Жерлестер жүздеседі
«Әркімнің туған жері – өзіне жұмақ». Осынау даналық сөздің өміршең қағидаға айналғанын күнделікте тіршілікте анық аңғарып жүрміз. Әрі солай да бола бермекші. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған оқиға да туған жерге деген перзенттік сағыныштың бір көрінісі десек жарасымды.
«Өткен күнде белгі жоқ» дегенді жиі айтамыз. Алайда мән-мағынасы зор істің қашанда санадан өшпейтіні тағы рас. Мұнан біршама уақыт бұрын, нақтысы 2008 жылдың маусым айында жерлесіміз Бауыржан Ахантай салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Достар» қорын құрған болатын. Өзі еліміздің бас қаласы Астанада тұрғанымен ауылым десе елеңдеп тұратын осынау абзал азаматтың игілікті қадамын өзге өңірлерде тұратын басқа да жігіттер құлшына құптады. Осылайша Қазалы түлектерінен арнайы спорт командасы жасақталып, алуан додаларға қатыса бастады. Сонан бері міне, тура 10 жыл өтті. Осынау аралықта Қазалы түлектері Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда қалалаларында тұратын жерлестеріміз, даңқты «Қайрат» футбол командасымен, Ресей, Қырғыз республикасынан келген аяқдопшылармен жолдастық кездесу өткізді. Бұл «Спорт –денсаулық жаршысы» деген қағиданы жандандыра түскені хақ. Айта кетерлігі, аталмыш спорт бәсекесіне қазалылық спорт ардагерлері арнайы шақырылып, белсенді түрде қатысуда. Осынау спорт додасына мен бірнеше мәрте қатысқанымды мақтаныш тұтамын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Мәнісі зор, маңызы жоғары спорт шараларына бастамашы болып жүрген ел азаматтары кезінде аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған кешегі саңлақ спортшы, бүгінде беделді де лауазымды қызмет атқарып жүрген көптеген елге танымал азаматтар. Ағымдағы жылы осындай спартакиада сәуір айының 30 жұлдызында Қазалыда өтеді деп күтілуде. Оған жасы 45 жастан асқан ардагер футболшы жерлестеріміз қатысады.
«Тәні саудың – жаны сау». Елбасының бұқаралық спортты дамыту жайлы тапсырмасы соның айқын дәлелі. Осыған орай жер – жерде түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру белең алуда. Жалпы спортпен айналысу үшін адам жасына шек қойылмайтыны баршаға аян. Бұл тұрғыда қазалылықтардың да өнегесі құптауға лайықты.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты жанына серік еткен Қазалыдан шыққан азаматтардың бұл үрдісі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екені сөзсіз. Қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар, жерлестер!
Толыбай ЖҮСІПОВ,
Ардагер спортшы