Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект – білім берудің жаңа мүмкіндіктер кеңістігі

Жасанды интеллект – білім берудің жаңа мүмкіндіктер кеңістігі

Заманауи білім кеңістігі ұстаздан жаңашылдықты, үздіксіз ізденісті және технологияны тиімді меңгеруді талап етеді. Жақында Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей алаңында оқу-тәрбие бағытындағы озық тәжірибелерді ортаға салып, кәсіби пікір алмасуға бағытталған «Жасанды интеллект және инновация: шекарасыз білім беру кеңістігіндегі педагогтің жаңа келбеті» атты тәжірибе алмасу фестивалі өтті.

Бүгінде білім беру саласы бұрынғы қалыппен шектелмей, цифрлық технологиялармен біте қайнасқан жаңа кезеңге қадам басқаны жан-жақты жеткізілді. Әсіресе жасанды интеллектінің білім беру үдерісіне енуі мұғалімнің жұмыс тәсіліне ғана емес, сабақтың мазмұны мен оқушының білім алу мүмкіндіктеріне де жаңа серпін беріп отыр. Осыны назарға алған фестивальдің басты мақсаты – білім беру саласында жасанды интеллектіні жауапты әрі тиімді қолдану жолдарын көрсету, педагогтердің инновациялық шешімдері мен заманауи технологияларды қолданудағы тәжірибесін бір алаңда таныстыру.
Фестиваль барысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудан бастап, жалпы орта білім берудің түрлі пәндеріне дейінгі бағыттарды қамтыған бірқатар жоба, авторлық бағдарлама мен педагогикалық идея көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның алғашқы таныстырылымдарының бірі – №97 орта мектептің БӘД пәні мұғалімі Амантай Ахша ұсынған «БӘД пәні мұғаліміне арналған цифрлық әдістемелік қор» сайты болды. Жасанды интеллект – білім берудегі жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Цифрлық ресурс алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету, үздік тәжірибелер мен авторлық материалдарды ортақ пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар педагогтер арасындағы тәжірибе алмасуды жеңілдетіп қана қоймай, қажетті оқу-әдістемелік ресурстарды бір ортаға жинақтаудың тиімді үлгісін көрсетеді.
Ал №78 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Гүлназия Сейталы «Қызығушылықтан шығармашылыққа дейін: музыка сабағындағы мүмкіндіктер» атты авторлық жобасын таныстырды. Жобада жасанды интеллект мүмкіндіктерін музыка сабағына тиімді кіріктіру арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту мәселелері қозғалды. Бұл – технологияның тек техникалық пәндерге ғана емес, өнер саласына да тың мүмкіндік әкеліп отырғанының айғағы.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері де өз тәжірибелерін ортаға салды. №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының маманы Әйгерім Өтепберген «Ерте жастан экологиялық тәрбие беру арқылы балалардың табиғатқа қамқорлық жасау дағдыларын қалыптастыру» атты «Жасыл балабақша» жобасын таныстырды. Жобаның өзегінде баланың табиғатты ерте жастан сүюі, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы және күнделікті өмірде қарапайым экологиялық дағдыларды қалыптастыру идеясы жатыр.
Бұл бағыт фестиваль бағдарламасындағы «Экологиялық мәдениет және қоршаған ортаға жауапкершілік» тақырыбымен сабақтасты. Заманауи білім берудің мақсаты – цифрлық сауатты ұрпақ қалыптастырумен қатар, табиғатқа жанашыр, қоршаған ортаға жауапты тұлға тәрбиелеу.
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі Салтанат Мұхашова «Биологиялық процестерді 3D арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» атты цифрлық жобасын ұсынды. Мұндай тәсіл теориялық білімді тәжірибемен байланыстырып, оқушының пәнді қабылдауын жеңілдетіп, 3D технологиялар күрделі биологиялық үдерістерді оқушының көзбен көріп, кезең-кезеңімен түсінуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері де цифрлық өзгерістерден тыс қалған жоқ. М.Матаев атындағы №170 мектеп-гимназияның мұғалімдері Айнагүл Меркеева мен Арай Көшимбетова «Digital Pedagogy in the Age of AI: New Directions for English Language Education» тақырыбында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ағылшын тілін оқытуға кіріктіру жолдарын көрсетті. Бұл бағытта технологияның оқушының тілдік дағдыларын жетілдіруге, қызығушылығын арттыруға және шығармашылық әлеуетін дамытуға берер мүмкіндігі сараланды.
Фестивальдің мазмұнын ұлттық құндылықтар тақырыбындағы жобалар да толықтырды.
Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 орта мектептің технология пәні мұғалімі Жанар Мамайқызы «Ши тоқу» өнері атты авторлық бағдарламасын таныстырды. Ұлттық қолөнерді заманауи білім беру үдерісімен ұштастырған жоба оқушыларға халқымыздың дәстүрлі өнерін үйретумен қатар, шығармашылық, еңбек және цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруды көздейді.
Ал №2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының музыка жетекшісі Гүлнұр Құмарбаева «Мектепке дейінгі ұйымдарда музыка әрекетінде бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» атты үйірме жұмысының авторлық бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама арқылы мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық музыкаға баулу, музыкалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, әуенді-ырғақты қимылдарды жетілдіру көзделген.
