Досхожаевтар отбасы – берекелі шаңырақ, өнегелі әулет
Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат қазына, қоғамның берік тірегі. Осындай тағылымды шаңырақтың бірі – Әйтеке би кентінің тұрғыны Досхожаевтар отбасы.Досхожаев Әли Ақмырзаұлы мен Ахмедова Салия Мәдәлиқызы 42 жылдан астам уақыт бойы өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге еңсеріп, 4 ұл, 9 қыз тәрбиелеп өсірді. Көпбалалы ана Салия Мәдәлиқызы аналық еңбегі үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған.
Бүгінде Досхожаевтар әулеті үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекке адалдық пен отбасына жауапкершілік секілді құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінен жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алған Досхожаевтар отбасы облыстық кезеңде жүлделі ІІ орынға ие болды.
Мерейлі отбасыға облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының арнайы дипломы және 300 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Бұл – берекелі шаңырақтың, маңдай термен келген еңбектің және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершіліктің лайықты бағасы.
Досхожаевтар отбасын зор жетістігімен құттықтаймыз! Шаңырақтарыңызға амандық, бақ-береке тілеп, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, мерейлеріңіз арта берсін дейміз!













