Көзі ауыратындар саны көбейді
Қазіргі уақытта кейбір аурудың тым жасарып бара жатқаны дәрігерлерді алаңдатып отыр. Мәселен, ілгеріде көру қабілетінің нашарлауы егде жастағыларда жиі кездессе, кейінгі жылдары 20 және одан да жас балалар көзілдірік киюге мәжбүр. Олардың айтуынша, әсіресе, қалада тұратындардың қашықтан көру қабілеті төмен. Өйткені аспанмен таласқан үйлер, қызыл-жасыл жарнама, тым жарық көше шамдары көздің көру қабілетін төмендетіп, көкжиекке қарауға мүмкіндік бермейді.
Көз – адамның ең маңызды әрі өте нәзік мүшесі. Сондықтан да оны қорғай білу керектігін Қазалы теміржол емханасының дәрігер офтальмологы Берік Жадырасын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, көру қабілетінің бұзылуы медициналық тілмен – рефракциялық ақау деп аталады. Ол 3 түрлі болады. Біріншісі – миопия алыстан көрмейді, жақыннан көргіштік, екіншісі – гиперметропия жақыннан көрмейді, алыстан көргіштік, үшіншісі – астигматизм, көздің нашар көруі, яғни, алыстан және жақыннан көргіштікпен бірге байланыса дамиды. Жоғарыда аталған рефракциялық ақаулар туабітті тұқым қуалалайды немесе кейіннен пайда болуы мүмкін. Қайсысында болмасын, алғашқы сатысында анықталып ем қабылдаса, асқынудың алдын алуға болады.
Көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған орта тікелей әсер етеді. Яғни, жас балалардың көз жанарының бұзылуына ұзақ уақыт компьютер, смартфонды пайдалану, теледидарды жақыннан көру көп әсер етеді. Сонымен қатар көру қабілетінің нашарлауы сабақ орындау барысында жарықтың, дұрыс түспеуі мен кітапты тым жақын, не тым алыс көзге салмақ салып оқығаннан да болады.
– Қазір мектептегі әрбір үшінші бала көзілдірік тағады. Оны күнделікті жұмыс уақытында, болмаса оқушыларды жаппай медициналық тексеруден өткізу кезінде байқап отырмыз. Көру қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Сондай-ақ мектепте не үйде, тапсырма орындап жатқанда әр 10-15 минут сайын үзіліс жасап, көзге арнайы жаттығу жасаған жөн. Сабақ оқитын бөлмеге жарықтың мол түсуін қадағалау керек. Баланың бос уақытында компьютер, телефонмен ойнауына шектеу қажет, – деген кеңес берді дәрігер.
Көз ауруларының ішінде «Катарактаға» шалдығатындар көп болмаса да ара-тұра кездеседі. Бұл дерт көз бұршағының қарауытуынан пайда болады. Ол туа біткен және туғаннан кейін пайда болатын катаракта болып екіге бөлінеді. Дегенмен 50 жастан асқан адамдар аталған ауруға жиі шалдығады. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын ағзадағы зат алмасу процесі бұзылады. Содан кейін көз жанары да сола бастайды. Көзді қоректендіретін дәрумендердің жеткіліксіздігінен көру қабілеті төмендеп, көз қарашығының ішкі, сыртқы құрылысының қызметі бұзылады. Оның мөлдір қабығының жұмысы нашарлап, айқындылығы кемиді. Катаракта кезінде сыртқы сәуленің көз бұршағына өтуі қиындайды, көру қабілеті кемиді. Үлкендердің “көзімді шел басты” дейтіні де осы дерттің бастауы. Екінші жағынан түрлі себепке байланысты да пайда болады. Мәселен, ультракүлгін сәулелер, электр тогы, радиоактивті заттар көзге зиян. Тіпті, күн көзінде ұзақ жүру де жанарымызға кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар көздің жарақаттануы және ағзаның өзге мүшелерінің зақымдануы да ауруға әкеледі. Катаракта алғаш басталған кезде адамның көз алдында ұшып жүрген қара нүкте пайда болады. Кейде ол үлкейіп те көрінеді. Ал ауру асқынған кезде қарашықтың ортасын ақсұрғылт шел басады. Бұндай жағдайда адамдарға ота жасау арқылы ғана жарық сыйлауға болады.
– Біздің емханаға көрінген катарактамен ауыратын науқастар кезекке қойылып облыстық көп бейінді аурухананың офтальмология бөліміне оперативтік емге жолданады. Жыл басынан 60-қа жуық науқасқа оперативтік ем жасалды. Отадан кейін жағдайлары жақсы. Кезеңді түрде келіп тексеріліп тұрады, – дейді дәрігер офтальмолог.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елдегі әрбір үшінші бала түрлі көз ауруымен ауырады. Жалпы әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 проценті нәтижелі аяқталады. Яғни уақытында емдесе, толық сауығуға болады. Сондықтан мамандар көздің көруі нашарлауын күтіп отырмай, жылына бір рет офтальмолог-дәрігердің тексеруінен өткен дұрыс екендігін алға тартады. Негізі ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алудың орынды екені анық.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА