Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылтай – 2026: сайлау хроникасы қандай?

Құрылтай – 2026: сайлау хроникасы қандай?

Жексенбіде елде тарихи Құрылтай сайлауы өтті. Барлық өңірде Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс беру 10423 сайлау учаскесінде болды. Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған еді.
23-тамызда елде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтті. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Әділетті Қазақстанды құру ісінде жетістікке жетіп келеміз. Халық Конституциясы күшіне енді. Елдің даму бағдары өзгерді. Жексенбіде өткен сайлау халықтың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, бүгінгі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысқан «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» және Respublica партиясының тізімдері тіркелген болатын. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болды.Сондай-ақ, біздің елден тыс жерде орналасқан 16 шет мемлекетте 19 сайлау учаскесінде дауыс берілді. Осылайша ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Сайлаушылар тізімдеріне 12 605 788 адам енгізілген. Сайлау қалай өтті? Шолып көрейік.
Ел бойынша сағат 07.00-ден бастап барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді. Ал Қазалы ауданында барлығы 39 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 47 515 дауыс беруші өз таңдауын жасайды деп күтілді. Әйтеке би кентінде – 14, Қазалы қаласында – 3 және ауылдық округтерде – 22 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мемлекеттік Әнұран орындалып, дауыс беру жәшіктері қойылып, учаскелер өз жұмыстары таңмен таласа бастады. Аудан тұрғындары таңғы сағат 7.00-ден бастап сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады.
Құрылтай сайлауына дауыс беру басталғаннан-ақ сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. Одан әрі арттыру мақсатында келушілерге естелік сыйлықтар да қарастырылды. Сайлау учаскелерінде учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері мен байқаушылар ұлттық киім үлгісінде келіп, елдік мәні бар саяси науқанға ерекше құрметін көрсетті. Ұлттық нақыштағы киім – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі. Бұл бастама сайлау үдерісіне өзіндік мән беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үндейді. Дауыс беру жұмыстары ашықтық пен заң талаптарына сәйкес жүргізіліп отырды.
Дауыс берушілерге қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Сайлауға келген тұрғындарға ақ дастархан жайылып, қымыз, бауырсақ және ұлттық тағамдар ұсынылды. Ақ дастархан басындағы ақ тілек пен ұлттық тағамның қадірі – ел бірлігінің жарасымды көрінісі емес пе?
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі Оқушылар үйінде орналасқан №56 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуінде бұл сайлаудың ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам екенін атап өтті. Еліміздің тарихындағы маңызды кезеңде әр азаматтың таңдауы айрықша мәнге ие. Құрылтай сайлауы – ел болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан. Сондықтан әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділігін танытуы маңызды деп есептеймін, – деді аудан басшысы.
Саяси науқанға жұртшылықпен бірге ғасырдан асқан ғұмыр иесі 102 жастағы София Сағымбай да қатысып, өз таңдауын жасады.Жасы жүзден асқан кейуананың ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ғасырдан астам уақытты артқа тастаған София әженің өмір жолы ел тарихындағы талай кезеңмен сабақтас. Бүгінде ақ жаулықты ана ұрпағының амандығын, елдің тыныштығы мен берекесін тілеп, маңызды науқаннан тыс қалмады.
Әйтеке би кентіндегі №362 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері кейуананың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы үйіне барып, өз таңдауын еркін білдіруіне мүмкіндік жасады.
«Ғұмырымда талай заманды көрдім. Елдің тыныштығы мен бірлігі ең үлкен байлық. Бүгін үйіме арнайы келіп, дауыс беруіме жағдай жасаған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Әрбір адам елінің болашағына алаңдап, өз таңдауын жасауы керек. Жастарымыздың жолы ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ел басқарған азаматтар халықтың қамын ойлап, елге қызмет етсін. Ұрпағымыз ынтымақты, берекелі заманда өмір сүрсін», – деді 102 жастағы София Сағымбай.
Қазалы қаласындағы №65 сайлау учаскесінде 90 жастағы тыл ардагері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері Мәлік Әміреұлы 90 жасында сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады. Мәлік ата үшін елдік маңызы зор науқанға қатысу – азаматтық парыз ғана емес, туған елінің болашағына деген сенімнің көрінісі. Ақсақал сайлауға қатысушыларға ақ тілегін білдіріп, Құрылтай сайлауының сәтті өтуіне батасын берді. Сонымен қатар Тасарық ауылдық округіне қарасты Лақалы ауылындағы №76 сайлау учаскесінде ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысқан 90 жастағы Кәрібоз Әлимаұлы өз таңдауын жасады. Ол Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері. Жасы тоқсанға келген еңбек ардагерінің азаматтық белсенділігі – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ғұмырын ел игілігіне, ауыл шаруашылығының дамуына арнаған ардақты азамат ел болашағына қатысты маңызды таңдаудан тыс қалмай, өз дауысын берді.
Қазалы ауданының құрметті азаматы, батыр ана, өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген іскер кәсіпкер – Бибісара Әби №66 сайлау учаскесінде келіп өз таңдауын жасады. Ұлт болашағы үшін маңызды саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қараған Бибісара анамыз бұл қадамды азаматтық парыз әрі елге деген жанашырлық деп біледі.
– Бұл – тек сайлау ғана емес, туған жеріміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың белсенді ұстанымын білдіретін күн, – деді ол.
Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек ардагері Ажаркүл Сейділдақызы да белсенді қатысып, өз таңдауын жасады. Қарашеңгел ауылдық округіндегі №83 референдум учаскесіне арнайы отбасымен бірге келген ардақты ана ел болашағына бей-жай қарамай, азаматтық парызын орындады. Еңбек жолында талай белесті бағындырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқан ардагер сайлаудың әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Бүгінгі таңда ел болып маңызды шешімге атсалысып жатырмыз. Құрылтай сайлауы халықтың өз пікірін білдіріп, елдің ертеңіне деген көзқарасын танытатын маңызды қадам. Мен де отбасыма ертіп, өз таңдауымды жасауға келдім. Жастарымыздың болашағы жарқын, еліміздің іргесі берік болсын. Елдің бірлігі мен ынтымағы артып, ұрпағымыз бейбіт те берекелі заманда өмір сүрсін. Әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, ел болашағына үлесін қосуы керек, – деді ол.
Әйтеке би кентіндегі №56 сайлау учаскесінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Аға буын өкілі ретінде ол ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, азаматтарды сайлауға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын арттыру мақсатында сайлау учаскелерінде алғашқы және белгілі бір реттік нөмірмен дауыс берушілерге, сондай-ақ ең қарт сайлаушыға арнайы сыйлықтар табыстау қарастырылды.
Ақсуат ауылындағы «Қорқыт ата» компрессорлық газ тарату стансасының ұжымы ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауына белсенділікпен атсалысып, ауызбіршілік таныта отырып дауыс берді. Ұжым мүшелері ауылдық округтегі №85 сайлау учаскесіне бірге келіп, азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Маңызды науқанға ұйымшылдықпен қатысу – ортақ жауапкершіліктің көрінісі.
Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Азаматтық жауапкершілікті жоғары қоятын сала мамандары дауыс беру арқылы елдің болашағына қатысты ұстанымдарын білдірді.
Әйтеке би кентіндегі №62 сайлау учаскесінде Досхожаевтар отбасы да өз азаматтық таңдауын жасады. 42 жылдан астам уақыт бойы өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге еңсеріп, 4 ұл, 9 қыз тәрбиелеп өсірген Әли Ақмырзаұлы мен Салия Мәдәлиқызы бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысына айналып отыр. Көпбалалы ана Салия Мәдәлиқызы аналық еңбегі үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Досхожаевтар отбасы – үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық көрсетуді, еңбекке адалдық пен елге деген жауапкершілікті өмірлік ұстаным еткен өнегелі шаңырақ. Жуырда дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанып, облыстық кезеңде жүлделі ІІ орынға ие болған отбасыға облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының арнайы дипломы мен 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлығы табысталған болатын.
Өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі – Сыр өңірінің рухани-мәдени өмірінде өзіндік орны бар өнер ұжымы. Қазақтың қасиетті қара домбырасы мен қоңыр қобызынан төгілген күй халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұрасы. Сол құндылықты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға жеткізуді өмірлік мұрат еткен өнерпаз әулеттер аз емес. Солардың бірі елге танымал күйші, қобызшы Махамбет және Раманқұл Әуезовтердің өнердегі сара жолын жалғастырып келе жатқан «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблі. Бүгінде Сыр өңірінің мәдени өміріне белсене араласып жүрген ансамбльдің өнерпаздары ұлттық өнерді ұлықтаумен қатар, ел өміріндегі маңызды қоғамдық шараларға да белсенді қатысып келеді. Соның бір көрінісі азаматтық жауапкершілігін танытып, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауы. Өнерпаздар үшін ел болашағына қатысты әрбір маңызды қадам ортақ жауапкершілік. Сондықтан «Әуезовтер» отбасылық ансамблінің мүшелері де азаматтық борыштарын атқарып, дауыс беруге қатысып, ел ертеңіне деген өз көзқарастарын білдірді.
Үрмәш Түктібаев атындағы ауыл ел арасында «Егіздер ауылы» деген атаумен танымал. Берекелі елді мекенде бүгінде 26 егіз және 2 үшем дүниеге келген. Ерекше ауылдан шыққан үшемдердің әкесі Қуаныш Алтынбаев Айғаным, Айғаныт және Асылым есімді үшемдерін ертіп, №68 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады.
Сегіз перзенттің әкесі Қуаныш Мұратбайұлы үшін бұл – ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды қадам.Сайлау учаскелеріне келіп, белсенділік танытқандар қатарында аудан спортшылары да бар. Олардың айтуынша, елдің ертеңі әр азаматтың таңдауынан басталады.
– Сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасау мен үшін азаматтық міндет. Спортта жеңіске жету үшін қалай мақсат қойып, аянбай еңбек етсек, елдің болашағы үшін де әр азамат өз жауапкершілігін сезінуі керек. Бүгінгі таңдауымыз ертеңгі күнге деген сеніміміздің көрінісі. Елімізде тұрақтылық пен бірлік нығайып, жастарға спортпен айналысуға, білім алып, өз қабілетін дамытуға мол мүмкіндік жасала берсе екен, – дейді олар.
Сайлауға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген дәрігерлер, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мамандары, «ҚазСушар» ұжымы, сондай-ақ облысқа қарасты жедел жәрдем бригадаларының қызметкерлері қатысты.
Әйтеке би кентіндегі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде орналасқан №92 сайлау учаскесінде таңғы сағат 7.00-ден бастап Құрылтай сайлауында дауыс беру қарқынды жүргізілді. Таң азанымен туған жердің, елдің жарқын болашағына өз үлесін қосу үшін «Қазалы локомотив жөндеу зауытының» қызметкерлері ұжым болып сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Жанқожа Нұрмұхаммедұлы атындағы және Кәрібайбұлақ шекара заставаларында әскери қызметшілер Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады. Ел шекарасын күзетіп, Отан тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген сарбаздар сайлауға қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытты.
№57 сайлау учаскесінде жуырда ғана отау құрған Заманбек Қарасай мен Гүлнаурыз Сүйеубаева Құрылтай сайлауынан қалыс қалмай, өз таңдауларын жасады. Жас жұп бұған дейінгі өткен саяси науқандарға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап келген. Айта кеткен жөн, ауданда жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар, тойы өтіп жатқан жас отбасылар да өз дауысын берді.
Ғани Мұратбаев ауылындағы №64 сайлау учаскесінде алтын және күміс алқа иегерлері дауыс берді. Әулеттің берекесін кіргізіп, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болып жүрген ардақты аналар өз таңдауларын жасап, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Қазалы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері де белсенді қатысты. Мекеме қызметкерлері Қазалы қаласындағы №16 мектепте орналасқан №67 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Қазалыдағы су шаруашылығы саласының мамандары да белсенді атсалысты. «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің қызметкерлері өздерінің азаматтық таңдауын жасап, сайлау учаскесіне барып дауыс берді.
Бұл күні Қазалы ауданындағы жастар да азаматтық белсенділігін танытып, сайлау учаскелеріне көптеп келді. Саяси науқанға белсенді қатысып жатқан жастардың қарасы қалың болды. Соның бір дәлелі №61 сайлау учаскесінде бір мезетте, сайлаудың бастапқы уақыттарында 30 жастың дауыс беруі.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары да қоғамдық-саяси өмірден шет қалмай, маңызды шараларға белсенді қатысып келеді. Құрылтай сайлауында еңбек жасақтарының жастары өз таңдауын жасап, дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін танытты.Жастар үшін дауыс беру – тек сайлау учаскесіне барып, таңдау жасау ғана емес, елдің ертеңіне деген жауапкершілікті сезіну.
Аудандағы жедел жәрдем қызметкерлері де белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.Күнделікті халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін тынымсыз еңбек ететін ақ халатты жандар кезекшілік кестесіне қарамастан, азаматтық міндетін орындап, дауыс беруге атсалысты.
Сондай-ақ, 18 жасқа толған жас сайлаушылар да өз таңдауын жасады. Оларға арнайы сый-сияпаттар табысталды. Биыл аудан бойынша 18 жасқа толған 1413 жас алғаш рет сайлау учаскесіне келіп, азаматтық құқықтарын пайдаланып, ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіруге құқылы. Алғашқы рет дауыс беру – жас азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласуындағы маңызды қадам. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің бастауын айқындайтын ерекше сәт.
Сонымен қатар Жамбыл Жабаев атындағы №234 орта мектепте орналасқан №62 сайлау учаскесінде «Құрылтай – елдік пен бірліктің бастауы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.Аудандық орталықтандырылған кітапхананың бастамасымен өткен рухани-танымдық шараның негізгі мақсаты – оқырман қауымға қазақ халқының тарихи дәстүрі мен елдік құндылықтарын кеңінен насихаттау. Кітап көрмесінен Қазақ хандығының тарихы, қазақ қоғамындағы құрылтай дәстүрі, ел басқару жүйесі, ұлттық бірлік пен ынтымақ тақырыптарын қамтитын әдебиеттер орын алды. Көрме арқылы келушілер халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан елдік мұрасы мен бірлікті ту еткен дәстүрлері туралы мағлұмат алды.
Тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында тегін такси қызметі де ұйымдастырылды. Азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетіп, өз таңдауын жасауына мүмкіндік беретін бұл бастама тұрғындар үшін үлкен қолдау болды.
Аудандағы сайлау учаскелерінде сайлаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында «Бауырсақ пати» ұйымдастырылды. Дауыс беруге келген тұрғындар ұлттық тағамымыз бауырсақтан дәм татты.
Қазалы аудандық ауруханасында ем алып жатқан тұрғындар да ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасады. Денсаулығына байланысты стационарда жатқан азаматтарға дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылып, олар азаматтық белсенділігін танытты.
Қазалы ауданындағы бірқатар сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген тұрғындар үшін спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сайлаушылар саяси науқанға қатысып қана қоймай, түрлі спорттық сайыстарға қатысып, белсенділіктерін танытты. Ұлттық және спорттық ойындар тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сайлау учаскелеріндегі қоғамдық белсенділіктің артуына ықпал етті.
Сыр бойындағы сырлы өлкенің өзіндік бренді қалыптасып, бүгінде жұртшылыққа кеңінен танылған өнімдеріміз ауданның абыройын асқақтатып келеді. Қазалының брендіне айналған «Қазалы кәмпиті», «РЗА» сүт өнімдері мен «Мерей» күріші – жергілікті кәсіптің ғана емес, ел еңбегінің, берекелі тіршіліктің көрінісі. Әрқайсысының артында маңдай термен жасалған еңбек, сапаға деген талпыныс және туған жерге деген мақтаныш жатыр.
