Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тыныштандырушы» ойыншық тыныштықты бұзбасын

«Тыныштандырушы» ойыншық тыныштықты бұзбасын

Фото: ашық дереккөзден алынды
Қазір көпшілік «тыныштандырушы» ойыншықтар туралы біледі. Стрессті азайту, мазасыздықты басу, зейінді шоғырландыру және жүйке жүйесін босаңсытуға көмектесетін заттардың пайдасы қандай? Олардың барлығы пайдалы ма? Зиянына назар аударып жүрміз бе? Сараптадық.
ГРЕК ЖАҢҒАҒЫ ҺӘМ ДОМАЛАҚ ШАР
Антистресс ойыншықтарының алғашқысы мыңдаған жылдар бұрынғы уақытқа жетелейді.
Жалпақ жұртқа «Денсаулық шарлары» атымен таныс Баодин шарлары – әлемдегі ең алғашқы антистресс құралдарының бірі саналады. Олар Қытайдың Хэбэй провинциясындағы Баодин қаласында Мин әулеті билігі кезінде, шамамен 700 жыл бұрын, пайда болған.
Martial Arts Focus and My Healing Path медициналық ұйым материалы, «Аспанасты елінің» денсаулық және медитация платформасында бұл шарлардың 1368–1644 жылдары жасала бастағаны және олардың ішкі ағзалармен байланысты жүйке нүктелеріне әсері ғылыми тұрғыдан сипатталған.
Сондай-ақ, металл шарлар пайда болғанға дейін сарбаздардың грек жаңғағын қолданғаны, кейіннен шарлардың ішіне жоғары және төмен дыбыс шығаратын қоңыраушалар қойылғаны туралы тарихи фактілер келтірілген.
Атақты Pearl River Mart мәдени қоры сайты жариялаған мақаласында бұл құралдың шаршауды басуға, бұлшықеттерді қалпына келтіруге арналған терапиялық рөлі жан-жақты талданған.
Жаңғақтарды «жаңартқан» мыс шарлар біртіндеп шойын және болаттан жасала бастайды.
Бастапқыда бұл ауыр металл бұйымдарды жауынгерлер ұрыс кезінде лақтыратын қару ретінде де пайдаланады. 90 жылға жуық өмір сүрген Цин әулетінің императоры Цяньлун өзінің сапалы, ұзақ, қалыпты ғұмыр кешуінің құпиясын осы шарларды күнделікті айналдырумен байланыстырған.
«Дәстүрлі Қытай медицинасы бойынша Баодин шарлары жай ғана ермек емес, қуатты терапиялық құрал болып табылады. Алақанда адамның барлық ішкі мүшелерімен байланысты жүйке нүктелері – меридиандар орналасқан. Шарларды айналдырғанда бұл нүктелерге массаж жасалып, денедегі қан айналымы мен «Ци» өмірлік энергиясының ағымы жақсарады. Шарлар қозғалғанда, әуезді дыбыс шығарады. Бұл дыбыстық терапия жүйкені тыныштандырып, медитация жасауға көмектеседі», – дейді Нұрғалым Ұшарбек.
Шығыс медицинасы маманы шарларды қолдану тәсілін де көрсетті. Алақанға екі шарды салып, саусақтардың көмегімен оларды бір-біріне тигізе отырып, сағат тілімен немесе оған қарсы, үздіксіз айналдыру керек. Шеберлігі артқан адамдар шарларды бір-біріне соқтығыстырмай, дыбыссыз айналдыруды және бір қолда 3-4 шарды бірдей ойнатуды меңгереді. Бұл құрал қазіргі таңда да артритті емдеу, инсульттан кейін қолдың моторлы функцияларын қалпына келтіруде және күйзелісті басуда белсенді қолданылады.
Тарихта ежелгі Грецияда алақанда айналдыратын тастар кең таралған.
