Қазақстанда міндетті сақтандыру құны жүргізушілердің жеке қасиеттері бойынша бағаланбақ
Қазақстанда міндетті автосақтандыруды есептеу принципін өзгерту жоспарланып отыр. Болашақта полис құнына көлік қана емес, оның иесінің жүргізу мәнері де әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Tengri Auto.
Міндетті автосақтандыру жүйесін реформалауды Мемлекет басшысы тапсырған болатын. Ұсыныстар Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына кірді. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру нарығының қатысушыларымен және сарапшылармен бірлесіп дайындады.
Реформаның мәні – сақтандыру құны нақты бір жүргізушінің сақтандыру тәуекеліне көбірек тәуелді болуы керек.
Полис құны қалай есептелмек?
Сақтандыру компанияларына жеке скоринг жүйелерін пайдалану ұсынылады. Олар жүргізушінің тәуекелін Бірыңғай сақтандыру базасы мен мемлекеттік дерекқорлардан алынған мәліметтер негізінде бағалайды.
Анықтама. Скоринг - бұл әртүрлі мәлімет бойынша адамның немесе объектінің қаншалықты тәуекелді екенін анықтайтын бағалау жүйесі.
Есептеу кезінде мына факторлар ескерілуі мүмкін:
- сақтандыру төлемдері мен шығындар тарихы;
- Жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) бұзу деректері;
- жүргізу мәнері;
- жасы мен жүргізу өтілі;
- көліктің жүріп өткен жолы;
- оны пайдалану режимі;
- пайдаланылатын өңір.
Бұл ретте сақтандырушы өз бетінше бағалау жүйесін ойдан шығара алмайды. Скоринг модельдер алдын ала тестілеуден өтіп, кейін тұрақты түрде тексеріліп тұруы тиіс. Есептеу әдістемесі құжатпен бекітіліп, сақтандыру тәуекеліне қатысты факторларды ғана ескеруі керек.
Сонымен қатар сақтандыру компаниясы клиентке оның полисі неге дәл осындай бағада екенін түсіндіруге міндетті болады. Жүргізуші бағаға әсер еткен негізгі факторларды біліп, бағалау нәтижесіне шағымдана алады.
Тәуекел деңгейі төмен жүргізушілер үшін жағдай тиімдірек болуы мүмкін. Ал апатқа жиі ұшырайтындар үшін сақтандыру құны, керісінше, қымбаттауы ықтимал.
Алғашқыда айырмашылық көп болмайды
Бірінші кезеңде скорингтің әсерін қолданыстағы тарифке қатысты минус 20-дан плюс 20 пайызға дейінгі аралықта шектеу жоспарланып отыр.
Яғни, жаңа жүйе сақтандыру құнын төмендетуі де, жоғарылатуы да мүмкін, бірақ алғашқы кезеңде бұл ауытқу 20 пайыздан аспайды.
Егер скоринг объективтілігін көрсетсе, кейін бірыңғай тарифтік дәлізге көшу көзделген. Осы дәліз аясында сақтандыру компаниялары полис құнын өз бетінше белгілей алады.
Бұл дәліздің шегін реттеуші орган тәуелсіз актуарлық бағалау негізінде анықтайды. Сондай-ақ оларды нарықтағы жағдайға байланысты тұрақты түрде қайта қарап отыру жоспарланған.
Жол апатынан кейінгі төлемдерді де жаңаша есептемек
ҚНРДА қосалқы бөлшектердің, шығыс материалдарының және автокөлікті жөндеу жұмыстарының құны көрсетілген бірыңғай анықтамалық жасауды ұсынады.
Қазіргі уақытта шығынды бағалау әртүрлі болуы мүмкін. Бірыңғай анықтамалық есептеулерді бірізді және көлік иелері үшін түсінікті етуі тиіс.
Мұндай анықтамалыққа кім жауапты болатыны әлі шешілген жоқ. Нұсқалар арасында – сақтандырушылардың өзін-өзі реттейтін ұйымы, сақтандыру омбудсмені, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры немесе Бірыңғай сақтандыру деректер базасы бар.
Неге жүйені өзгертпекші?
ҚНРДА мәліметінше, 2021 жылдан 2025 жылға дейін міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйақылары 82-ден 118 миллиард теңгеге дейін немесе 44 пайызға өсті.
Осы уақыт ішінде төлемдер әлдеқайда қарқынды өсіп, 38-ден 106 миллиард теңгеге жетті, яғни 179 пайызға артты. Шығын коэффициенті 51 пайыздан 106,8 пайызға дейін көтерілді.
Агенттік бұл жағдайды апаттың жиілеуімен және жөндеу жұмыстарының қымбаттауымен байланыстырады. Техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметі мен қосалқы бөлшектердің құны 2021 жылдан 2025 жылға дейін 65 пайызға өскен.
Әзірге бұл тек реформа жобасы ретінде қарастырылып отыр. Ұсыныстар әлі міндетті автосақтандырудың жаңа ережелеріне айналған жоқ. Оларды жүзеге асыру үшін одан әрі пысықтау және тиісті шешімдер қабылдау қажет болады.











