Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі-өнеге, мұраты-асыл

Өмірі-өнеге, мұраты-асыл

Бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған шығармашыл ұстаз, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, көкірегі шежіреге толы Қадірбек Бекетовтің кейінгілер ғибрат алатын өнегелі үлгісі мол.
Қазалы ауданының білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған кездері талай жақсылар мен жайсаңдармен қызметтес болдық. Өзімізден үлкен аға буынның ақыл-кеңестерінен тағылым алдық, қатар әріптестерімізбен білім саласындағы небір күрмеуі қиын мәселелер жөнінде тәжірибе алмастық. Қолдан келгенше, өзімізден кейінгілерге жөн көрсетуді азаматтық парызымыз деп санадық.
Мұғалімдік қызметті қатар бастаған Қадірбектің де өмір деректеріне көз жіберсек балалық шағы жеңіл болды деуге келмейді. Қарт майдангер Бекет ақсақалдың тұңғышы Қадірбек соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде әкесіне көмекші болып, өз отбасындағы қиындықтарды бір кісідей ақ жеңуге көмектесті.
Ол табиғатынан қарапайым, қонақшыл Бекет ақсақалдың от басында талай өмір көрген үлкендердің өткен тарихымыз, батырлар мен дана билер жәйлі әңгімелерін оларға үйде қызмет жасап жүріп көкірегіне түйіп өсті, кейін батыр, билер жәйлі кітаптарды жата жастана оқыды.
Оның тынымсыз ізденісімен, терең білімімен, үдіріссіз өсу жолында болды. Жаратылысынан қарапайымдылық пен ізгілікті мұрат тұтқан аяулы да ардақты ұстаз Қадірбек Бекеттің азаматтық тұлғасына көпшілік құрметпен қарайды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қасиетінің арқасында өз шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, ата-аналар мен көпшіліктің құрметіне бөленді. Республикадағы өз әріптестеріне кеңінен танымал ұстаз атанды.
Шығыстың Ұлы ойшылы Рудаки: «Өмір теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деп айтқандай, ол өз өмірінде арманына жеткен шын мағынасындағы ұстаз болды.
Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Қадірбектің алдында бір ғана таңдау тұрды. Ол белгілі бір мамандық алып, отбасы ауыртпалығын әкесімен бірге көтеру. Осындай арман оны Қазалы станциясындағы теміржолшылар училищесіне алып келді. Училищеден тепловоз жөндеуші мамандығын алып шығып, еңбекке араласты.
Кеңес Армиясы қатарында өзінің азаматтық борышын ойдағыдай атқарып, келген соң жұмысын жалғастырды.
Алайда бала кезден халқымыздың өткен тарихына, ұлтымыздың азаттық жолында күрескен батырлардың ерлігіне, дана билер мен айтулы шешендердің өнеріне деген қызығушылығы оны Қазақтың мемлекеттік университетінің тарих факультетіне алып келді. Университетті сырттай оқи жүріп, аудандағы арнайы комиссияның алдында өзінің тарихтан білімінің жақсы екендігін дәлелдеп, 1972 жылы Ж. Жабаев атындағы №234 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасып, бала кездегі арманы орындалды.
Шәкірттерінің оқуға деген қызығушылығын арттыратын сан түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік шараларды ұйымдастыра отырып, талай белестерді бағындырды. Өзі де абыройлы болды. Ұжымның да мерейін үстем ете білді. Осындай шығармашыл ұстаз кезінде білім саласы басшылығының көзіне түсіп, қызмет бабында біраз лауазымды жұмыстарды да абыроймен атқарды.
