Даналықтың дара жолы: ақыл ой мен парасат биігі
Замандар жылжып, ғасырлар көші алға озған сайын, уақыт шаңына көмілмей, қайта уақыттан биіктеп, асқақтай түсетін ұлы тұлғалар болады. Әлем жұртына өзіндік өрнегімен таныс, қазақ халқының рухани кеңістігінде сәуле шашып тұрған темірқазық – Абай есімі бүгінде «қазақ» сөзінің баламасына айналғандай. Абай Құнанбайұлы – тек сөз зергері немесе ақын ғана емес, ол – қазақ жанының айнасы, ұлттық сананың оянуына жол ашқан ұлы хәкім, философ әрі ағартушы. Оның мұрасы – өткеннің шежіресі ғана емес, бүгінгі күннің де, болашақтың да бағдаршамы.
СӨЗ ҚҰДІРЕТІ ЖӘНЕ ТІЛ РЕФОРМАСЫ
Абайға дейін де қазақ даласында тіл құдіретін ұққан, шешендік өнерді ту еткен ақын-жыраулар аз болған жоқ. Алайда, Абай – қазақтың байырғы ауызекі сөйлеу тілін өңдеп, оны әлемдік деңгейдегі көркем әдеби тіл биігіне көтерген реформатор суреткер.
Оның сөз өнеріне қосқан үлесін ғалымдар мынадай негізгі бағыттарға бөліп қарастырған.
Алғашқысы – жазба әдебиет тілінің негізін салушы.
Абай қазақтың байырғы қарапайым сөйлеу тілін, халықтық мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді сұрыптай отырып, оны ғылыми әрі көркем әдеби тіл деңгейіне көтерді. Ол тілді артық қоспалардан тазартып, әр сөзге философиялық тереңдік дарытты.
Екінішіден, поэзияға жаңа мазмұн мен тақырыптар әкелді.
Абай сөз өнерінің басты мақсатын өзгертті. Ол өлеңді жай ғана көңіл көтеру, біреуді мақтауға арналған мадақ жырлары немесе ас-тойдың ермегі болудан құтқарды. Поэзияны әлеуметтік сын мен тәрбие құралына айналдырды. Қазақ әдебиетіне алғаш рет психологиялық лириканы, адамның ішкі арпалысы мен сезім иірімдерін суреттеуді енгізді. Табиғат лирикасын «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» сынды адам өмірінің кезеңдерімен және көңіл-күйімен астарластыра жырлаудың озық үлгісін көрсетті.
Өлең құрылысы мен формасын жаңартты
Абай қазақ өлеңінің сыртқы пішіні мен ырғағына, ұйқасына үлкен жаңалықтар қосты. Басқа ақындар қолданбаған жаңа өлшемдер мен ұйқас түрлерін ойлап тапты. «Сегіз аяқ» өлеңі арқылы қазақ поэзиясына мүлдем жаңа ритмикалық жүйе мен сегіз жолдық шумақ құрылымын әкелді.
«Алты аяқ» өлең үлгісін қалыптастырды.
Шалыс ұйқас, егіз ұйқас сияқты күрделі ұйқас түрлерін шебер пайдаланып, өлеңнің музыкалық үнін күшейтті.
Проза мен Батыс әдебиетінің аударма мектебін қалыптастыруға негіз қалады.
Көркем прозадағы «Қара сөздері» қазақ әдебиетіндегі философиялық-публицистикалық прозаның алғашқы әрі теңдессіз үлгісі болды.
Аударма өнерінде тыңнан түрен салады. Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Гёте, Байрон шығармаларын жай ғана аударған жоқ, оларды қазақ ұғымына, ұлттық болмысына лайықтап қайта тудырды. «Татьянаның хаты» арқылы қазақ даласына еуропалық махаббат лирикасының мәдениетін сіңіреді.
Сөзге деген жауапкершілік пен эстетикалық талапты түзеді.
Абай өзінің «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты туындысында сөз өнеріне биік талап қойды. Ол өлеңнің сыртқы сұлулығы ұйқасы, ырғағы мен ішкі мазмұны яки мағынасы, тағылымы тең түсуі керек деп есептейді. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген жолдар – ақынның бүкіл сөз өнеріне қойған басты эстетикалық кредосы.
Қазақтың ауызша тарап келген байырғы әдеби тілін өз шығармашылығының негізі етіп қабылдай отырып, оны сапалық жаңа сатыға көтерді. Абай тілдік реформа жасауда бұрынғы бағыттарды толық жоққа шығарған жоқ, керісінше, олардың өмірлік маңызы бар озық тұстарын сақтай отырып, заман талабына сай дамытты.
