Бұлқынған бойда бұла күш
Мемлекет ретінде өзімізді әлемге таныту жолында барлық салада ұмтылыс бар. Нәтижесіз емес. Әсіресе спорт саласында жеңісіміз мол екенін мақтанышпен айта аламыз. Қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойынының бірі. Оның өркендеуі жолында тер төгіп жатқан спортшылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Соның бірі – Данияр Оралбаев.
Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – ешқандай күрес түрлеріне ұқсамайды. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған спорттық-теориялық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яки дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спортының дамуына зор үлес қосты деуге болады. Ал оның қазіргі күнге дейін жалғасын тауып, жастардың осы спорт түріне үлес қосып жүргені, көңіл қуантады емес пе? Бүгінгі біз жазғалы отырған кейіпкер де сол, қазақ күресіне үлесін қосып, ел намысын қорғап жүрген талапты жас.
Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз Даниярдың жасы небәрі 22-де. Бала күнінен киелі Қазалының топырағында өсіп, талай спорт тарланы түлеп ұшқан орталықтан тәлім алады. Қазалы қаласындағы №16 М.Горкий атындағы мектептен түлеп ұшып, агро-техникалық колледжде, Шымкент қаласындағы Спорт-туризм академиясында білімі мен тәжірибесін шыңдайды. Спорт жолына 2011 жылы әкесі күреске жетелеп әкеледі. Спортқа өзі жақын болған әкенің үміті ақталды. Шаршы алаңға енді ғана ентелей енген жігіт алдына мақсат қойды. Бүгінде ол Қазақстан ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. 2024-2025 жылдары Азия Әлем чемпионатына қатысып топ жаруды нысанаға алған. Қайтпас мінезімен, дайындығын күнде үдетуде. Спортсүйер жігіт бүгінгі күнге дейін біршама белесті бағындырып, талайды мойындатып жүр. Нақтылай кетсек, Данияр – 2019 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы КРЧ, 2020 жылы жастар арасында өткен бәйгеде Азия кубогінің қола жүлдегері, бертін келе Ұлы Дала рухы фестивалінде жеңімпаз атанған. 2021 жылы өткен ересектер арасындағы күресте Азия кубогінің, «Жас барыс» турнирінің қола жүлдегері, 2022 жылы жастар арасында Азия кубогінің жеңімпазы атанған. Одан соң Президент кубогіның қола жүлдесін иеленсе, ұлттық ойындар арасында өткен Азия кубогінің, биыл ересектер арасында өткен ҚР кубогінің күміс жүлдегері болды.
– Қазақша күрес – қазақтың ұлттық жекпе-жегі ғана емес, ұлттық болмысымызды көрсететін ерекше спорт түрі. Онда аяқтан ұстау, ауыртатын, тұншықтыратын әдіс-тәсілдер жоқ. Керісінше, күрестің бұл түрі спортшының денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке машықтандырады. Күрескенде қарсыласыңның шеберлігін байқап, соған сай тез ойланып, оңтайлы әдісті дер кезінде қолдана білуге үйренесің. Қазақша күреспен шұғылданатын спортшы күшін жетілдіруі тиіс. Себебі күрестің бұл түрінде әдіс-айланы шебер қолданумен қатар күштің молдығы да жеңіске жеткізеді. «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» деген сөз бар. Бұл – менің де ұстанымым. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, аудан абыройын асқақтатып жатсақ, ол да бір бақ емес пе? – дейді ол.
Кәсіпқой бокс дегенде бүкіл әлем халқы бірауыздан Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Костя Цзю, Геннадий Головкиннің аттарын атайды. Футбол десе Пелье, Марадона, Зидан секілді шеберлер есімізге түседі. Ал қазақ күресімен шұғылданып жүрген спортшылардың қатарында, сол сияқты бүгінгі жеңімпаздардың арасында аты әлемге белгілі палуан бар деп айта аламыз ба? Сондықтан әлемге бет алған ұлттық күресімізде абыройды қолдан бермеу үшін бізге бүгінгінің Балуан Шолағы, Қажымұқаны керек-ақ. Алыптар айқасатын қазақ күресінің кілемінде күрестің қай түрінен болса да шашасына шаң жұқтырмай, өзінің мықтылығын әлемге танытқан қазақтар топ жарып жатса, ұлттық спортымыз үшін үлкен абырой болары хақ. Ал талапты жастардың ел намысын қорғауда абырайы асқақ, арманы аласармасын дейміз.
Айнұр ӘЛИ