Маркетплейстегі сатушылардың аккаунтын заң бұзғаны үшін бұғаттау ұсынылды
Қазақстанда 2027 жылдан бастап салық органдарының хабарламаларын орындамаған маркетплейс сатушыларының аккаунтын бұғаттау ұсынылып отыр. Тиісті түзетулер Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ұлттық экономика министрлігі қолданыстағы кодексті 89-1-баппен толықтыруды ұсынды - "Интернет-ресурста және (немесе) интернет-алаңда өткізуді тоқтата тұру". Бұл бап фискалдық органдарға интернет-алаңдар арқылы сауда жасауды тоқтатуға мүмкіндік береді. Заң жобасы "Ашық НҚА" порталында талқылауға шығарылды.
Бұғаттау туралы шешім сатушы төмендегі хабарламаларды орындамаған жағдайда қабылдануы мүмкін:
салық заңнамасын бұзу деректерін жою туралы хабарлама;
камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама.
Салық органы өткізуді тоқтата тұру туралы шешімді үш жұмыс күні ішінде тиісті хабарламаны орындау мерзімі аяқталғаннан кейін шығарады.
Сатушыларды неге бұғаттау ұсынылып отыр?
Түзетулерді әзірлеушілер негіздеме ретінде маркетплейстердегі сауда-саттық деректерін келтіреді. Талдау нәтижелері бойынша мұндай алаңдар арқылы 2 триллион теңгеден аса сомаға тауар сатылған. Бұл ретте 200 миллиард теңгеден аса соманың саудасы тауардың шыққан тегін растайтын құжаттарсыз жүргізілген.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша сатушыларға хабарламалар жіберілді. Енді сатуды тоқтата тұру мүмкіндігін енгізу ұсынылып отыр - бұл шара маркетплейстегі сатушы аккаунтын бұғаттау десе болады.
Бұғаттау механизмі қалай жұмыс істейді?
Шешім қабылданғаннан кейін салық органы оны үш жұмыс күні ішінде интернет-алаң иесіне жіберуі тиіс. Маркетплейстің сауданы тоқтатуына тағы үш жұмыс күні беріледі.
Шектеу оның енгізілуіне себеп болған жағдайлар жойылғаннан кейін алып тасталады. Салық органынан бұғаттауды тоқтату туралы шешімді алғаннан кейін алаң бір жұмыс күні ішінде сауданы қайта бастауы тиіс.Түзетуді қолданысқа енгізу мерзімі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап көзделген.
Бұған дейін Салық кодексіне енгізілетін басқа да өзгерістер туралы белгілі болған еді. Атап айтқанда, салық қызметкерлеріне шетелдік интернет-алаңдарды бақылау және тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау үшін қосымша құралдар беру жоспарланған.











