Жарқын шаралар легі жалғасуда
Елдің ертеңі – білімді, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Сондықтан жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың бастамаларын қолдау, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беру – мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі. Жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті нығайтып, азаматтық ұстанымын қалыптастыру, шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайын аталып өтетін 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ерекше мәнге ие.Мереке қарсаңында ауданда «Жастар – ел болашағы» атты апталық ұйымдастырылып, бірнеше күн бойы жастардың түрлі бағыттағы бастамалары мен белсенділігіне жол ашқан шаралар легі жалғасын табуда. 5 тамызда бастау алған апталықтың әр күні белгілі бір тақырып аясында мазмұнды бағдарламалармен өріліп келеді.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетовтың айтуынша, апталықтың басты мақсаты – жастарды қоғам өміріне кеңінен тарту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын халыққа кеңінен түсіндіру.
– Жастардың әлеуетін ашу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Біз осы апталық арқылы олардың шығармашылық ізденісіне де, қоғамдық белсенділігіне де, кәсіби дамуына да серпін беруді көздедік. Жастар өз мүмкіндігін сезініп, қоғамға қажет екенін ұғынса, кез келген бастаманың нәтижесі болады. Сондықтан әрбір іс-шараның астарында тәрбиелік мән мен нақты мақсат жатыр, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Апталық «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты жастармен еркін форматтағы кездесумен бастау алды. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен басқосуда жас буынның дүниетанымын қалыптастыру, ұлттық болмысты сақтау, рухани құндылықтарды ұлықтау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері сөз болды. Ашық форматтағы әңгіме жастардың еркін ой бөлісуіне мүмкіндік беріп, өзекті тақырыптарды жан-жақты талқылауға жол ашты.
Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес «Таза Қазақстан – таза болашақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, оған белсенді жастар мен еріктілер кеңінен атсалысты. Үш күнге созылған тазалық жұмыстары барысында жастар жұдырықтай жұмылып, аудан аумағын абаттандыруға, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға және туған өлкенің көркін арттыруға бағытталған игі іске белсенді үлес қосты.
Спорт – салауатты өмір салтының негізі. Осы бағыттағы игі жұмыстар апталықтың үшінші күнінде де жалғасын тауып, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Jastar CUP – 2026» спорт фестивалі ұйымдастырылды.
Шағын футбол мен волейболдан өткен тартысты бәсекелер жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға жол ашты. Сонымен қатар, дүбірлі дода қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынас пен өзара ауызбіршілікті нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін берді.
Шығармашылыққа ден қойған кезекті күн «Creative Generation» атауымен өтті. Кенттегі Мәдени-демалыс кешенінде ұйымдастырылған ерекше байқауда жастар ретро әндерді жаңа форматта жаңғыртып, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана отырып, тың туындыларды көпшілік назарына ұсынды.
Сайысқа қатысқан жастар өздерінің сахналық образын, орындаушылық шеберлігін және шығармашылық ізденісін жоғары деңгейде көрсетті. Әр қатысушы ретро әуендерге өзіндік жаңаша леп беріп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Нұрбибі Жаңабергенге бұйырса, екінші орын Ботакөз Боташқызына берілді. Ал үздік үштікті Райхан Айдәулет түйіндеді. Байқауда ерекше өнер көрсеткен қатысушылар да арнайы аталымдармен марапатталды. «Жарқын дебют» аталымы Ақниет Омарға табысталса, «Ерекше дауыс» аталымына Дәурен Назарбаев лайық деп танылды. Ал «Үздік сахна образы» аталымы Бекзат Әбілханға бұйырды. Өзінің өзгеше даусымен дараланған Талап Мурзалиев «Қоңыр үн» аталымын иеленсе, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Көркемай Қажығалиқызы «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталды.
Апталықтың кезекті күні ұлы ақын, ойшыл, композитор Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналды. Осыған орай кент орталығындағы мәдени демалыс кешенінде ақынның рухани мұрасын дәріптеп, сырлы әндерін жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға бағытталған «Рухани мұра – ұлы әндерде» атты байқау өтті.
Қазақ мәдениетінің алтын қорынан берік орын алған Абайдың әсем әндері – ұлт руханиятының ажырамас бөлігі. Ақынның сырлы да сазды шығармалары ғасырлар тоғысында өз мәнін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Байқаудың басты мақсаты да – осы құндылықты жас буынның бойына сіңіріп, Абай әндерінің көркемдік және тәрбиелік мәнін кеңінен таныту.
Өнер додасына кент, қала және ауылдық округтерден келген жас өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау барысында жас таланттар Абайдың жүрекке жол тартар әсем әндерін жанды дауыста орындап, шығармалардың мазмұны мен сырын көрерменге жеткізуге тырысты. Әр орындаушының өзіндік мәнері мен сахналық шеберлігі көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Жас өнерпаздардың өнерін саралап, орындаушылық шеберлігіне баға берген қазылар алқасының құрамында «Абай аманаты» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, №266 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағыныш Мұхитқызы, Қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Сапура Нурадинқызы, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының балалармен жұмыс жасау жөніндегі әдіскері, күйші, әнші Балқыз Әділбекқызы және республикалық байқаулардың лауреаты, мәдениет орталығының мәдени ұйымдастырушысы Ақбөпе Мұратқызы болды.
Байқау қорытындысы бойынша Мадияр Жеткербай І орынға ие болды. ІІ орынды Ақерке Шәкет еншілесе, ІІІ орын Дәурен Назарбаевқа бұйырды. Сонымен қатар байқау аясында бірқатар өнерпаз арнайы аталымдар бойынша марапатталды. «Абай әнінің нәзік үні» аталымы Нұрбибі Жаңабергенге, «Ең әсерлі орындау» аталымы Тілек Нұрқожаға, «Көрермен көзайымы» аталымы Нағашыбай Мағжанға, ал «Абай мұрасының жас жанашыры» аталымы Омар Ақниетке берілді.
Айта кетейік, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы марапаттар 12 тамыз күні өтетін апталықтың қорытынды шарасында табысталады.
Апталықтың қорытындысы Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Жастар – елдің жарқын болашағы» атты мерекелік гала-концертпен түйінделмек. Бүгін Қазалы қаласында, ал ертең кенттің орталық алаңында жалғасатын мерекелік кеште эстрада жұлдызы, жас әнші Ернар Амандық пен ауданның өнерлі жастары өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Сонымен қатар қорытынды кеш барысында апталық аясында қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген жастардың еңбегі еленіп, оларға құрмет көрсетілмек.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ












