Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнердің өрісін кеңейткен

Өнердің өрісін кеңейткен

Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі – елдің рухани өмірімен біте қайнасқан, талай буынның өнерге қанат қаққан қасиетті қара шаңырағы. Қырық бес жылдан бері ауыл жұртын өнер мен мәдениетке ұйыстырып келе жатқан мәдениет ошағы бүгінде де шығармашылық ізденістің, ұлттық құндылық пен ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауына айналып отыр.

Қара шаңырақтың қалыптасу жолы
Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілді. Сол күннен бастап бұл ғимарат ауылдың мәдени-рухани тынысының өзегіне айналды. Мұнда талай мерекелік шара өтіп, өнерге талапты жастардың талабы ұшталып, ауыл сахнасында талай өнерпаздың тұсауы кесілді.
Мәдениет үйінің алғашқы директоры Жанділдә Баймұратов болды. Ол ауылға өнердің шырағын жағып, мәдениет ошағының жұмысын жандандыруға айрықша еңбек сіңірді. Алғаш қызметке келген күннен-ақ ауыл өнерпаздарын маңына топтастырып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды.
Сол алғашқы шығармашылық ұжымның қатарында Рыскүл Еріш, Жұмабек Табынбаев, Ерлан Ахметов, Орын Есқали, Нәзи Қоғашов, Бақыткүл Айниязова, Аққыз Нұрғалиева, Мейрамбек Тілеубергенов сынды өнерге жақын азаматтар болды. Олар ауыл мәдениетінің алғашқы керегесін бірге керіп, кейінгі өнер ұжымдарының қалыптасуына жол ашты.
1982 жылы мәдениет үйі жанынан драма үйірмесі құрылды. Сахна өнеріне қызығушылық танытқан ауыл азаматтары бір үйірмеге топтасып, түрлі қойылымдар дайындай бастады. Ұжымның еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін көрсетті. Аудандық көркемөнерпаздар байқауында І орынға ие болған ауыл өнерпаздары бұл жетістігін 1983 жылы да қайталады.
Мәдениет үйінің сол жылдардағы жұмысы аудан көлемінде де жоғары бағаланды. 1983 жылғы жыл қорытындысы бойынша мәдениет үйі аудандық мәдениет бөлімінің Қызыл Туымен марапатталды.
1985 жылы мәдениет ошағының озық іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылды. Сол жылы мәдениет үйінің екінші қабатына кино аппараты орналастырылып, ауыл тұрғындарының кино көруіне мүмкіндік туды. Алғаш кино механигі болып Қанзада Қарабураева еңбек етсе, кейін бұл қызметті Жаңабай Төлешов атқарды.
Мәдениет үйінің жетістіктері мұнымен тоқтаған жоқ.
1986 жылы ұжым ВЦСПС, ЦК ВЛКСМ және КСРО Мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталды.
1987 және 1990 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің ауыспалы Қызыл Туын иеленді.
Сол кезеңде аудандық «Жастар одағы» ұйымы мәдениет ошағының жұмысына қолдау көрсетіп, оны дыбыс күшейткіш құралдармен жабдықтады. Бұл ауыл өнерпаздарының шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, сахналық жұмыстардың сапасын арттыруға ықпал етті.
Халық театрына бастар жол
Мәдениет үйінің тарихындағы ең жарқын белестердің бірі – драма үйірмесінің халық театры деңгейіне көтерілуі.
1991-2000 жылдары мәдениет үйін Толағай Дүңкеев басқарды. Осы кезеңде драма үйірмесі «Халықтық ұжым» атағын иелену жолында көптеген қойылымдар әзірлеп, көрерменге ұсынды.
Ұжымның шығармашылық мүмкіндігін айқын танытқан айтулы оқиға – 1989 жылы Арал қаласында өткен республикалық аймақтық халық театрлары байқауы. Байқауда Жанқожа батыр ауылының драма үйірмесі О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» драмалық дастанын сахналады.
Өнер додасына қазақтың алғашқы режиссерлерінің бірі, театр өнерінің майталманы Асқар Тоқпанов бастаған беделді қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар құрамында қазақ би өнерінің көрнекті өкілі Шара Жиенқұлова мен халық әртісі Бекен Римова да болды.
Ауыл өнерпаздарының қойылымы жоғары бағаланып, драма үйірмесі «Халық театры» атағына ұсынылды. Ал 1992 жылы бұл атаққа ресми түрде ие болды.
Бұл биік белестің артында үлкен еңбек тұрды. Әсіресе сол кездегі мәдениет үйінің директоры әрі драма үйірмесінің жетекшісі Жәнділдә Баймұратовтың еңбегі айрықша. Ол ауыл өнерпаздарын бір арнаға тоғыстырып, сахна мәдениетін қалыптастыруға, қойылымдардың көркемдік деңгейін көтеруге бар күшін жұмсады.
«Қарақұм трагедиясы» спектаклінде Дәулет рөлін Нұрғабыл Әлжанов, Жамал рөлін Аманбике Бекбаулова, Омар рөлін Жұмабек Табынбаев, автор рөлін Салмахан Насыров сомдады. Көпшілік көріністерге Толағай Дүңкеев, Қыдырбай Ақбергенов, Нұрбай Көкенов қатысты.
Осылайша ауыл сахнасында өнер көрсеткен қарапайым өнерпаздар республикалық деңгейдегі театр додасында өз шеберлігін танытып, Жанқожа батыр ауылының театр тарихына алтын әріппен жазылған белесті бағындырды.
Сахнадағы шығармашылық сабақтастық
«Халық театры» атағын алғаннан кейін де шығармашылық ізденіс толастаған жоқ. Театр сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», Қ.Мырза-Әлидің «Қасқыр қақпан», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» шығармалары сахналанды.
Жергілікті авторлардың шығармаларына да ерекше мән берілді. Ж.Баймұратовтың «Қиянат», «Ақталмаған үміт», «Шыны қақпан», Б.Тәжімбетовтің «Алыстағы ауылда» атты драмалары көрерменнің ықыласына бөленді. Бұған қоса көптеген бір актілі спектакльдер дайындалып, ауыл жұртына ұсынылды.
Халық театры облыстық байқауларға тұрақты қатысып, өз атағын абыроймен қорғады. 2003 жылы Қармақшы ауданында З.Шашкиннің «Ақын жүрегі» драмасы сахналанса, 2005 жылы Қызылорда қаласында Ж.Баймұратовтың «Ақталмаған үміт» драмасы қойылды.
2007 жылы «Қиянат» драмасы көрермен назарына ұсынылды. Ал 2009 жылы О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» трагедиясы заман талабына бейімделіп, сахналық нұсқада қайта жаңғыртылды.
Бұл қойылымдардың әрқайсысы ауыл өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін танытып, халық театрының беделін биіктете түсті.
Жас буынның жаңа тынысы
2000-2009 жылдары мәдениет үйінің басшылығына ауыл өнерпазы Ғани Дәрмағамбетов келді. Осы кезеңде халық театрының режиссері қызметін Жанділдә Баймұратов атқарды. Шығармашылық ұжым жас мамандармен толықты.
Солардың бірі – Лаура Дәрмағамбетова. Ол сахнада көптеген рөлдерді сомдап қана қоймай, ән айтып, мәдени шараларды жүргізуге белсене араласты. Кейін режиссерлік қызмет атқарып, халық театрының шығармашылық жұмысына өзіндік үлесін қосты.
Лаура Дәрмағамбетованың режиссерлігімен Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр» спектакльдері сахналанды. Сонымен бірге балаларға арналған ертеңгіліктер, түрлі көріністер мен қойылымдар әзірленді.
Е.Сұлтанбаев, Ғ.Дәрмағамбет, Н.Көкенов, А.Баймұратов, Б.Баймұратов және басқа да өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
Мәдениет үйі жас таланттарға қолдау көрсетуді де дәстүрге айналдырған. Аудандық өнер байқауларында топ жарып жүрген жастар бүгінде осы мәдениет ошағының мақтанышына айналып отыр.
Солардың бірі – Қаршыға Қалымбетов. Бала кезінен өнерге жақын болып, түрлі байқауларда жүлде алған ол бүгінде өзі өнер жолын бастаған мәдениет үйінде еңбек етіп, халық театрының суретшісі ретінде шығармашылық ұжымның жұмысына үлес қосып келеді.
Бүгінгі беталыс
2010 жылдан бері мәдениет үйінің директоры қызметін Марат Жаңабайұлы Жақсылықов атқарып келеді. Көркемдік жетекші Ғалия Алдамұратова мен әдіскер Тұрар Айсауытов та ауыл жастарының өнерін шыңдап, мәдени шаралардың мазмұнды өтуіне еңбек сіңіріп жүр.
Бүгінде Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі – ауылдың мәдени өмірінің негізгі орталығы. Мұнда мерекелік және мәдени-көпшілік шаралар, балаларға арналған бағдарламалар, өнер байқаулары мен сахналық қойылымдар тұрақты ұйымдастырылады.
Мәдениет ошағының материалдық базасын нығайту бағытында да жұмыстар атқарылған. 2014 жылы 23 млн 848 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 2020-2021 жылдары 10 млн 850 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Мәдениет үйі қатты отынмен жұмыс істейтін екі бу қазандығы арқылы жылытылады. 2015 жылы музыкалық аппаратура алынған. Қазіргі таңда оның тозығы жеткенімен, мәдени шараларды өткізу барысында пайдаланылып келеді. Көрермендер залы 100 орынға арналған.
