
Жемістер көзге ғана емес, бүкіл ағзаңызға пайдалы. Күніне кем дегенде 2-3 түрлі жеміс жеуді әдетке айналдырыңыз. Соның ішінде ерекше киви, жүзім, апельсин, шабдалы, папайяны ерекше атап өтуге болады.
Жұмыртқаның да көздің саулығына тигізер пайдасы орасан. Оның құрамында көзді суқараңғылықтан сақтайтын күкірт, лютеин мен аминқышқылы бар. Тауық жұмыртқасына қарағанда бөдене жұмыртқасының құрамында бағалы заттар баршылық. Көзді құрғап кетуден сақтайтын А, В1 және В2 дәрумендері мен темір және мысты да табуға болады. Сондықтан да жанарыңыздың саулығын ойласаңыз, жұмыртқаны көбірек тұтыныңыз. Брокколи лютеин, каротин және зеаксантин деген заттегінің арқасында көздің түрлі аурудан қорғап, жанарын нұрландырады.
Балық пен балық майы – Омега-3 майлы қышқылының қайнар көзі. Бұл қышқыл көзге өте пайдалы болып келеді. Көру қабілетін жақсартып, жанарыңызды мөлдір етеді. Әсіресе, майшабақ, скумбрия, арқан балықтарын үзбей жеп тұруды әдетке айналдырыңыз. Пияз бен сарымсақты кез келген тамаққа қоса беріңіз. Оның пайдалы құрамының арқасында көздің көру қабілеті жақсарып, алысты да, жақынды да жақсы көретін болады.
Қорытындылай келе көз – адам өміріндегі ең қымбат, ең нәзік сезім мүшелерінің бірі. Оны қорғау, жүйелі түрде медициналық тексеруден өту және кез келген ауру белгісі байқалғанда мамандардың кеңесіне жүгіну әрбір азаматтың өз денсаулығына деген жоғары жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда Қазалы теміржол ауруханасының офтальмологиялық қызмет көрсету сапасын заманауи құрылғылармен жабдықтап, жаңа деңгейге көтеруі аудан тұрғындарының көз саулығын жақсартуға және дерттерді ерте сатысында жоюға бағытталған маңызды да нақты қадамдардың бірі болып табылады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
29 қыркүйек 2026 ж. 28 0

Тіл – ұлттың тұғыры

29 қыркүйек 2026 ж. 33

Қажырлы еңбек – ел мерейі

29 қыркүйек 2026 ж. 31

Балабақша – тәрбие бастауы

29 қыркүйек 2026 ж. 32

Доллар тағы арзандады

28 қыркүйек 2026 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930