Құрылыстағы қарышты қадам
Әрбір мемлекеттің экономикалық әлеуеті мен өркениет көші оның сәулетті сарайларымен, заманауи тұрғын үйлерімен, өндірістік орталықтарымен, сенімді инфрақұрылымымен өлшенеді. Бүгінде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, елдің әр түкпірінде түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Біздің ауданның да жыл санап өркендеп, көрікті мекенге айналуына сала мамандарының қосып жатқан өзіндік үлесі зор.
Құрылысшылар күні қарсаңында қарқынды жүріп жатқан құрылысқа, кенттің көркін кіргізер архитектуралық жұмыстарға аз-кем тоқталғанды жөн санадық. Аудандағы құрылыс жұмыстары жобаға сай жүзеге асып, атқарылар шаруаның ауқымы кеңейген. Қазір Әйтеке би кентінде құрылыс жұмыстарымен қатар аудан орталығын көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жасалып жатқан жұмыстардың да сапасы күнделікті аудан әкімінің бақылауында.
Осы салада тер төгіп жүрген мамандық иелері жаздың аптап ыстығына, күннің үскірік суығына, ауа-райының тосын мінезіне тосылмастан еңбек етіп, қалың жұртшылықты жаңа баспана немесе мәдениет үйі, мектеп, аурухана секілді нысандармен қуантып жүр. Қандай да ғимаратта құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы қалуда. Құрылысшыларға бағыт-бағдар беріп, олардың жұмыс жоспарын жасап назарға алатын арнайы бөлім қызмет ететінін бәрі біледі. Біздің ауданның да жыл санап өркендеп, көрікті мекенге айналуына құрылыс бөлімінің қосып жатқан өзіндік үлесі зор. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған, алдағы уақытта атқарар жұмысы ауқымды. Кез келген жаңа жоба, жаңа нысанның көзге көрінбес жұмысының барлығын осы бөлімнің мамандары атқарады.
Биылғы жылдың бастапқы 6 айындағы мәліметке сәйкес, өңірде бірнеше нысанның құрылысы қарқынды жүруде. Биыл ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі есепті кезеңде 7,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,2 пайызға өскен. Биылғы жылдың өзінде құрылыс саласында бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, Бекарыстан би ауылындағы, Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылындағы спорт кешендері, Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешені», теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір ел игілігіне берілді. 125 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті.
Аудан бойынша ауыз су, электр желілерін жаңғырту, газдандыру, жолдарды жөндеу және жаңа тұрғын үй аумақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Әлеуметтік осал топтарға арналған 200 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы басталды.
Ағымдағы жылға Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы 7 шақырымды құрайтын 4 жолақты жолдың түнгі жарықшамдарын орналастыруға 102,3 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінде түнгі жарықшамдар толықтай іске қосылды. 2022 жылы Қазалы ауданындағы аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымдағы Қарлан учаскесінен темір бетонды көпір құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» ЖШС-інің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы тоқтап қалған еді. Көпір құрылысы жұмыстарын аяқтау үшін қайта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып «НұрлыТау ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі анықталды. 2025 жылдың сәуір айында аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме тиісті жұмыстарды бастаған болатын. 2025 жылы «Қарлан» көпірінің жұмысын жалғастыруға 758,4 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілсе, «Қарлан» көпірінің жоба сметалық құжаттарының қажетті қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, жоба құны 6,7 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Қазіргі таңда көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыстары атқарылуда. Сәтін салса, көпір құрылысы жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берілмек.
2025 жылы бюджеттен 1 миллиард 320,5 миллион теңгеге 2 пәтерлік 40 тұрғын үй сатып алынып, 80 отбасыға жаңа баспана табысталды. Жақын күндері ауданда 200 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын бастау жоспарланған. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үйге кезегінде барлығы 3374 адам тіркелген. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары бойынша – 931 адам, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 128, көпбалалы отбасылар – 777, бюджеттік сала қызметкерлері – 306 және санатсыз – 1232 адам тіркелген.
Жылдың басында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 398,5 миллион теңгеге Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аталған жоба аясында Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешені» мен (Жоба құны 628,7 миллион теңге) мен Қожабақы (Жоба құны 537,1 миллион теңге) ауылынан спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
«Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1,3 миллиард теңгеге теміржол вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, қаңтар айында пайдалануға берілді. Бүгінде Қазалы ауданындағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, жақында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы мен бірқатар қонақтардың қатысуымен ел игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты қайта жаңғырту жұмысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1 миллиард 290 миллион теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, темір жол вокзалының аумағына 91,0 миллион теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Айта кеткен жөн болар, жалпы ел экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі саналатын салада биыл өсім жалғасып, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. Бұл игілікке ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және инвестициялық белсенділіктің артуы арқасында қол жеткізілді.
Иә, осындай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде сала мамандарының еңбегі ерен. Құрылысшы – ең қастерлі де қауырт мамандықтардың бірі. Қала көшелерінде бой көтерген зәулім ғимараттар мен жайлы аулалар, заманауи мектептер мен ауруханалар, сапалы жолдар мен көпірлер – тек бетон мен темір ғана емес, бұл мыңдаған адамның маңдай тері мен табанды еңбегінің жемісі. Құрылыс саласының мамандары кез келген жобаны жүзеге асыруда үлкен жауапкершілікті арқалайды. Өйткені әрбір салынған нысан – ұрпаққа қалар аманат, халықтың игілігі үшін қызмет ететін тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі.
Айнұр ӘЛИ