Мекемеде 10 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 4 маманның жоғары білімі, 2 қызметкердің арнаулы орта білімі бар. Жалпы штат саны – 8,5 бірлік.
Мәдениет ошағының ішкі-сыртқы безендірілуі де тұрақты назарда. Бөлмелер тақырыпқа сай безендіріліп, айтулы күндер мен мерейтойларға арналған стенділер жасалады. Әктеу, сырлау секілді ағымдағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді.
Алты айдағы ауқымды жұмыс
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында мәдениет үйінде тәрбиелік мәні жоғары 28 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, оған 1655 көрермен қамтылды. Сонымен бірге аудандық деңгейдегі екі байқау өткізілді.
Мәдениет үйінің жылдық бюджеті 45 миллион 486 мың теңгені құрайды. Ақылы қызмет көрсетудің жылдық жоспары 500 мың теңге болса, оның қаңтар-маусым айларындағы орындалуы 240 мың теңгеге жетті.
Жыл басынан бергі маңызды жобалардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі композитор, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Бала дауысы» аудандық жас әншілер байқауы. Өнер додасында жанқожалық жас өнерпаз Торғай Сұлтан Бас жүлдені иеленіп, ауыл мерейін үстем етті.
27 наурыз – Халықаралық театр күніне және белгілі кинодраматург, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің 80 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» атты аудандық драма үйірмелері байқауы ұйымдастырылды. Бұл шара сахна мәдениетін қалыптастыруға, актерлік шеберлікті дамытуға серпін берді.
Мәдениет үйінде 2025 жылдың қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Көркемдік кеңестің отырысы өтіп, шығармашылық ұжымның алдағы міндеттері айқындалды.
Қоғамдық-саяси және рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
«ART уақыт» бағыты аясында Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Жырлайды жүрек» көркемсөз оқу сайысы өтіп, оған 47 талапкер қатысты. Байқауда Айым Кенжебекқызы І орын иеленсе, бірқатар жас өнерпаз ІІ және ІІІ орындармен марапатталды.
Мәдениет үйінің жұмысы тек сахна өнерімен шектелмейді. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу бағытында да тағылымды шаралар өткізіліп келеді.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, ауылдың аяулы аналары мен аруларына құрмет көрсетілді.
«Жанұя шуағы» бағыты аясында мекемеаралық келіндер байқауы өткізіліп, қатысушылар тапқырлығы мен өнерін, ұлттық салт-дәстүрге деген құрметін көрсетті. Бас жүлдені мектеп ұжымы атынан қатысқан Сейтжанова Гүлназ иеленді.
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінде «Наурыз, рух тірегі!» атты театрландырылған салтанатты шара өтіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды, ән мен би үйірмелерінің концерттік бағдарламалары ұсынылды.
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай мәдениет үйінің қызметкерлері ауыл аумағындағы тарихи-мәдени нысандардың айналасын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлігіміз жарасқан» концерті, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Мың тағзым – Ұлы Жеңіске» тарихи-танымдық кеші, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Мәдениетім – мәртебем» концерті де көпшіліктің көңілінен шықты.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Азапты жылдар жаңғырығы» атты тағылымды шара ұйымдастырылды.
Ал «Көңілді жаз» концерттік бағдарламасы Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс саябағында аудан тұрғындарына ұсынылды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалық шақтан болашаққа» атты мерекелік шара өткізіліп, өнерлі бүлдіршіндер өз қабілеттерін көрсетті.
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Рәміздер – рухымыз, ар-ожданымыз» атты дөңгелек үстелде мемлекеттік рәміздердің ел тарихындағы және ұлттық бірегейліктегі орны сөз болды.
«Кино TIME» бағыты аясында қазақ халық ертегілері негізінде түсірілген мультфильмдер топтамасының көрсетілуі де балалардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Өнердегі өрелі жетістіктер
Бүгінде мәдениет үйінде бес шығармашылық үйірме тұрақты жұмыс істейді. Оларға барлығы 63 қатысушы қамтылған.
