Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани азықты серік еткен

Рухани азықты серік еткен

Кітап – білім бастауы, ақыл-ойдың өшпес мұрасы. Оның алғаш рет жарыққа шыққанына қанша ғасыр өтсе де, замандар ауысып, технология қарыштап дамыса да, өзінің өміршеңдігін жойылмай, оның терең мағынасының орнын ештеңе баса алған жоқ. Адамзат баласының сан ғасырлық тәжірибесі, мәдениеті мен ақыл-ойын жеткізуші басты құрал уақыт сынына төтеп беріп, әр буынның рухани темірқазығына айнала білді. Сөредегі рухани қазынаны өмірілік азықтарына айналдырған отбасын Бірлік ауылынан таптық.
МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕГІ МАҢЫЗДЫ БАСТАМА
Қазіргі таңда Қазақстан халқының арасында кітапты тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни және талдамалық ойлауды дамыту, сондай-ақ барлық жас және әлеуметтік топтар арасында білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама ел көлемінде қолға алынуда.
Бұл жоба еліміздің рухани жаңаруы мен зияткерлік даму стратегиясының құрамдас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы шеңберінде қарқынды жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы кітап оқудың ұлт санасын жаңғыртудағы рөлін ерекше атап өтіп: «Кітап – ақыл-ойдың қазынасы, өркениеттің тірегі. Озық ойлы ұлт болу үшін жастарымыз кітапты көп оқуы тиіс» – деп қадап айтқан болатын.
Шын мәнінде, кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, қоғамдағы ізгілік пен парасаттың тамырын тереңдететін қуатты құрал. Осындай игі бастамалардың шет қалмай, ауылдық жерлерде де өз жалғасын тауып жатқаны көңіл қуантады.
КӨКІРЕГІ ОЯУ ҚОҒАМНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ
Кітап туралы сөз қозғағанда, оның адамзат тарихындағы ерекше орнын ескермеуге болмайды. Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат баласы жазуды ойлап тапқаннан бері барлық білімді, тәжірибе мен асыл мұраны кітап бетіне түртіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Бүгінгі таңда әлем кітапханаларында миллиондаған құнды туындылар сақтаулы. Мәселен, көне Александрия кітапханасынан бастап бүгінгі заманауи электронды мұрағаттарға дейін адамзаттың жинаған тәжірибесі кітап арқылы сақталуда.
Психологтар мен ғалымдардың зерттеуінше, күніне небәрі 15-20 минут кітап оқу адамның ми белсенділігін арттырып, стрессті 68 процентке дейін төмендетіп, есте сақтау қабілетін жақсартады екен.
Кітап оқу – тілдік қоректенудің таптырмас құралы. Көркем әдебиетті көп оқитын адамның сөздік қоры бай, ойын нақты әрі әсерлі жеткізетін шешен келеді.
ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫНЫҢ ӨРНЕГІ
Кітаптың мен қадірін терең түсінген, шағын ауылдың өзінде өнегелі өмір сүріп жатқан шаңырақ жайлы мәлімет бізді де қызықтырды.
Бұл Еркін Ләпенов пен Бекзат Қалидың шаттық ұялаған шаңырағы.
Білік ауылындағы кітапхана – ауылдағы мәдениет ошағының бірі ғана емес, тыныштық пен ізденістің ордасы. Осы бір қасиетті қара шаңырақта 20 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман Гүлсінай Иззатова жалпы қоры 10 705 дананы құрайтын кітапханадағы әрбір кітап оның жанашырлығымен оқырманына жол тауып келеді. Осынау білім мен парасат ортасында өскен ауыл тұрғындарының бірі – Еркін Ләпенов екенін айтады кітапханашы. Ол үздік оқырман болуымен бірге, отбасымен кітап оқитын кітапхана жазылмандары, кітап жанашырлары.