Рәбиға Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты кітабына үңілдік.
Тақырыпты зерттеуші Абайдың тіл дамуының негізгі екі принципін ұстанғанын жеткізеді.
Олар Абайға дейінгі қазақ әдеби тілінің қалыптасуындағы екі басты принцип жалпыхалықтық сөйлеу тілін негіз етіп ұстау принципі мен дәстүрлі жалғастылық принципі.
Қазақтың ауызша әдеби тілі ғасырлар бойы ауызекі сөйлеу нормаларына сай өзгеріп отырды.
Мысалы, XV-XVI ғасырлардағы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттердің тілі мен XIX ғасырдағы Махамбет, Дулат, Шортанбайлардың тілінде дәуір ерекшелігіне сай айырмашылықтар бар.
Бұл заңдылық ауыз әдебиеті үлгілерінде де көрініс тапты. Жыршылар эпостарды айтқанда сол заманның сөйлеу нормаларына тән жаңа сөздерді, мысалы, самаурын, пәуеске, минут, саналы түрде кіріктіріп отырды. Бұл – ауызша жеткізудің заңды құбылысы.
Келесісі – көркемдеуіш құралдар: образдар, теңеулер, метафоралар үзілмей сақталып, кейінгі дәуірлерде қайталанып, стандартталып отырды.
Эпостық жырлардағы тұрақты тіркестер мен ақын-жыраулар тіліндегі ортақ штамптардың кездесуі осы заңдылықпен түсіндіріледі.
Абай осы екі принципиалды бағытты да мықты тірек етті. Ол халықтық сөйлеу тәжірибесінен қол үзбей, дәстүрлі элементтерді заманға сай жаңа мазмұнда қолданды. Абайтанушылардың айтуынша, Абай Бұқар, Шортанбай, Дулаттардың идеялық-ой кедейлігін сынағанымен, олардың ақындық шеберлігі мен сөз қиыстыру тәсілдерінен көп нәрсе үйренді.
Ғалым тіл таңдау мәселесі және екі ұдайылықты да кеңінен қарастырған.
Абай заманында қазақ қоғамының рухани дүниесінде мынадай екі ұдай жағдай қалыптасқанын басты принципке алады.
Тақырыбы жағынан: азаматтық және діни әдебиет, жанры жағынан: көркем әдебиет және басқа салалар. Тегі жағынан: төл және аударма әдебиет, тілдік негізі жағынан: қазақтың халықтық сөйлеу тіліне сүйенген және ескі түркі жазба дәстүріне иек артқан бағыттар.
Осы жағдайда Абай халықтың қалың бұқарасына түсінікті, сан ғасырлық поэзия тіліне негізделген төл әдеби тілді таңдады. Ұлттың ұйысуы үшін жазба әдеби тілдің халыққа түсінікті болуы шарт еді, ал бұл қасиет шағатай тіліне негізделген ескі жазба дәстүрде жоқ болатын.
«Абайтанушылардың жазғандарына қарағанда, Абай қазақтың бай ауыз әдебиетін, өзіне дейінгі және өзімен тұстас Арқа, Жетісу ақындарын жақсы білген, тілдеріне зер салған. «Сөздері бірі – жамау, бірі – құрау» деп, сол әдебиеттің ең бетке шығар үш өкілі – Бүхар, Шортанбай, Дулатты сынағанымен, олардан көп үйренген, бұл сөзінде Абай олардың өлең ұйқастарын, сөз қиыстырған ақындығын олқысынбаған, үшеуінің бірдей идеясын, ой кедейлігін сынаған», – дейді зерттеуде автор.
Абай ескі түркі жазба тілдерінің қазақ топырағындағы «кітаби тіл» деп аталатын түрін ұлттық жазба тіл ретінде қабылдамады. Дегенмен, бұл мұраны мүлде жоққа шығармай, оны қосалқы құрал ретінде қарастырды.
Ескі жазба тілде ерте қалыптасқан прозалық стильдер қазақ публицистикасы мен прозасына өз әсерін тигізді. Абай бұл әдісті өзінің «Қара сөздерінде», атап айтқанда 38-сөзінде «кітабишылап» жазу үлгісінде қолданды. Бұл арқылы ақын ортаазиялық түркілік дәстүрден толық бас тартпай, оны белгілі бір стильдік мақсатта шебер пайдалануды ұсынды.