Атап айтқанда Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектеп директорының орынбасары, екі рет Лақалы сегізжылдық мектебінің директоры, Тасөткел, Ойынды бастауыш мектептерінің меңгерушісі болып, ұжымдағы жас ұстаздарды шығармашылыққа баулыды. Ұжым мүшелерінің ынтымағы мен бірлігін сақтауға ерекше мән берді. Нәтижесінде ол басқарған қарапайым ауыл мектебінің мұғалімдері аудандық, облыстық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көріне бастады. Үнемі шығармашылық ізденісте жүретіндігінің дәлелі ретінде тәжірибесінен қорытып жасаған педагогикалық тақырыптағы авторлық баяндамалары бірнеше рет аудандық, облыстық педагогикалық оқуларда жеңімпаз деп танылды. Облыстан келген мұғалімдерге Жаңақорған, Тереңөзек кенттерінде арнайы практикалық сабақтар көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.
Қадекең, 2002 жылы «Шағын комплектілі мектептер» мұғалімдерінің Өскемен қаласында өткен Республикалық конференциясына қатысып, үлкен абыройға бөленді. Аталмыш маңызды жиында жасаған баяндамасының құндылығына профессор Н.Нұрахметов өте жоғары баға беріп, оның тәжірибесін республика мектептеріне таратуға шешім қабылдайды. 100-ден аса кітапша етіп басылып, әдістемесі дереу таратылады.
Баяндаманың мазмұны аз комплектілі мектептерде бірнеше сынып оқушыларын бірге оқытқанда, сабақ уақытын үнемдеп, ұқсас тақырыптарды бірге өткізудің тиімділігін көрсетіп берді. Бұл үлкен жаңалық деп танылды.
Сондай-ақ ол өзінің ұстаздық қызметіндегі тәжірибелерін қорыта отырып, республика көлеміндегі әріптестерімен әдіс алмасып отыру мақсатында «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» газет журналдарына үзбей мақала жариялап тұрады.
Шығармашыл ұстаздың ізденімпаздығы мен байқампаздығының бір қыры – шығып жатқан оқулықтарға сыни көзбен қарайтындығы. Көп мұғалімдер мән беріп аңғара бермейтін кітаптардағы қателерді тауып, баспа, оқулық авторларына өз ұсынысын айтып отырды. Кезінде 1-сыныпқа арналған «Әліппенің» 87-бетінде З дыбысын өтерде оқушыға ой салуға берілген сурет зығыр ма? Жоқ жалбыз ба? Оқушы түгіл мұғалім де ажырата алмайды. Оны тек өсімдіктану оқулығынан қарап қана тану мүмкін болады. Немесе І дыбысын өтерде оқушыларға берілген: «Ана тілін білмеген, Атасын да сыйламас» деген өлең жолдарындағы Г дыбысы оқушыларға таныс емес болғандықтан, әлі өтпеген, әріпті оқушыларға қабылдау қиындық туғызатындығын дәйекті дәлелмен жеткізіп, нәтижесінде шалғайдағы ауылда жұмыс істейтін Қадірбек тапқан оқулықтағы қателерден кейін бағдарлама жөнделгенін бірі білсе, бірі білмейді.
Қадірбектің басқа ұстаздардан ұқсамайтын тағы бір қыры өзінің жан-жақты білімінің, дүние танымының кеңдігінің арқасында, мерзімді тарихи оқиғаларға байланысты ғылыми тәжірибелік жиындар мен сайыстарға белсенді қатысуы еді.
Сөзімізге төмендегі дәлелдер жеткілікті.
«Құрметті Қадірбек Бекет мырза!
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сізді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығына арналған «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» атты ғылыми-практикалық конференция аясында ЕҰУ, «Нұр Отан» ХДП, «Азаттық радиосы» және «Қазақ радиосының» бірігіп өткізген радиовикторинада жеңімпаз атануыңызбен құттықтайды!
Қазақ елінің тарихын, Алаш ұлыларының еңбегін бағалай білетін азамат ретінде елдік және отаншылдық істеріңізді жалғастыра беретініңізге сенімдіміз! Мемлекет басшысы мен еліміз білімді, парасатты адамдарға үміт артады. Білім қазынаңыз ортаймасын. Мағыналы ғұмыр кешіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей беріңіз!
Ректор Ерлан Сыдықов».