XX ғасырдың соңында қазіргі спинерді тұңғыш рет өнертапқыш әйел және инженер Кэтрин Хеттингер ойлап тапқан. 1988 жылы американдық теледидар сценарисі Алекс Карсвелл жұмсақ стресс-допқа патент алады. Ал 1989 жылы әйгілі «Tangle» антистресс ойыншығы нарыққа шығады. 2017 жыл Спинер бумы ойыншығы әлемді жаулап, ең танымал антистреске айналады. 2019-2021 жылдары қысып, қайтадан қалпына келетін ойыншықтар – сквиштер мен Pop-It сияқты силиконды ойыншықтардың жаппай танымалдығы артады. Қазіргі таңда олар тек ойыншық ретінде емес, зейінді шоғырландыруға, мазасыздықты басуға және стрессті жеңілдетуге көмектесетін терапиялық құрал ретінде қолданылады.
Стресс ойыншықтарының түрлері көп. Танымал таңдаулылары нарыққа ықпал еткен.
Поп-ит және Симпл-димпл – шұңқырларды басып, «шықылдақ» дыбыс шығару арқылы зейінді бір арнаға тоғытатын сенсорлық ойыншықтар. Сквиш– қысқаннан кейін өз қалпына қайта келетін жұмсақ, икемді заттар. Слайм лизун – қолға алып, созуға, пішін беруге болатын жабысқақ масса. Антистресс спиннерлері – саусақ арасында айналдырып отыратын механикалық құрылғы.
БҰЛШЫҚЕТТІ БОСАҢСЫТУ ҚҰРАЛЫ
Бұлардың негізгі мақсаты – олардың көмегімен адамдар мазасыздықтан арылып, артық энергияны шығаруға бағытталған. Расында сенсорлық ойыншықтардың адам психикасына және жүйке жүйесіне тигізетін әсері бар ма?
«Бүгінде әр баланың қолында бірнешелеген антистресс ойыншықтары бар. Басты себеп – жақсы жарнама. Екінішден, қызыл-жасылды түстер, тартымды бейнелермен баурайтыны. Үшіншіден, бағасы да қолжетімді. Қызығушылық танытқан баланы қанша тежегенмен, бәрібір басқаларының дәл осындай ойыншығымен ойнайды. Амалсыз алып береміз. Бірақ қызығы басылған кезде жойып жіберіп отырамын. Өкініштісі, әрбір алаң, ойын-сауық орындарына барған сайын қатары қайта толығып отырады», – дейді көпбалалы ана Алтынай Қосназар.
«Бұған дейін ешқандай тосқауылсыз, алып бере беретінмін. Жақында орын алған жағымсыз жаңалықтан соң, кішкентайларымды уақытша ойыншықтың бұл түрлерінен тыйып отырмын. Бірақ оның қай кезге дейін созылатынын білмеймін», – дейді жас ана Асыл Үмітәлиева.
Бүгінгі таңда бұл өнімдер жай ғана ермек емес, ғылыми негізі бар, клиникалық тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдістемелердің бірі, заманауи феноменге айналу сырын маманнан сұрадық.
«Қазіргі ақпараттық ағын мен жүктеме зор уақытта ересектер де, балалар да эмоционалды қысымға түсуге бейім. Салдарынан қолда айналдыратын, қысатын немесе басатын түрлі тактильді заттарға сұраныс артқан. Психологиялық зерттеулер бұл үрдістің терең физиологиялық себептері бар екенін дәлелдейді.
Ғылыми негіздемесіне сүйенсек, ойыншықтың мұндай түрлері адам мазасызданғанда немесе күйзеліске түсіп, вегетативті жүйке жүйесі «қаш немесе соғыс» режиміне ауысқанда, денеде артық адреналин мен бұлшықет кернеуі жиналады. Когнитивті тұрғыда қолмен жасалатын қайталанбалы қозғалыстар мидың артық мазасыздық сигналдарын блоктайды. Зейінді басқа арнаға бұру арқылы жедел күйзелісті басқару әдісі іске қосылады. Физиологиялық тұрғыдан қарасақ, алақан мен саусақ ұштарында мыңдаған жүйке рецепторлары орналасқан. Оларды ынталандыру миға қауіпсіздік сигналын жіберіп, күйзеліс гормоны – кортизол деңгейін төмендетеді. Дегенмен нұсқаулық арқылы қолданған жөн», – дейді дәрігер Мөлдір Алдасыберген.