Рәбиға Сыздықованың бұл зерттеуінен көрісетініміздей, Абай қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалауда халықтық сөйлеу тілі мен ғасырлар бойы қалыптасқан поэзиялық дәстүрді үйлестіре білді. Ол ұлттық тілімізді тек байытып қана қоймай, оны жаңа биік сатыға көтеріп, жазба әдеби тілдің берік іргетасын қалады.
Абай қазақ сөз өнерін ескішілдік қалыптан шығарып, оған әлемдік деңгейдегі көркемдік, философиялық және эстетикалық биіктік алып берді.
ҚАРАСӨЗ – БІРЕГЕЙ ЖАНР
Абайдың қарасөздері – философиялық трактат, публицистика, нақыл және көркем проза тоғысқан қазақ әдебиетіндегі бірегей жаңа жанр. Бұл туындылар автордың өмірлік тәжірибесі мен еркін ойын паш ететін даналық, тәрбиелік мазмұндағы шығармалар. Жанрлық ерекшеліктеріне бойласақ – философиялық сипатын аңғартады. Әрбіріндегі өмір мен өлім, адамгершілік, ақыл, ғылым және дін туралы терең ойлар терең иірімге сүңгітіп, кім-кімді де толғандырмай қоймайды.
Заман шындығын, қоғамның кемшіліктерін ашып көрсетіп, оқырманға бағыт-бағдар беретін, тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестер айтады.
«Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді», – деген сөз қалдырған абайтану ғылымының негізін салушы жазушы, академик Мұхтар Әуезов Абайдың қарасөздерін ақынның әлеуметтік өмірге тікелей араласуы мен көркем публицистикасының шыңы деп бағалады. Әуезов қарасөздердегі терең философияның кеңестік идеология тұсында толық ашыла алмай, кенжелеп зерттелгенін де атап өткен.
Жазушы Ғабит Мүсірепов Абайдың қара сөздерінің өз дәуірінен әлдеқайда озық тұрғанын және халықтың рухани болмысына салған үлкен қозғауын ерекше сипаттайды.
«Абайдың қасиеті – өз табының тілегінің көп қиналыстар, толғаулар, тәнге – жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында», – дейді ол. Ғалым Жабал Шойынбет абайтанушы ғалымдар қарасөздердің мазмұндық деңгейін өлеңнен де жоғары қоятынын, себебі мұнда ақын еркін пайымдауға мүмкіндік алатынын айтқан. Ақынның сөздері ғылымдық, моральдық, философиялық, салттық жайттарды қозғай отырып, үлкен ой айтатынын, ал оның көп сөздерінің халық ауызында ұмытылмас мақал, мәтел, нақыл боп қалуында терең тамыр бар екенін атап көрсетсе, белгілі баспасөз зерттеушісі Темірбек Қожакеев Абайдың поэзиясы сияқты қарасөздерін де публицистикалық шеберліктің үлгісі деп таныды.
Ғалымдардың зерттеулері бірегей жанр Абайдың қарасөздері – көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырған бірегей мұра, қазақ халқының рухани мәдениеті, діни-философиялық және әлеуметтік дүниетанымының тұтас концепциясы екендігін айтады.
«Қара сөздер» – сананың дауасы мен шипасы. Абай мұрасының шоқтығы биік бұл туындылары – жай ғана прозалық шығарма емес, ұлттың мінезі, кемшілігі мен артықшылығын аяусыз сынға ала отырып, тура жол сілтейтін философиялық трактаттар жинағы.
Хәкім мұнда адам баласына ең бірінші керек қасиет – имандылық, ғылым, еңбекқорлық және «толық адам» деңгейіне жету екенін айтады. Қазақ қоғамындағы енжарлық, мақтаншақтық, өтірік пен өсекті қатты шенеді.
«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» дей отырып, қоғамды білім мен мәдениет арқылы емдеуді көздеді. Оның қара сөздеріндегі ойлар бүгінгі XXI ғасырдың адамы үшін де өзектілігін титтей де жоғалтқан жоқ. Кеірісінше тамырына бойлаған рухани кеңістікке құлаш ұрған әрбір адамға актуалдығын ұғындырды.
ІЗГІЛІК ҺӘМ КӘМІЛ АДАМ КОНЦЕПЦИЯСЫ
Ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – тек көркем әдебиет қана емес, адам болмысының мәнін ашатын терең философиялық жүйе. Шығармаларының, ішінде өлеңдері мен қарасөздерінің алтын арқауы – «Толық адам» ілімі.
