Қазалылық қылқалам шебері
Суретшілік өнер – бұл адамның ішкі сезімін, қиялын және әлемді қабылдауын бояу мен сызық арқылы қағазға түсіретін ерекше шығармашылық. Міне, осы талант Тастайбектің бойында жас кезден қалыптасқан деуге болады. Кішкентайдан бастап сүйікті ісіне айналған шимайлау оқушылық кездегі қабырға газеттерін шығару, жарыс, бәйгелерге байланысты түрлі төсбелгі, суреттер салуға ұласты. Тума талант деген болады. Осындай талантты адамдар шексіз ойларға қанат бітіре алады. Арнайы мектепке, немесе үйірмеге барып үйренбесе де оның таланты осы оқушылық тапсырмалармен ұштаса түсті.
Бара-бара сала салған суреттері мен салған сызбалары айналасы, сыныптастары үшін мектеп залына көрік беретіндей әсер ете бастады. Сурет салуға қызығып, талантының ұштала түсуіне сынып жетекшісі Сахит Жаленов ағайының да мықты әсері болды. Ұстазының бойында темірден түйін түйетін ісмерлігі мен суретшілік қабілеті қатар қалыптасқан. Ауылдастары да оның іскерлігін қатты құрметтейтін. Көмек қажет еткен кез-келген жаннан көмегін аямайтын ерекше азамат болды. Тіптен мектепте оқушыларға қажетті дүниелер бұзылып, істен шығып қалса соны жөндемей үйіне де қайтпауға бар ұстаз еді. Байсалды, даусын бір көтермей сөйлеп, асықпай, қылқаламмен суреттелер дүниелерді асықпай түсіндірер еді. Ағайының шеберлігіне қызыға еліктеген Тастайбек Иманғалиұлы табиғаттың көз тартар сұлулығына терең үңіле қарап, түрлі бояулармен сол сұлулықты салуға тырысты.
Тіпті қызыққаны сондай 8-сыныпта оқып жүргенде үйдегі сыртқа шығар есіктің жоғары жағындағы терезе әйнегіне акварельмен табиғаттың суретін салады. Бар ынтамен салынған сурет 7 жылдай сол терезе әйнегінде өшірілмей сақталыпты. Марқұм анасы Үржан терезені ешкімге сүрткізбей, үнемі өзі қадағалап отырады екен. Перзентінің сәтті шыққан, көргендер үшін керемет болып көрінетін туындысын қайран ана қорғаштай жүріп, оның мамандықтың осы түрінен құрметке бөленерін сезген де болар. Әйтеуір қарапайым бояумен салынған сол туынды жеті жыл көршілер мен келген қонақтардың көзайымына айналыпты.
Отбасы жағдайына қарай Бозкөл ауылына көшіп, 1971 жылы № 92 орта мектептің оныншы сыныбын бітірді.
1973 жылы арманы орындалып Алматы қаласы Абай атындағы педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне тапсырып, 1977 жылы аяқтайды.
Туған елге оралған соң шығармашылық өнерін шыңдай түсетін, қиялына қанат бітіріп, қылқаламына ерік беретін суретшілігін қалыптастыра түсу үшін, әрі мектептен де орын табыла қоймаған соң Қазалы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының шеберханасына суретші болып орналасады. Табиғатынан байсалды, әрбір ісіне мұқият, аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын Тастайбек салған суреттерімен ғана емес,тындырымды ісімен ерекшелене бастады. Көп ұзамай тіпті шеберхана меңгерушілігіне дейін жоғарылады. Шеберханадағы өзіндей 7-8 жас жігіттерді ұйымдастыра отырып, аудан, кент орталығындағы безендіру жұмыстарына елеулі үлес қосты.
Дегенмен тәмамдаған жоғарғы оқу орны мектеппен, шәкірттермен байланысты болғандықтан қызмет жасаған жұмыс орнынан 1979 жылы аудандағы Қаныш Сәтбаев атындағы №216 орта мектебіне бейнелеу өнері пәні мұғалімі қызметіне кіріседі. Шәкірттерді әсемдікке баули отырып, мектептегі, сондай-ақ кенттегі көптеген безендіру жұмыстарын да жауапкершілікпен тындырады. Ол уақыттарда қазіргідей компьютер, билборд жоқ кез, мектептегі, кент көшелеріндегі бүкіл безендіру суретшілердің қолдарымен бітетін жұмыс. Артық ақша бөлінбейтін «қоғамдық жұмыс» деген желеумен берілетін тапсырмалар. Ешқандай бұлдануды білмейтін, қарапайым, ұстамды мінезді Тәкең бәріне уақыт табатын, уақытында бітіретін еді.
1989 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке ауысады. Еңбекке араласқалы оның жасаған панно, мүсін, сурет, тағы басқа жұмыстары ұшан-теңіз. Талантты баладан талапты азамат қалыптасып, тума талантын шығармашылық еңбекпен ұштастырғанда нәтижесінің жемісті болатындығын Тастайбектің ұстаздық еңбек жолынан көруге болады.
Өз пәнінің жетік білгірі, шәкірттерінің талабын ұштауда, әсемдікке тәрбиелеуде шығармашылықпен жұмыс жасайтын оның ойы ұлы суретші Пабло Пикассоның: «Әр бала суретші болып туады. Кез келген балаға қарындаш, аққағаз берсеңіз ойындағысы қиялындағыны төгілте тура сурет салады» деген пікіріне ұштасқандай оның қиялына еркіндік бере отырып, бала талантын ұштау қызығушылығын арттыруда жұмыс жасай білу деп түйген.