АҚШ-тың Стенфорд университетінің 2025 жылғы зерттеуі балаларға антистресс ойыншықтарын еркін пайдалануға рұқсат берілгенде, олардың креативтілігі артып, ақпаратты есте сақтау қабілеті нашарламайтынын көрсеткен. Көзбен тікелей бақылауды қажет ететін тыныштандырғыштар сабақ үстінде оқушы назарын мұғалімнен мүлдем алшақтатған. Гиперактивтілік және аутизм белгілері бар балаларға сенсорлық тепе-теңдікке жетуге және эмоцияны реттеуге көмектеседі. Бала кез келген стресстік жағдайда тек осы затқа ғана сүйеніп, өз сезімдерін өздігінен реттеудің табиғи жолдарын яғни ішкі бақылауды үйренбей қалуы мүмкін. Тыныштандырғыш құралдар саусақ бұлшықеттерін дамытып, сөйлеу орталықтарының жұмысын белсендіретінін айтады логопед Айнұр Оқас.
САПАСЫ СЫН КӨТЕРСЕ...
Көптің көңілін күпті еткен ойыншықтарды мақсатты бағытта қолдану үшін оның химиялық және физикалық қауіпін анықтай алу керектігін білу керек. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет маманы Ақерке Жеткер мәлімдеді.
«Дамплинг ойыншығының ішіндегі химиялық құрамның бала ағзасы, терісіне және тыныс алу жолдарына өте улы екені белгілі болып отыр. Алатын не тұтынатын затыңыз өткір химиялық иісі бар және өзгелерге кедергі келтіретін тым қатты дыбысты болса, одан қашқан жөн.
Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, өнімнің қаптамасында жас шектеуі, дайындаушы ел және экологиялық қауіпсіздік таңбасы болуы шарт. Қаптамасында мемлекеттік тілде бірде-бір әріп жазылмаған, химиялық иісі қолқаны қабатын ойыншықты балаңызға алып беру – оның денсаулығын белгісіз қауіпке тігумен тең. Сондықтан, мемлекеттік бақылаудан бұрын, әрбір ата-ананың ішкі сүзгісі мен тұтынушылық мәдениеті бірінші орында тұруы тиіс».
Бүгінге дейін олардың жалпы қауіптертері анықталған.
Бастысы – токсикологиялық және химиялық қаупі. Нарықтағы, әсіресе арзан, сертификатталмаған сквиш, слайм мен лизундар – нағыз химиялық бомба. Халықаралық тұтынушылар ұйымдарының зерттеулері көрсеткендей, бұл ойыншықтардың құрамында пластикті жұмсартатын заттар – фталаттар мен бор қышқылы өте көп мөлшерде кездеседі. Бала оларды үнемі ұстап, кейде аузына салғанда, бұл заттар тері мен сілекей арқылы ағзаға өтсе, гормоналды жүйенің бұзылуы, созылмалы аллергияға, тері дерматитіне және бауыр мен бүйректің улануына әкеп соғады.
Ал сквиштердің жағымды жеміс иісін шығару үшін қолданылатын жасанды хош иістендіргіштер балаларда астма ұстамасын қоздыруы мүмкін.
Көбіне сквиштер мен стресс-доптар гидрогель немесе химиялық сұйықтықтармен толтырылады. Олар жарылған сәтте мұндай сұйықтық баланың көзіне шашырап, химиялық күйікке және көру қабілетінің нашарлауына әкелуі ықтимал», – дейді ол.
Ақерке Жеңісқызының сөзін биология мен химия пәнінің мұғалімі де жоққа шығармайды.
«Антистресс – ойнайтын емес, өлтіретін зат. Химиядан хабары жоқ адам ойыншық ішіндегі гель немесе су деп ойлайды. Қытайдан шығатын кез келген заттың іші химиялық затпен толықтырылады.
Антистресс құрамында глицерин, жұмсақтық беретін поливинил спирті, бор қышқылы болады. Соңғы екеуінің қосындысынан созылмалы зат түзіледі. Бұл созылмалы затпен бала ойнап отырып, денесіне жағады, көзін уқалағанда, жұқа тері күйікке ұшырап, күйік алуы мүмкін.
Жасуша мембранасындағы фосфолипидті қабат бұзылып, ақуыздарды денатурацияға ұшыратады. Бор қышқылы күшті қышқыл болмағанымен, көп мөлшерде теріге түсетін болса, қауіпті», – дейді Сағыныш Смет.