Бұл концепция – адамзат баласының өмірдегі мақсаты не, шынайы адамдық қасиетке қалай қол жеткізуге болады деген іргелі сұрақтарға жауап беретін бірегей тұжырымдама. Абай кемел адам деңгейіне көтерілудің нақты формуласын ұсынды:«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек». Ойшылдың пайымдауынша, «Толық адам» болу үшін үш қасиеттің тең үйлесімі қажет. Нұрлы ақыл – білім мен ғылымды игеру, дүниені саналы түрде тану, жақсы мен жаманды ажырата білу қабілеті. Ыстық қайрат– еңбекқорлық, жігерлілік, масылдықтан қашып, ізгі істерді жүзеге асыруға деген қажымас күш-қуат. Жылы жүрек– адамгершілік, мейірім мен махаббат, әділеттіліктің бастауы. Осы үш қасиеттің ішінде жүрекке ерекше басымдық беріп, оны бүкіл ізгіліктің патшасы ретінде қарастырады.
Рухани таным және «Хақ жолы» Абайдың «Толық адам» танымы діни-философиялық негіздермен, атап айтқанда, шығыс суфизміндегі «инсан әл-камил» яки кемел адам ұғымымен тығыз астасады. «Құдай жолы – шексіз. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп тұжырымдайды. Бұл – нәпсіні тыю, рухани тазару және айналаға тек жақсылық жасау арқылы ғана кемелдікке жету жолы.
Бүгінгі жаһандану және технологиялар дәуірінде «Толық адам» концепциясы жастардың ішкі рухани компасына айналуы тиіс. Ол қазіргі ғылымда айтылып жүрген эмоционалды интеллект, тұлғалық өсу, жауапкершілік пен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық мақалаларында Абайдың осы ілімін елді басқару, білім беру және отбасы институттарының негізгі тұғырына айналдырудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Мұхтар Әуезов Абайдың бұл ізденісін халықты қараңғылықтан құтқаратын моральдық құндылықтар жүйесі деп танытады. Ол Абай идеясын «моральдық тұлға» концепциясы аясында қарастырады. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы «Толық адам» ілімін дербес ғылыми бағыт ретінде зерделеп, ілімнің тамыры тереңде екендігін айтып, Шығыс ренессансының өкілдері әл-Фараби, Ясауи мұраларындағы әкемел адамә түсінігімен тікелей сабақтастығын жеткізген.
Концепция әлемдік ғалымдар мен сарапшылардың да назарына аударған. Батыс менеджмент және кәсіпкерлік зерттеушісі Шумайла Юсафзай «Толық адам» философиясын қазіргі жаһандық даму тенденцияларымен байланыстырады. Жүрек, ақыл мен ерік-жігер үйлесіміне негізделген бұл тұжымыдама— бүгінгі таңдағы этикалық бизнес, экологиялық тұрақтылық және әлеуметтік инклюзия сияқты жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұра алатын бірегей құрал екендігін жеткізеді.
Батыстың заманауи зерттеушілері Абайдың «Толық адам» концепциясын қазіргі еуропалық синкретті тәрбие модельдері, мысалы, Ұлыбританиядағы Jubilee Centre үлгісіменсалыстырады. Шетелдік мақалаларда бұл идея «жауапты азаматтық пен мінез-құлықты қалыптастыратын тұтас мектептік экожүйе» ретінде жоғары бағаланады.
Абайдың «Толық адам» идеясын Лев Толстойдың гуманистік-педагогикалық көзқарастарымен астарлас деп есептейді. Екі данышпан да адамның тумысынан ізгі немесе зұлым болмайтынын, оның кемелдікке тек тәрбие мен ішкі рухани тазару арқылы жететінін дәлелдеген.
Әлемдік және отандық ғылыми орта Абайдың «Толық адам» концепциясын жай ғана абстрактілі философия емес, адамның эмоционалдық, интеллектуалдық және әлеуметтік әлеуетін толық ашатын, ХХІ ғасырдың білім беру жүйесіне де еңгізуге болатын әмбебап тұлғалық даму моделі деп мойындайды. Жалпы адамзат баласына ортақ, өзін-өзі тану мен кемелдікке ұмтылдыратын бұл тұжырымдама қоғамды масылдық, надандық және рухани жұтаңдықтан құтқаратын басты рухани құрал. Абай аңсаған кемел қоғам құру – әрбір азаматтың өз бойындағы ақыл, қайрат пен жүректі игілікке бағыттап, «адам болу» жолындағы үздіксіз ізденісінен басталады.
