Аудан әкімі бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралады
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге Қарлан көпірінің құрылысы, Қожабақы ауылындағы спорт кешені және «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы темірбетон көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады.Алдымен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қарлан учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы салынып жатқан көпір құрылысының барысын көрді. Жоба аясында бүгінде көпірдің негізгі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталып, 8 тіректің 4-і орнатылған. Құрылыс алаңында 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанның жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, көпірдің ұзындығы 248,29 метрді құрайды.
Мұнан соң аудан басшысы Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Жоба құны 537,1 млн теңгені құрайтын нысан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бүгінде ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілер толық тартылып, нысанды пайдалануға беру үшін қалған жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуда.
Аудан әкімі Қожабақы ауылындағы «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автожолының 32,1 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. 1975 жылы салынған көпірдің апаттық жағдайда екені анықталып, оны толық жаңадан салу туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Гүлнұр МК» ЖШС-і тарапынан жаңа көпір құрылысы басталуда. Жобаға сәйкес көпірдің ұзындығы 21,69 метр болса, жалпы өткел ұзындығы 375,13 метрді құрайды.
Аудан әкімі нысандарды аралау барысында мердігер мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырып, тұрғындар үшін маңызды жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын ескертті.