«ЖАЛҒАН» ТЫНЫШТАНДЫРУҒА ЖҰТЫЛМА
«Антисресс құралдары әсіресе жүйе, іс қимыл бұзылысы бар адамдарды қалпына келтіру үшін кеңнен қолданылады. Бірақ олар барлық кезде тиімді деп айтуға келмейді», – деген психолог Сезім Ойнарова тыныштандырушы ойыншықтардың пайдасымен бірге психологиялық және когнитивтік зияны барымен бөлісті.
Сырт көзге зиянсыз әрі тартымды көрінетін бұл бұйымдардың бақылаусыз қолданылуы баланың денсаулығы мен психологиясына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Психологтардың пайымдауынша, бұл ойыншықтар күйзелістің себебімен күреспейді, тек оның симптомын уақытша басады. Салдарынан бала өз эмоциясын басқаруды, ішкі қорқынышымен бетпе-бет келіп, оны саналы түрде жеңуді үйренбей, керісінше тек затқа тәуелді бола бастайды.
Күйзеліске түскен немесе ренжіген бала өзгелермен сөйлесіп, мәселені шешудің орнына, бұрышқа тығылып, ойыншығын қысуды жалғастырады. Бұл оның ортасы және ата-анасымен эмоционалды байланысын әлсіретіп, әлеуметтік оқшаулануға соқтырады.
«Маман, ата-ана ретінде визуалды емес, тек саусақ сезіміне негізделген текстуралы тастар, жұмсақ саздар, тығыз доптар түрлерін таңдауды ұсынар едім. Ойыншықтардан бөлек, ересек адамдар жұмыс орнында немесе күйзеліс сәтінде қолдана алатын «4-7-8», «5-4-3-2-1» сынды терапиялық жаттығулар арқылы көңіл күйді реттеуге болады. Бұл әрекеттер санадағы «жалған» тынышталу механизміне тәуелділікті жойып, «осы шаққа» қайтарады», – дейді Сезім Құралқызы.
ТРЕНД ТӘЛКЕГІ: ӘСЕЛ ӘЛЕГІ
Әлемдік «Sky News» ақпарат порталы Ұлыбританияда 8 жасар бала апта бойы күнделікті слайммен ойнағаннан кейін құсып, іші ауырып, ауруханаға түскенін мәлімдеген. Дәрігерлер баланың терісі арқылы қанға өткен бор қышқылы оның асқазан-ішек жолдарын улағанын анықтады. Еуро Одақ бұл брендтерді сатылымнан толық алдыртып тастаған.
Көршілес Ресей астанасында сквиштердің жасанды иісінен басталған астма 6 жасар бүлдіршіннің өміріне қауіп төндірген. Жағдай анасының қызына құлпынай иісін шығатын жұмсақ сквиш ойыншығын алып беруінен басталған. Бала ойыншықты ұйықтар алдында жастығының жанына қойып жүрген. Арада үш күн өткенде, бала демікпе ұстамасынан тұншыға бастаған. Жедел жәрдем дәрігерлері ойыншық құрамындағы арзан, сапасыз хош иістендіргіштер тыныс алу жолдарының жедел аллергиялық ісінуін тудырғанын нақтылаған.
«Екі апта бұрын көпшілік баратын тынығу орнына барғаннан кейін немеремнің денесі бөртіп, қызыл дақтар пайда болды. Алғашқыда маса шаққан ойғанбыз. Тексергенде белгілі бір заттан аллергия болғаны анықталды. Кейін біліп жатырмын, сол кезде ыдыста тұратын сквиш ойыншығын сатып алғанбыз», – дейі Тынышгүл Мұнтазова.
Қазақстан Респбуликасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде тіркелген жағдайлардың біршамасына көз жүгірттік.
Жақында елімізде мектеп оқушылары арасында кең таралған қытай тұшпарасы пішінді жұмсақ ойыншығы жарылып, ішіндегі белгісіз химиялық сұйықтық баланың терісіне тиген жағдай тіркелген.