ӨНЕР — МАҚТАН ҮШІН ЕМЕС
Ақынның «Өнер – мақтан үшін емес» жолдары – адамның талабы, еңбегі, шығармашылық еркіндік және кәсіби шеберлік туралы терең философиялық пайым. Бұл ойдың негізгі мағынасы мен астарлы мәнін бірнеше қырдан ашып көруге болады.
Алғашқысы, шығармашылық еркіндік пен теңдік. Өнер, ғылым немесе кәсіп белгілі бір топтың немесе таңдаулы адамдардың ғана еншісі емес. Себебі сұлулықты жасауға, өнерді үйренуге әрбір адамның құқығы бар. Ал мәні – табиғат адамды тумысынан өнерден шеттетпейді. Кімде-кім ықылас қойса, сол адамның бұл айдынға қадам басуға «таласы» бар.
Талап пен еңбекқорлықты талғампаздықпен бейнелейді. Нәтиже адамның өз талабына, ізденісіне және төккен теріне байланысты. Бұл идея ойшылдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген кемелдік формуласымен де үндеседі.
Талғам мен сынды бұл жолдың екінші жартысында ұғындырады. Бұл жерде өнерге бәрі ұмтылғанымен, оның сапасы мен деңгейі әртүрлі болатынын ескертеді. Нағыз өнер мен арзан қолөнердің, нағыз ақын мен өлеңшінің арасын ажырата білуді талап етеді. Таласуға бәрі құқылы, бірақ шыңға тек нағыз жүйріктер мен адал еңбек еткендер ғана шығады. Автор бұл фраза арқылы қоғамды надандықтан арылуға, өнер мен ғылымды игеруге шақырады. р адамның бойындағы шығармашылық бастауды оятуға бағытталған мотивациялық және демократиялық тұжырым.
Шығыс пен Батысты тоғыстырған алтын көпір Абай – өз заманынан анағұрлым ілгері туған, білімі терең, ой-өрісі кең тұлға. Ол Шығыстың Фирдоуси, Науаи, Низами сияқты ұлы шайырларын оқып, одан рухани нәрі алса, Батыстың Пушкин, Лермонтов, Гёте, Байрон сынды классиктерін қазақ топырағына жақындатты. Орыс әдебиеті арқылы Еуропа философиясымен сусындады.Татьянаның хатын қазақша сөйлеткенде, Абай жат мәдениетті қазақ жанына соншалықты етене, жақын етіп жеткізе білді. Осылайша ол қазақ мәдениетін тұйықтықтан шығарып, жаңа арнаға бұрды және әлемдік өркениетпен үндестірді. Ол халықты өнер-білім үйренуге, өзге елдердің жетістігін бойға сіңіруге шақырды.
Сазгерлігі – өміршең. Өлең сөзіне жан бітіріп қана қоймай, оған асқақ әуен сыйлады. «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері – қазақ музыкасының алтын қорына қосылған өлшеусіз қазына болды. Абай әндерінің әуені жүрекке жылы, мұңды әрі терең ойға жетелейді. Ол сөз бен әуеннің үндестігі арқылы адам жанының ең нәзік қылдарын тербей алды. Торжорға», «Май түні», «Майдақоңыр», «Ақтолқын», «Телқара» күйлерін қалдырды. «Ескендір», «Масғұт» дастандарын жазса, «Әзім әңгімесі» шығрамасы аяқталмай қалған
Абайдың мерейтойлары халықаралық деңгейде аталып өтеді. ЮНЕСКО көлемінде Абайдың туған күндері ресми түрде аталып өтіліп, оның есімі әлемдік мәдениет күнтізбесіне енді. Бұл – кемеңгер ойшылдың тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналғанының дәлелі.
Руханияттың мәңгілік мызғымас мұнарасы – Абай шығармалары адамзатқа адамды сыртқы келбетіне емес, ішкі рухани байлығына, адамгершілігіне қарай бағалауды үйретті. Уақыт сынына тозбайтын, әрбір жаңа буын сайын жаңа мағынамен байып отыратын өміршең қазына – Абайды тану – өзіңді тану, Абайды оқу – кемелдікке ұмтылу екендігін ұғындырды.
Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














