Сапалы медициналық қызмет
Ауданда тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында кешенді шаралар қолға алынуда. Соның нәтижесінде айтарлықтай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қазалы теміржол ауруханасы заманауи талаптарға сай соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайын. Мұнда жиырма мыңнан астам халыққа қызмет көрсетудің мүмкіндігі бар. Соның ішінде көптеген ауру түрінің емделуіне септігін тигізетін оттегімен емдейтін барокамера жұмыс істейді. Науқастың денсаулығын жақсартуда көмегі зор жабдықты барынша пайдалану үшін арнайы мамандар даярланған. Шымкент қаласында оқудан өткен қызметкерлер күн сайын 2-3 науқасқа емдік көмек көрсете алады.
Барокамера – сырқатқа шалдыққандарды емдеу үшін арнайы жасалған жабдық. Онда оттегі жоғары қысымда беріледі. Гипербариялық оксигенация (ГБО) деп аталатын бұл әдіс, ағзаға оттегіні көп мөлшерде жұтуға көмектеседі. Осылайша көптеген ауруды емдеуге мүмкіндік береді.
Аталған құрылғыда жоғары қысымда оттегі пайдалану ағзаның тіндерін оттегімен қарқынды түрде байытады. Осы үдеріс жасушалардың өмір сүру қабілетін арттырады. Метаболизмді жақсартады және иммундық жүйені күшейтеді. Науқас камераға кіргенде, қысым біртіндеп көтеріледі. Содан кейін белгілі бір уақыт бойы көп жағдайда 30-120 минут оттекпен тыныс алады.
Адам өміріне маңызды жабдық көптеген ауру мен жағдайларды емдеуде өте тиімді. Атап айтқанда, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы, жарақаттар мен күйіктердің жазылуын жеделдету, инфекциялардың (мысалы, некротикалық фасциит) алдын алу жатады. Сонымен бірге угар, көміртек, химия заттарымен улану және өкпенің созылмалы қабынуы мен псориаз, экзема сынды тері аурулары кіреді.
Зерттеулер бойынша ГБО иммундық жүйені көтеруді және ауруларға қарсы тұруды жақсартады. Оттегінің жоғары концентрациясы ауырсынуды азайтып, қабыну процесін тоқтатуға көмектеседі. Операциядан кейінгі емделу кезеңінде науқастың жазылуын жеделдетеді.
Барокамерамен емделу күрделі процесс және ол дәрігердің ұсынысы бойынша жүргізілуі тиіс. Медициналық аппаратпен емделгенде жағымсыз әсерлер пайда болуы мүмкін. Сол себепті дәрігер мен медициналық персонал қамтамасыз етілуі керек.
Мамандардың айтуынша, барокамерада науқастар шамамен 40-50 минуттай уақыт өткізеді. Угар газымен уланған науқастар қажетті емдеу шараларын 1 сағатқа дейін қабылдай алады. Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасы Қызылорда облысындағы басқа аудандармен салыстырғанда тиімді құрылғымен жабдықталған бірден-бір медициналық мекеме. Емдеу курсы 5-10 сеанстан тұрады және қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Аурухананың гипербариялық оксигенация бөлмесі бірінші қабатта орналасқан. Ол ақылы бөлімнің құрамында халыққа қызмет көрсетеді.
***соңы 4-бетте
Медициналық қызмет көрсету саласында тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында дәрігер Нұрдәулет Серікұлы мен инженер Ерлан Қуантайұлы және мейіркеш Мақпал Жеткербайқызы бар.
– Барокамера арқылы ағзаны жоғары қысымда оттегімен байыту арқылы әртүрлі ауруды емдеу мүмкіндігі мол. Оның көмегі жүрек, қан тамырлары аурулары, өкпенің созылмалы қабынуы, асқазан-ішек жолдарының аурулары, бауыр дерттері, орталық жүйке жүйесінің аномалиялары, көз аурулары, эндокриндік жүйе аурулары және ұзақ уақыт жазылмай жүрген жарақаттар мен жүктілік кезіндегі патологиялық жағдайларға да қолданылады, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының невропотолог дәрігері Нұрдәулет Серікұлы.
Сонымен қатар барокамерамен емделуге болмайтын аурулардың кейбір түрі бар. Олар – эпилепсия, пневмония, өте жоғары артериялық қысым, жоғарғы тыныс алу жолдарының қабынуы.
– Барокамерамен өткізілетін емдік сеанстарда науқастарға қолайлы жағдайлар жасалады. Науқастар ГБО (гипербариялық оксигенация) сеанстарын жақсы көтереді. Қолданылатын әдістемелар мен тұрақты бақылау арқылы жағымсыз әсерлердің жоқтығына кепілдік беріледі, – дейді Нұрдәулет Балдақов.
Бұл әдіс әдетте ірі қалаларда және облыс орталықтарында қолданылады. Осыған орай Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетов ауданның жағдайында алысқа ақша шығындамаудың тиімді жолдарын қарастырып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануда.
Қазіргі заманғы медицинаның дамыған технологияларының бірі саналатындықтан азаматтардың денсаулығын нығайтуда үлкен рөл атқарады. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері науқастарды емдеу мен оңалту кезінде оңтайлы технологияны қолдану арқылы көптеген адамның өмірін жақсартуға мүмкіндік алады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