Би үйірмесіне 16, халық театрына 15, домбыра үйірмесіне 8, «Асыл әжелер» ансамбліне 9, ән үйірмесіне 15 өнерпаз қатысады.
Бұл үйірмелердің басты мақсаты – ауыл жастары мен оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру және сахналық шеберлігін шыңдау.
Жүйелі жұмыстың нәтижесі де айқын. Үйірме мүшелері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Қазалы қалалық мәдениет үйі ұйымдастырған әнші, өнер қайраткері, жерлесіміз Мәдина Әйімбетованың 85 жылдығына арналған «Қазалы дауысы» вокалды топтар байқауында халық театрының өнерпаздары Қалайбай Ернұр мен Кемал Фарида Алғыс хатпен марапатталды.
Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел» аудандық әншілер байқауында «Шабыт» дуэті ІІІ орын иеленді. «Әсем үн, маржан сөз» аудандық жүргізушілер байқауында Сейтжанова Гүлназ Алғыс хатқа ие болса, «Шарықта, қазақ дауысы» байқауында Қосуақ Құралай ІІ орыннан көрінді.
«Ән қанатында» аудандық әншілер байқауында Жетес Нұрдәулет Бас жүлдені иеленді. Ал «Бала дауысы» байқауында Торғай Сұлтанның Бас жүлде алуы – жас таланттың ғана емес, оны тәрбиелеп отырған мәдениет ошағының да мерейі.
Көркемсөз жанрында да жетістіктер аз емес. Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Сырдан басталған жыр жолы» байқауында Ерғабыл Әлия ІІІ орын иеленді. Ол республикалық «Мәңгі жаңғырған Ұлы Далам» рухани-патриоттық өнер байқауында І орын, «Dostyq Fest 2026» өнер байқауында Бас жүлде алды. Ташкент қаласында өткен ХІ халықаралық «Жеті өнер» байқауында да «Көркемсөз» жанры бойынша Бас жүлдеге ие болды.
Би өнерінің өкілдері де биіктен көрінді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – рухтың биі» аудандық қойылымдық би байқауында «Өрнек» би тобы І орын алса, «Көркем-ай» би тобы Алғыс хатпен марапатталды.
Ертуған Жанерке Қызылорда қаласында өткен халықаралық Мұқағали Мақатаев оқуларында «Көркемсөз» жанры бойынша ІІ орын иеленді.
Ән мен домбыра үйірмелерінің жетістігі де көңіл қуантады. Облыстық «Бозторғай» конкурсында Торғай Сұлтан Бас жүлдені иеленіп, Жетес Нұрдәулет пен Қалабай Айзия Алғыс хат алды. Ал халықаралық «Бозторғай» конкурсында Торғай Сұлтан Дипломант атанды.
Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуде аға буын өкілдері де белсенді. Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші Өмірзақ Ахметовтың 105 жылдығына арналған «Батаның берер берекесі» аудандық батагөйлер сайысында ауыл ақсақалы Медеубай Қожас І орын иеленді. Кейін облыстық «Ақ баталы абыздар» байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Өнердің бастауы балалық шақтан қалыптасатыны белгілі. Осы бағытта мәдениет үйінің білім беру ұйымдарымен шығармашылық байланысы да нығайып келеді.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйі ұйымдастырған «Әнші болғым келеді» аудандық ән байқауында №24 «Жауқазын» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері жүлделі орындардан көрінді. Ләйлә Жұмағали мен Айлин Болат Бас жүлдеге ие болса, өзге қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталды.
Ал аудандық «Би елге құт» суретшілер байқауында Аида Балабаева «Талантты суретші» номинациясын иеленді.
Түйін: Қош, кезінде ауыл өнерпаздарын бір арнаға тоғыстырған қарапайым мәдениет ошағы бүгінде талай жас таланттың талабын ұштап, ұлттық өнерді ұлықтап, елдің рухани өміріне серпін беріп отырған тағылымды шаңыраққа айналды.
Қырық бес жыл уақыт ішінде бұл сахнадан талай буын түледі. Бірі әнімен жүрекке жол тапса, бірі биімен ұлттық болмыстың бояуын танытты, енді бірі театр сахнасында тағдырлы образдарды сомдап, көрерменге ой салды. Мәдениет үйінің ғұмыр жолына көз салсаңыз, мұнда өнер мен өмірдің, дәстүр мен жаңарудың, аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын айқын аңғарасыз. Бүгінгі жетістіктер – кешегі еңбектің жалғасы, ертеңгі үлкен белестердің бастауы болары анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
25 тамыз 2026 ж. 37 0

Қазақтың келіндері

25 тамыз 2026 ж. 34

Алданазар бидің шешімі

25 тамыз 2026 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31