Дәрі-дәрмек бағасы шарықтады: бір жылда 21,6%-ға қымбаттаған
Фото: ShutterstockҚазақстанда дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен алып тастау жалғасып жатыр. Бұл бағыт 2022 жылы белгіленген болатын. Реттелетін дәрілер тізімінен 1,2 мыңнан астам позиция алынып, олардың саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқарды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Өзгерістер бағасы 1 ең төменгі есептік көрсеткіштен, яғни 4 325 теңгеден төмен арзан рецептілік дәрілерге де қатысты. Енді олардың бағасы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады.
Денсаулық сақтау министрлігі нарықтық баға белгілеуге көшу бәсекелестікті күшейтіп, дәрі-дәрмек түрлерін көбейтіп, халық үшін олардың қолжетімділігін арттырады деп күтеді.
Бұл болжамды фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының бағалауы да растайды. Ұйым сарапшыларының пікірінше, реттеудің арзан дәрі-дәрмек сегментіне қатысты болуы маңызды. Бәсекелестіктің күшеюі онсыз да арзан препараттардың бағасын одан әрі төмендетуі мүмкін. Себебі бұл олардың жеткізілім көлемін арттырып, Қазақстан нарығындағы ассортиментті кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл отандық фармацевтика өнеркәсібі мен жалпы саланың дамуына серпін беруі мүмкін.
Егер оң болжамдар жүзеге асса, бұл тұтынушылар үшін жақсы жаңалық болмақ. Әзірге Қазақстанда фармацевтикалық өнім бағасы айтарлықтай өсіп отыр.
Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы тамызда фармацевтикалық өнім бағасы бір айда 2,3%-ға қымбаттаған. Ал жалпы инфляция 0,6% болды. Осылайша, фармацевтикалық өнімдердің айлық қымбаттауы жалпы көрсеткіштен шамамен 4 есе жоғары болды. Салыстыру үшін, осы кезеңде азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,8%-ға, ал денсаулық сақтау саласындағы тауарлар мен қызметтер 1,3%-ға қымбаттаған.
Еnergyprom.kz мәліметінше, жыл басынан бері фармацевтикалық өнім бағасы 13,8%-ға өсті. Бұл барлық тауар мен қызмет бойынша 6,4% көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Жылдық мәнде фармацевтикалық өнімдердің қымбаттауы 21,6%-ды құрап, жалпы инфляциядан (9,8%) екі еседен астам жоғары болды. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бір жылда 11,4%-ға, денсаулық сақтау саласындағы тауарлар мен қызметтер 15%-ға қымбаттаған.
Азаматтар да белгіленген шекті бөлшек сауда бағасының көтерілгені туралы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне DariKZ қосымшасы арқылы хабарлай алады. Ол үшін өтінішке түбіртек пен дәрі-дәрмек қаптамасының фотосын қоса тіркеу қажет.












