Алдағы күндері елдің басым бөлігінде қатты жаңбыр күтіледі

«Қазгидромет» РМК-ның болжамына сәйкес, 2026 жылғы 21–23 шілде аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен ел аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кей өңірлерде екпінді жел соғып, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болуы ықтимал.
Жауын-шашынның әсерінен еліміздің көптеген өңірінде аптап ыстық біртіндеп басылады. Солтүстік және солтүстік-батыс облыстарда күндізгі ауа температурасы +20…+30°С, орталық пен шығыста +22…+35°С аралығында болады. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ауа температурасы +27…+35°С-қа дейін төмендейді.
Тек еліміздің батысында ғана ыстық сақталады. Ираннан келетін жылы ауа массаларының ықпалынан бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы +30…+42°С-қа дейін көтеріледі.