Сабырлылығымен, байсалдылығымен, ұстамдылығымен дәріс беретін оқушыларының жүрегінен орын тапқан Тастайбек кейін суретші болған шәкірттерді былай қойғанда бейнелеу өнерін ұнатқан, табиғаттың әсемдігін сезіне білетін, сұлулықты түсіне білетін қаншама шәкірт тәрбиеледі десеңізші... Мысалы, Гүлзада Сарлыбаева – Абай ауылындағы № 90 мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі, Шәкірат Жұмағұл, Теміржан Ұзақ – Алматы қаласында сәулетші. Тағы басқа да түлектері кездесіп қалғанда бір жетістіктерімен қуантып кетеді. Сол шәкірттері кезінде аудандық «Наурыз – 1999» жас суретшілер байқауының, облыстық «Сыр балаларының өнері – 2000», «Қызылорда қаласының 180 жылдық мерекесі», облыстық, халықаралық «Балалық шақ елі – 2000» тағы басқа әртүрлі тақырыптарда өткен сурет байқауларының I, II орын иегерлері, жүлдегерлері болған еді.
Тастайбектің ұстаз ретінде әріптестеріне үйретері де, үлгі етерлік еңбегі зор.
1997 жылы арнаулы бағдарламалармен 1-5 сыныптарда бейнелеу өнері пәнін жүргізу тәжірибесі «Озық тәжірибе» – деп саналып, нәтижесі бойынша облыстық мұғалімдер институтында сабақ өткізді.
1998 жылы «Ою-өрнектің мәні» тақырыбындағы сабағы және шығармашылығы туралы түсірілген бейнебаяны облыстық байқауда I-орын алып, арнайы жүлдемен марапатталды.
Қоғамдық жұмысты ұстаздық қызметпен қатар алып жүрген Тастайбек Иманғалидың аудан көлемінде қолтаңбасы айтарлықтай. Суретшілік өнерімен қатар ағашқа күйдіріп салу, мүсін жасау, сымдардан бейнелер келтіру, табиғат заттарынан мүсін қашаудың шебері. Ауданға белгілі азамат Ленин орденінің иегері Қашақбай Пірімовке арналған, сондай-ақ Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте ұйымдастырылған «Жанқожа батыр», «Мектеп тарихы» мұражайларын көркемдеп, Ленин орденді ұстаз Бердікен Мергенбаевтың, Ә.Күлетовтың, №96 орта мектебінде Қарасақал Ерімбеттің ескерткіш-бюстін жасаған. Елімізге танымал тұлғалар Жанқожа батыр, Роза Бағыланова, Ғани Мұратбаевтың портреттерін салып, көрермен ықыласына бөленген.
1999 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы. Шәкірттеріне сапалы білім беруде, сондай-ақ аудан көлемінде тағылымдық безендіру жұмыстарын атқарып жүрген, ерекше еңбек сіңірген іскерлігі үшін аудан әкімінің шешімі бойынша «Жыл адамы – 99» атағына ие болды.
Мереке күндері «Наурыз – береке, бірлік бастауы» тақырыбындағы суреттері үшін аудандық көрмеде Бас жүлдемен марапатталған. Аса байсалды да байыпты мінез, тума талант, үнемі талпыныспен еңбек ететін Тастайбекке аудандағы көркемдеу жұмыстары үшін 2001 жылы аудан әкімінің шешімімен тағы да «Жыл адамы – 2001» атағы берілді.
Аудан өміріндегі безендіру-көркемдеу жұмыстарына қосқан үлесі үшін Е.Көшербаевтың «Серпін», К.Мұсабаевтың «Ортаймаған қазаны – қазыналы Қазалы», «Ауданның творчестволық қызметкерлері» кітаптарына есімі жазылып, қолтаңбалары енгізілген.
Мінезі қарапайым, асып-тасуды білмейтін Тәкеңнің еңбегі үшін алған марапаты жетіп артылады. Осыншама жетістігі бола тұрып тұстастары оның бәлдемсіп қалған мінезін көрген емес.
1982–2026 жылдар арасында аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің, кәсіподағының, облыстық білім бөлімінің, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық Бірлестігінің Алғыс хаттарымен талай рет марапатталған.
2016 жылы зейнеткерлікке шықса да қоғамдық өмірден қол үзген емес. Күні бүгінге дейін суреттер салып, тапсырыстарды орындап тұрады. Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектебі ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы, ҚР Орталық сайлау комиссиясы аудандық ұйымының мүшесі, аудандық білім беру саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Бақытты отбасының отағасы. Зейнегүл Жәленқызы – оқушылық кезден ұнатып, есейіп, қызметке араласқаннан кейін қосылған зайыбы. Талай жыл аудандық Оқушылар Үйінде ұстаздық қызмет жасап, қазірде зейнеткерлік демалыста. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде шүпірлеген немерелердің қызығын көріп отыр. Өзі ардагер болса да, еңбекке деген құлшынысы бәсеңдемеген, қасиетті Қазалы ауданындағы аға ұрпақтың арасында беделі жоғары Тастайбек Иманғалиұлына ұзақ ғұмыр тілейміз!
Сарқыт ОРДАҚЫЗЫ