Ол қашан да жастардың тарихи танымдық қабілеттерін дамытуды көздейтін іс-шараларға белсене қатысып, үлгі болудан бір де тартынған емес. «Қазақстан телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында көрермендердің интеллектуалдық танымдық қабілетін дамытуды көздейтін сұрақтарға тұшымды жауаптар беріп, жерлестерінің мерейін өсіргендігіне талай куә болдық. «Бағдарламаның бүгінгі берілетін сұрағына Қадірбек ағай қалай жауап береді екен?» деп көрермендердің экран алдында тағатсыздана күтетін жағдайларына да жиі куә болдық. Сондай-ақ «Қазалыдан Қадірбек ағайың ғой» деп сұраққа нақты жауап бергенде біздер де бір марқайып қалатынбыз.
Жаратылысынан қарапайым, Қадекең асып тасуды білмейтін сырбаз қалпынан таймайды. Тіпті «Таңшолпанның» кезекті сұрағына өте дұрыс жауап беріп, Дубай қаласына жолдама ұтып алғанда да оның асып тасқанын көрген жоқпыз.
Ардагер-ұстаздың республиканың қоғамдық мәдени өміріне белсене қатысқан еңбегін, ұлағатты ұстаз, отбасына қадірменді ата ретіндегі өнегесін арнайы телеарна қызметкерлері келіп түсіріп, Республикалық теледидардан көрермендерге көрсетті.
Қ.Бекет ауданның мәдени көпшілік жұмыстарынан тыс қалмайды. Әсіресе, Қазалы аудандық «Білім саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жұмысына белсене қатысып, атқарған жұмыстары көпшілік көңілінен шығып жүр.
Руханият орталығындағы орталықтанған кітапханада өткізілетін кітап оқушылар конференциялары мен пікірсайыстарында ой бөлісіп отырады. Өзінің білген, түйгендерін баспасөз беттерінде жариялап тұрады. Әсіресе жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілетін аудандық, облыстық сайыстарға қатысып жас ұрпаққа бата беру, бұрынғы өткен бабаларымыздың шешендік сөздерін айтудан жүлделі орындар иемденіп, ауданымыздың абыройын асырып жүр.
Өмір бойы оқыған тоқығанын, сондай-ақ көнекөз қариялардан естіген білгендерін ой елегінен өткізіп, «Басықара батыр, әрі би» атты кітабын шығарды. Атақты бабалары Жалаңтөстің ерліктері, Әйтеке бидің, оның баласы Өтебастың тапқырлықтары мен шешендіктері, Байқазақ батырдың ерліктері жәйлі жинақтап жүрген дүниелері бір төбе.
Сан қырлы еңбегімен танылып, ел құрметіне бөленіп, «Қазалының Қадірбегі» атанған ұлағатты ұстаздың еңбегі лайықты бағаланды да.
Ол Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің алғыс хаты, «Ардагер ұйымына – 30 жыл» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін алып, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ радиосының қоғамдық негіздегі тілшісі.
Қадірбек отбасының бақытын көріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата. Балаларының үлкені Бақыткүл – №276 орта мектепте қызметкер, Әділбек – Көктал бекетінде жоғары білімді темір жол саласының инженері, Сапарбек – Орал қаласында жоғары білімді теміржолшы, Әуезбек – Қандағаш станциясында білікті диспетчер. Баян –Алматы қаласында орта мектепте мұғалім болып абыройлы қызмет атқаруда.
Өмірлік жары Жамиғаның өмірден озғаны болмаса, бәрі өсіп-өнуде.
Бүгінгі күні 80 жастың биігіне абыроймен шығып отырған ұлағатты ұстаз Қ.Бекетке әлі де денің сау болып, ауданымыздың қоғамдық мәдени өміріне белсене араласып, ұрпағыңыздың қызығын ұзағынан көре беріңіз деп тілейміз!
Серік ҚУАНЫШБАЙ
Қазалы аудандық «Білім беру саласы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
27 маусым 2026 ж. 31 0

Бейнет һәм құрмет

27 маусым 2026 ж. 23

Өмірі-өнеге, мұраты-асыл

27 маусым 2026 ж. 32

Мерей мен мәртебе

27 маусым 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930