Граффити үшін жазаланады: ІІМ жаңа ережелер дайындап жатыр
Қазақстанда қоғамдық ғимараттар мен нысандарға жазу жазуға және сурет салуға толықтай тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр үкіметте вандализмге жол бермеу және қоғамдық орындарды бүлдірудің алдын алу шаралары туралы баяндап, осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды таныстырды. Атап айтқанда, Сәденовтің айтуынша, қоғамдық ғимараттар мен нысандарға жазу жазуға және сурет салуға тыйым салуды белгілеп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастыру ұсынылып отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырды.
"Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылыққа жол бермеу мақсатында қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет", - деді ол.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына граффити салуға әрекеттенетін адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
"Мемлекет басшысының сенімі бойынша, Қазақстан қалаларында бұған жол беруге болмайды. Бүкіл әлемде муниципалдық аумақтардың көркін бұзып, вандализм мен қасақана бұзақылықтың көрінісі ретінде танылған мұндай "шығармашылыққа" толық тыйым салу үшін заңнамалық және нормативтік сипаттағы шаралар қабылдау қажет", - деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.