Салдарынан оқушы терісін күйік шалып, өткір улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінген. Жағдайдың өршуіне әлеуметтік желілердегі «ойыншықты жұмсарту үшін микротолқынды пешке қыздыру» туралы қауіпті челлендждер себеп болғаны белгілі болып отыр.
Алматы мектептерінің бірінде 3-сынып оқушысы TikTok трендімен «Манты» антистресс ойыншығын ыстық суға салып, содан кейін қатты қысқанда, ойыншықтың жұқа қабығы жарылып, ішіндегі химиялық гель баланың білегі мен алақанына шашыраған. Екі сағаттан кейін терісі қатты қызарып, күлдіреп, дерматит диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Сараптама ойыншық ішіндегі сұйықтықтың құрамында рұқсат етілген мөлшерден 5 есеп артық токсинді еріткіштер бар екенін көрсеткен.
Астана қаласында орын алған оқыс жағдай көптің есінде.
№2 қалалық балалар ауруханасының хирургия бөліміне іші қатты ауырып жеткен 4 жасар баланы ата-анасы уланған деп топшылаған. Тексеріс нәтижесінде баланың асқазаны мен ішегінен 12 дана кішкентай магнитті антистресс шарлары табылған. Бала оларды «кәмпит» деп жұтып қойған. Бір-біріне тартылып, ішектің қабырғаларын қысып, тесіп жіберген магниттерді алу үшін дәрігерлер 3 сағат күрделі ота жасаған.
Әлеуметтік желілердегі ақпараттық пабликтер мен танымал журналистер таратқан ең басты кейс – Алматы тұрғыны Әсел Пактың шағымы.
Желі қолданушысы өзінің Инстаграм парақшасында 7 жасар қызына хит болған антистресс ойыншығы сквиш дамплингті алып бергенін айтқан.
Ұзамай аталмыш ақпарат желісінде басқа жазылушының дәл осындай ойыншықты ұстаған резеңке қолғаптың қылыпты жағдайынан әлдеқайда өзгеріске түскен видеосын жариялаған жазба тарады.
ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУ КЕРЕК?
Тақырып қоғам талқысын тудырды. Нәтижесінде нарықтағы заңсыз, сертификатсыз өнімдердің бала өміріне төндірер қаупі жоғары екенін ресми түрде мәлімдеді.
Дәрігер Мөлдір Нұрадинқызынан оқыс жағдайлар орын алғанда не істеу керектігін сұрадық.
««Манты» сквиштері өте арзан материалдан жасалғандықтан, сыртынан көрінбейтін кішкентай жарықтар пайда болады. Егер бала ойнап жүрген «Манты» немесе басқа да гельді ойыншық жарылып кетсе, ата-ана мына қадамдарды жедел жасауы тиіс.
Зардап шеккен тері аймағын тез арада ағынды сумен және сабынмен жақсылап жуып, липкий гельді кетіру қажет. Ең дұрыс амал – жедел дәрігерге көріну. Теріде қатты қызару, көпіршіктер пайда болса немесе гель көзге тисе, өз бетінше емдемей, бірден маманға бару шарт. Егер ойыншықтан сәл де болса сұйықтық аға бастаса, оны бірден қоқысқа тастау керек. Онымен ойнауды жалғастыруға мүлдем болмайды», – дейді ол.
Оқырмандарды «Егер бұл өнімдер соншалықты қауіпті болса, сауда қалай келіп түседі?» деген сұрақ мазалайтыны заңды. Сауалды сауда жөніндегі эсперт, заңгер Нұрлан Жетенұлына жолдағанымызда, ол Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы мен нарықтағы шынайы жағдайды талдағанда, бұл мәселенің үш негізгі себебін атап өтті.
Бірінші, шекарадан заңсыз өту. Ресми ереже бойынша Қазақстанға импортталған кез келген ойыншық «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес сертификаттаудан өтуі тиіс. Бұл жерде бақылаусыз ағын бары беліглі болып отыр. Нарықтағы арзан сквиштердің үлкен бөлігі елге ірі ресми карго тасымалдарымен емес, «жеке қолдануға арналған тауар» ретінде немесе шекара маңындағы базарлар арқылы кішігірім топтамалармен кіргізілген.