Бұл жолы Қазалы бренді Құрылтай сайлауында да ерекше көрініс тапты. Сайлау учаскесіне аталған танымал өнімдердің бейнесін айшықтайтын арнайы киімдегі аниматорлар келіп, дауыс беріп, көпшілік назарын өздеріне аударды. Саяси маңызды шарада Қазалының төл брендтерінің насихатталуы – туған жердің жетістігін танытудың, жергілікті өнімге деген құрметті арттырудың үлгісі.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде 300-ші, 500-ші, 1000-шы және өзге де белсенді дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар беріліп, ерекше ықылас көрсетілді. Мұндай бастама тұрғындардың сайлау үдерісіне белсенді қатысуына серпін беріп, ел өміріндегі маңызды саяси науқанды ерекше көңіл күймен өткізуге ықпал етті.
Сайлауға орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер өздері өндірген ет, сүт өнімдері, көкөніс, бақша өнімдері және басқа да азық-түліктерді тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынды.Шараның басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі табиғи өнімдермен қамтамасыз ету, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және маңызды күннің көркін арттыру. Жәрмеңкеге келген тұрғындар жаңа өнімдерді сатып алып, шаруалармен тілдесіп, ауыл еңбеккерлерінің еңбегіне ризашылықтарын білдірді. Осындай игі бастамалар ел бірлігін нығайтып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жарқын көрінісі болды.
Дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше көңіл-күйде болды. Сайлау учаскелерінде өнерпаздар ән шырқап, күй шертіп, ұлттық өнеріміз ұлықталды. Келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды.Әр учаскедегі мұндай игі бастамалар сайлау күнін елдік мерекенің ерекше бір көрінісіне айналдырып, тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күймен азаматтық белсенділігін танытуына ықпал етті.Қош. Белсенділік жоғары нәтижеде болған науқанның қорытындысы қандай?
Орталық сайлау комиссиясы ел тарихында тұңғыш рет өткен Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. 24-тамыздағы түске дейінгі шыққан мәліметтер бойынша, саяси науқанда 9 миллион 351 мыңнан аса адам таңдау жасады. Бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 74,08%-ы. Ел тағдырын айшықтайтын күнде шетелде жүрген отандастарымыз да таңдау жасады.
Халық таңдауы мынадай: Әділет партиясын 6 жарым миллион адам жақтап дауыс берген. Бұл электораттың 71,17%-і. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 469 058 немесе 5,11%. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясына 97 751 сайлаушы дауыс берген яғни 1,07%. Қазақстан халық партиясы 285 395 немесе 3,11%. «Ауыл» партиясын 574 621 адам қолдаған, пайызға шаққанда бұл – 6,26%. Ал «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясын 478 083 таңдаған немесе сайлаушылардың 5,21%-ы. Сондай-ақ «Республика» партиясына халықтың 5,56%-ы немесе 509 631-і дауыс берген. Ал таңдау жасаған электораттың 2,51% – «Бәріне қарсы» екенін білдірген. Осы нәтижеге сүйенсек, саяси науқанға қатысқан 7 партияның бесеуі 5%-дық межені еңсерді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаудың түпкілікті қорытындысы бірнеше күннің ішінде жарияланатынын мәлімдеді. Айта кетейік, бір палаталы жоғары заң шығарушы органның 145 мандаты үшін 7 партияның 545 кандидаты бақ сынады. Саяси ұйымдарға қанша мандат бұйыратыны әзірге белгісіз. Құрылтай депутаттары Орталық сайлау комиссиясының соңғы қорытындысы шыққан соң анық болады.
Дауыс беру барысын қазақстандық 51 мыңнан астап ұлттық байқаушы, 777 халықаралық байқаушы бақылаған. Сондай-ақ саяси науқан барысынан 1852 отандық, 117 шетелдік масс-медиа өкілдері ақпарат тартатты.
Айнұр ӘЛИ




25 тамыз 2026 ж. 43 0

Қазақтың келіндері

25 тамыз 2026 ж. 34

Алданазар бидің шешімі

25 тамыз 2026 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31