№258 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Құралай Егізбаева «Құндылықтар кемесі» атты педагогикалық идеясы да назар аударуға тұрарлық. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру арқылы жан-жақты дамыған, саналы әрі жауапты тұлға тәрбиелеу.
Фестивальде педагогтердің шығармашылық әлеуетті дамытуға бағытталған тәжірибелері де таныстырылды. №226 мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш «Дүлдүлдер алаңы: оқушылардың өзіндік даму дағдыларын қалыптастыру тәжірибесі» атты педагогикалық идеясын ұсынды. Өнер, әдебиет, сахналық мәдениет пен шығармашылық жұмыстарды ұштастыра отырып, оқушының қиялын, қабілетін және өзіндік ізденісін дамыту – жобаның негізгі өзегі.
Математика пәніндегі күрделі тақырыптарды оқушыға түсінікті етіп жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмады. №249 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Ләйлә Құламетова «Математика пәнінен қиындық тудыратын тақырыптарды тиімді меңгерудің жолдары» атты авторлық бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама күрделі математикалық ұғымдарды қарапайым, көрнекі әрі логикалық әдістер арқылы меңгертуге бағытталған.
Тарих пәнін оқытудағы цифрлық мүмкіндіктерді №249 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Аслан Сараман «Digital History: Тарихты тақтадан экранға трансформациялау және интерактивті оқыту трендтері» тақырыбындағы педагогикалық идеясында көрсетті. Жобада VR/AR технологиялары, интерактивті архивтер, мультимедиялық құралдар мен геймификация элементтерін тарих сабағына енгізу арқылы оқушылардың пәнге деген танымдық қызығушылығын арттыру жолдары қарастырылды.
Бұл тәжірибе қазіргі оқушының ақпаратты қабылдау ерекшелігі өзгергенін аңғартады. Бүгінгі білім алушы үшін тарихи деректі тек оқып қана қою жеткіліксіз. Оны көру, салыстыру, виртуалды ортада зерттеу, интерактивті тапсырмалар арқылы бекіту – білімді қабылдаудың жаңа тетіктеріне айналып келеді.
Фестивальдің маңызды бағыттарының бірі – инклюзивті білім беру болды. №276 орта мектептен қатысқан Балгүл Жүніс «Жасөспірім қыздар арасында «жақсы қыз» мінез-құлық моделі және оның мазасыздық пен депрессия симптомдарымен байланысы» атты авторлық бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға арналған дайын тапсырмалар базасы арқылы зейінді оқу дағдыларын қалыптастыру, сенсорлық жүйені реттеу және оқу әрекетіне бейімдеу мәселелері қарастырылды.
Ал №249 мектеп-лицейдің логопеді Шынар Махамбетова «Тіл кемшілігі бар балалардың байланыстырып сөйлеу қабілетін арттырудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты авторлық бағдарламасымен бөілісті. Бағдарлама балалардың сөздік қорын молайтып, сөйлем құрау, өз ойын жүйелі әрі толық жеткізу және коммуникативтік құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Фестивальде ұсынылған жобалардың мазмұны олардың тақырыптары әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ өзек барын аңғартты. Ол – білім сапасын арттыру, оқушының жеке қабілетін ашу және педагогтің кәсіби ізденісін жаңа технологиялармен ұштастыру.
Жасанды интеллектінің білім беру саласына енуі мұғалімнің рөлін жоймайды. Керісінше, ұстаздың міндетін түрлендіріп, оның алдына жаңа талаптар қояды. Бұрын мұғалім үшін негізгі міндет білімді жеткізу болса, қазіргі кезеңде ол білім алушыға дұрыс бағыт беретін, ақпаратты саралайтын, технологияны тиімді пайдаланатын және оқушының шығармашылық әлеуетін ашатын тұлғаға айналып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, фестивальде ұсынылған әрбір жоба – педагогтің жаңаруға деген талпынысының көрінісі. Бірі цифрлық әдістемелік қор қалыптастырса, енді бірі жасанды интеллектіні музыка мен шет тілін оқытуға енгізіп отыр. Бір педагог ұлттық қолөнерді дәріптеуге ден қойса, келесісі 3D технологиялар арқылы биологиялық процестерді түсіндірудің тиімді жолын ұсынады. Тағы бірі тарихи білімді VR/AR технологияларымен толықтыруды көздейді.
Демек заманауи педагог – дайын ақпаратты жеткізуші ғана емес, жаңалықты іздеуші, технологияны меңгеруші, зерттеуші әрі шығармашылыққа жол ашушы маман.
Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен тәжірибе алмасу фестивалі де осы ұстанымның нақты көрінісін көрсетті. Әртүрлі білім беру ұйымдарынан келген педагогтер өздерінің ізденістерін ортаға салып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Мұндай кәсіби алаңдар ұстаздардың өзара үйренуіне, жаңа идеялардың таралуына және білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістердің орнығуына мүмкіндік береді.
Білімнің шекарасы кеңейген сайын педагогтің де мүмкіндігі арта түседі. Ал сол мүмкіндікті баланың игілігіне жарату – бүгінгі ұстаздың басты міндеті. Фестивальдің негізгі идеясы да осында: технология – құрал, ал оның нәтижелі болуы педагогтің кәсіби шеберлігі мен адамдық құндылықтарына байланысты.
Сондықтан жасанды интеллект пен инновация дәуіріндегі білім беру кеңістігінде ең маңызды мәселе – технологиядан қорқу емес, оны дұрыс түсініп, жауапкершілікпен пайдалану. Ал мұндай өзгерістің көш басында үнемі ізденістегі, жаңалыққа ашық, кәсіби дамуды мақсат еткен педагог тұратыны анық.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
25 тамыз 2026 ж. 27 0

Қазақтың келіндері

25 тамыз 2026 ж. 34

Алданазар бидің шешімі

25 тамыз 2026 ж. 35

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31