Мұндай «сұр» тауарлар ешқандай зертханалық тексерістен өтпейді, сәйкестік сертификатын алмай, бірден базар сөрелеріне, мектеп жанындағы дүкендерге немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларға жол тартады.
«Заң бойынша екі тілде нұсқаулықтың болмауы – тікелей бұзушылық. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 25-бабы және «Тілдер туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан аумағында сатылатын кез келген тауардың қаптамасында немесе нұсқаулығында міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде толық мәлімет: құрамы, өндірушісі, жас шектеуі болуы шарт. Егер ойыншықта тек қытай немесе ағылшын тіліндегі жазулар ғана болса, бұл – тауардың елге контрабандалық жолмен келгенінің басты дәлелі», – дейді сөзінде.
Тағы бір жағдай, мораторий және мемлекеттік бақылаудың шектелуі. Көптеген ата-аналар құзырлы сауда қатарларын тексермейтініне шағымданады. Бұл туралы мынандай дәйегін жеткізді.
«Қолданыстағы заң тәртібіне орай, Мемлекеттік органдар шағын және орта бизнесті өз бетінше, ескертусіз тексере алмайды. Тек тексеру тұтынушыдан құжатсыз сауда туралы ресми арыз-шағым түскенде жүргізіледі. Шағым түскен күннің өзінде, сатушылар бұл тауарды кімнен, қайдан алғанын дәлелдейтін ешқандай құжат көрсете алмайды. Нәтижесінде сатушыға тек шағын айыппұл салынады, бірақ тауардың астыртын келу көзі жабылмай қала береді», – дейді.
ДАМПЛИНГСІЗ ДЕ ДАМУҒА БОЛАДЫ
Тақырыпты дайындау баласында «тыныштандырушы» ойыншықтарды тұтынушылардың біразын сөзге тарттық. Қатарынан жасөспірімдер мен жастарды жиі кездесті.
«Трендтен қалу – өмірден қалумен бірдей. Желіні жарып жатқан сквинштер менде де бар. Стреске түсіп жатқан ештеңем жоқ. Жай қызығушылықтан алдым. Сыйлыққа келгендері де бар. Зиянды деп бәрі шулап жатыр. Оны білсеңіздер, өзіне жауап бере алмайтын, тәуекелге көзсіз бара беретін балаларыңызға ұстатпаңыз. Әзір зиянын көрген жоқпын. Есіме түскенде, қысып қоямын», – дейді студент Айлуна Бегей.
Ертеде қазақ балаларының ұсақ қимылдары, физикалық шынығуы күнделікті өмір, еңбек, ойындар және табиғатпен тікелей байланыс арқылы табиғи жолмен дамыған. Олар ересектермен бірге мал бағып, үй жұмыстарына араласып, ойын ойнап өскен. Бұл әрекеттер саусақтардың икемділігін, дәлдікті, көз-қол үйлесімін және жалпы ақыл-ой дамуын арттырған.
Қазақтың тұрмыс салтындағы қолданбалы тірліктің барлығы бала моторикасы, зейінін дамытуға арналғанын айтады Айшагүл Жұмағұлқызы.
«Осы жағдайдың барлығы біздің төл тұрмыстық дағдылардан алыстап қалғанымыздың әсері», – деп әңгімесін бастаған ардагер-ұстаз өз көзқарасымен бөлісті.
«Қазақ даласында қарадомалақтар көбіне жалаң аяқ жүретін. Жұмсақ шөп, құм, жылы жер, кейде тасты жолдарда жалаңаяқ басу табан мен саусақтарды нығайтып, тепе-теңдікті, дене сезімін дамытқан. Бұл жалпы қозғалыс үйлесімін жақсартып, ұсақ моторикаға жанама қолдау көрсеткен.
Бір ғана «Бес тас» ойынын қарайықшы, домалақ тас немесе асықтарды алып, жоғары лақтырып, әртүрлі тәсілдермен ұстауды қажетсінеді. Пайдасы – саусақтардың жылдамдығы мен дәлдігін, зейінді, есте сақтауды, логикалық ойлауды жетілдіреді. Қолдың ұсақ моторикасын шынықтырады.