Еркін Нұрсұлтанұлы – Қазалы сушаруашылығы өндірістік учаскесінің жетекші маманы болып еңбек етеді. Бұған дейін туған жердің түлеуіне тер төгіп, түрлі салада жұмыс істеген азаматтың кітап оқу – бала күннен бергі қалыптасқан дағдысы. Орта мектепті жақсы үлгеріммен оқыған жұбайы Бекзат Қали де қолы қалт етсе, кітап, мерзімдік басылымдарға ден қояды. Бүгінде ол №102 мектепте жұмыс істейді. Ауылдастарының айтуынша, қарашаңырақта отырған олар – еңбекқорлық пен үлгілі отбасыларының жарқын көрінісі.
«Кітаптың берері көп. Ол – адамға адал дос, қиын сәтте бағыт сілтер темірқазық. Бала кезімізден кітаппен дос болдық. Көрген зиянымыз жоқ. Кез-келген жағдайда кең ауқымда ойлануға, дұрыс шешім қабылдауға осы қызығушылығым көмектесуде деп ойлаймын. Бүгінде сол тәрбиені өз балаларымыздың бойына сіңіріп келеміз. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Бала – ата-ананың айнасы. Олар қандай жақсы дағдыны бойларына ұялату үшін алдымен әкесі мен анасы дұрыс үлгі көрсете алуы керек», – дейді отағасы.
Айтқандай, ата-ананың бұл өнегесі балаларының жетістіктерінен айқын көрініс тапқандай. Көпбалалы отбасының перзенттері бүгінде ата-анасының үмітін ақтап, елдің мақтанышына айналып отыр.
Отбасылық құндылық пен кітапқа деген сүйіспеншілік отбасы мүшелерін үнемі биік белестерге жетелеген. Бұл жетістіктер – кездейсоқтық емес. Балалардың биік шыңдарды бағындыруына отбасындағы кітап оқу мәдениеті, ата-ананың берген сапалы тәрбиесі мен ұлағатты өнегесі тікелей әсер еткені сөзсіз. Себебі бұл отбасының ерекше мақтанышы – балалары мектепті үздік оқып, білім нәрімен сусындаған.
Еркін мен Бекзаттың екі қызы – Балдырған мен Балауса мектепті «Алтын белгіге» бітірген. Ал кенжесі әлі де мектепте білім алуда.
Үйдегі үш бала – мемлекеттік грант иегерлері. Шығармашылық қабілеттері де қалыптасқан. Әрбірінің түрлі салада жеткен жетістіктері жеке тақырыпқа арқау.
Ерзат Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құқықтану факультетінен қылмыстық құқық мамандығын алған. Балауса Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.
Балдырған Нұрсұлтан Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жаратылыстану факультетін студенті болса, Нұрғиса Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика-математика факультетінде білім алуда.
Үйдің кенжесі Әлихан Нұрсұлтан №102 мектептің 5-сыныбында оқиды, үздік оқушы.
«Отбасымен кітап оқимыз» игі дәстүрі бұл шаңырақта қашан да басты орында.
Бұл күнгі көрініс Президент айтқан «Кітап оқитын ұлт» болу идеясы кішкентай қадамдардың саналы таңдауы, күнделікті өмір салтынан бастау алатынын ұғындырды.
Қазіргі таңда электронды форматтар мен цифрлық әлем алға шыққанымен, дәстүрлі кітаптың құндылығы төмендеген емес. Өйткені кітап – ақпарат көзі болуымен бірге, жан дүниеңді байытып, ой-өрісті кеңейтетін ең сенімді серік. Ғасырлар көшінен өткен бұл асыл мұра адамзат ақыл-ойы өмір сүргенше өз маңызын жоғалтпайды.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» даналық сөзі халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан асыл қазынасы. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың дамуы мен болашағын айқындайтын аса маңызды көрсеткіші», – дейді Бекзат Күнтуарқызы.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы – Қазақстан Республикасы халқының арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, сыни және талдамалық ойлауды дамыту, сондай-ақ кітапты барлық жас және әлеуметтік топтар арасында білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. Ләпеновтер сынды кітап оқу үрдісін отбасы болып қолға алу – еліміздің рухани жаңаруы мен зияткерлік даму стратегиясының құрамдас бөлігін түзетіні анық.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
11 тамыз 2026 ж. 24 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31