Батпақпен ойнау және табиғи материалдардың да пайдасы зор. Батпақ, құм, тұз және күн сәулесі – балалардың сенсорлық дамуына өте пайдалы аналогы жоқ табиғи мүмкіндік. Біз құмға сурет салып өстік. Енді сол шетелдік озық тәжірибе болып қайта оралып жатыр. Ал күн D дәруменін түзіп, сүйектер мен бұлшықеттердің дамуына көмектеседі.
Тағы бір айтарым, сүйек мүжудің орасан пайдасын жас ата-аналар естен шығарып жүр», – дейді. Бұдан бөлек қолдың дәл қимылдарын талап ететін құрт жасау, жүн түту және басқа еңбек түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу қажеттігін де атап өтті. Себебі ғасырлар бойын екшеленген дәстүрлер балаларды еңбекке, ұқыптылыққа тәрбиелеп, тек дене дамуын ғана емес, тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал етеді.
Табиғи өнімдерден жасалған ойыншықтармен көпті тәнті етіп жүрген тәрбиешіні Әйтеке би кентінен таптық.
Тәжірибелі тәрбиешінің қолдан жасалған бұйымдары: табиғи материалдардан жасалған ойыншықтар мен құралдар – өз әдістемесінің ажырамас бөлшегіне айналып үлгерген.
Балабақша тәрбиеленушілері үшін жасалған бұйымдар – балалардың ұсақ моторикасын, қиялын, шығармашылық қабілетін және сенсорлық қабылдауын дамытудың ең тиімді әрі экологиялық таза жолы екенімен бөлісті. Байқағанымыз, табиғи материалдарды пайдаланып әзірленген бұйымдар қауіпсіз, эстетикалық және тәрбиелік мәнге ие.
«Қазір көпшілік білмейтін қауақ деген өсімдік бар. Бала кезімізде көп жағдайда соны пайдаланатынбыз. Іздегенде, табу қиынға түседі. Болашақта арнайы ексем бе деген ойым бар. Қауақты кептіріп, оған әртүрлі өрнек салу, тесу немесе ішіне мақта, дән, қоңырау салып сылдырмақ, қоңыраулы ойыншық жасауды тәрбие жұмыстарына енгізіп жүрмін. Қоржынымызда қауақтан жасалған кішкентай ыдыстар, қуыршақ және сенсорлық доптар бар. Бұл материал берік, табиғи және баланың тактильді сезімін дамытады.
Сондай-ақ мақтадан жұмсақ қуыршақтар, жануарлар, шарлар немесе сенсорлық пакеттер жасаймыз. Пияз қабығы, қызылша, куркума сынды әртүрлі түсті табиғи бояулармен бояп, түрлі-түсті материал ретінде қолдануға болады. Мақта саусақтардың ұсақ қимылдарын дамытуға өте қолайлы, жұмсақ және балаларға жағымды. Наурыз айында қой, түйе жүнінен бұйымдар дайындаймыз. Менің балаларым қолдан ермексаз жасауды да біледі.
Балабақшамызда дәндер, макарондардан да түзілген сұрыптау ойыншықтары бар. Барлығы экологиялық таза және балаларға қауіпсіз, қиял мен шығармашылықты кешенді дамытып, кішкентайлардың табиғатты сүю, үнемшілдікке және еңбекке тәрбиелеп, тәрбиеші мен баланың бірлескен шығармашылығын дамытады. Дегенмен оларды үнемі тұтынуға мүмкіндік бола бермейді. Бағдарлама аясында ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғыруды мақсат тұтамыз», – дейді Жансая Ескермесова.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне көз жүгіртсек, ойыншықтардан улану және жарақат алу оқиғаларының 75 проценті қаптамасында арнайы таңбасы, штрих-коды және құрамы жазылмаған, базарлар мен реттелмейтін онлайн-дүкендерден сатып алынған арзан тауарлардан болатыны белгілі болып отыр. Өкініштісі, сапасыз өнім адамды уласа, бақылаусыз қолдану оның психологиясын жалқаулыққа үйретуде. Бұл орайда ата-анаға ойыншық алмас бұрын, оның сертификатын тексерумен бірге, баланың мазасыздығының мектептегі қысым, қорқыныш, назар аудармау сынды түпкі себебі анықтауың қажеттілігі туындап тұр.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 шілде 2026 ж. 46 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031